Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет13/30
Дата22.07.2023
өлшемі2,2 Mb.
#104632
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   30
 
Пионер
 
Үшінші сыныптан біз бесінші сыныпқа бір-ақ аттадық. Сол жылы бізді пионерлікке
қабылдады. Мойынымызға қып-қызыл шытты байлап ап, екі ұшын екі жаққа шығарып қойып,
желбіретіп жүгіріп жүруді қызық көретінбіз.
Сол кездің өзінде пионерліктен қадір кете бастаған еді. Көп ұзамай Кеңес Одағы тарих
сахнасынан түсті. Біздің мойынымыздан ескіріп үлгермеген қызыл галстук шешілді.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
35
 
Жауыздық
 
Ауылда Жексен деген жігіт бар-тын. Өзі шешем жағынан құда бала боп келетін. Сол
жігітпен байланысты бір оқиға көз алдыма орала береді.
Жаздың күні болатын. Кешке қарай үйге ызғытып келе жатырмын. Үйге жетер-жетпес
жердегі терең сайда қап-қара реңге еніп лай өзен ағып жататын.
Сол бір антұрған кеште әлгі өзеннің қасынан жүгіріп келе жатып, жағада отырған Жек-
сеннің үстінен түстім. Істеп жатқан қылмысын көрдім де сілейдім де қалдым. Бір сәтте дәр-
менсіздік бойымды билеп, қалтырап кеткенім есімде.
Әлгі пәтшағар құрықтай ұзын ағаштың ұшына бір қызыл итті арқанмен байлап қойып,
суға тұншықтырып отыр! Әрі содан қаныпезер жігіт рахат тауып отырған сынды. Байғұс иттің
көзі аларып, ауа жетпей, судың бетіне шыққысы кеп, сирақтарымен суды шалпылдатып, жан-
таласып жатыр.
Соны қызық көргендей ана нақұрыс итті кішкене демалдырып алады да, бейшара
жануарды қайтадан суға малады. Ауаға шыққан иттің жанары сондай аянышты, жарығым-ау
десейші, тіпті қынсылап та үлгермей, қайта суға матырылады. Осындай сұмдықты қолыңмен
істемек түгілі, бақылаудың өзі төбе құйқаңды шымырлатып жібереді ғой!
Мұндай қатыгездікке жаным шыдамай, маған арқасын беріп отырған сұмырай Жексенге
тура атылдым. Шашынан екі қолмен ұстап өзіме тартып қап құлаттым. Сол бір сәтте итке
көзім түсті. Тілі салақтап, біткен екен бейшара! Мен көрген жанарында «көрер жарығым бар
екен!» деген үміт ұшқыны жылт етті.
Жексен: «ей, әкеңді… мынау кім-ей?!» – деп атып тұрды. Ол менен 5-6 жас үлкен-ді.
Мұндай дөрекілікті ешкімнен көрмеген мықты, төбелескіш жігіттің көзі әп сәтте-ақ қан-
талап кеткен екен. Сөзге келген жоқ, оң қабақтан салып кеп жіберді. Көзімнің алды жарқ ете
қалды да, сол жағыма баудай түстім. Іш құрылысыма қуатты тепкі жеткенде, көзім қарауытып,
жер аспанға қарай аударылып бара жатты. Сол аударылып-төңкеріліп бара жатқан жердің бір
нүктесінде құрықты әлсіз сүйретіп, жағаға шығып бара жатқан иттің сұлбасы көрініп үлгерді.
Итке айқайлауға шамам жоқ, тек өлуге таяп қалған мақұлыққа «кет, қаш!» дегендей
қолымды ишара қып сермей беріппін. Менің ишарамды түсінгендей ит құрықты сүйретіп,
аулаққа кетпекші де болды. Алайда әбден қалжыраған иттің қашып кетуіне титтей де қуаты
қалмаған екен. Жексен менімен шаруасын бітірді де, итке қарай жүгірді.
Оң көзім жедел ісіп бара жатты. Мұндай таяқты жеп жүргендіктен жабыла бастаған
көзге назар аударғам жоқ, бар ойым ана итті құтқару болатын. Сүйретіліп тұрдым да, қыл-
мысын ары қарай жалғастыруға ерекше қарқынмен кіріскен Жексеннің арқасына секіріп мін-
дім. Оң қолымды мойынына салып, қылқындыруға әрекет қылып жатырмын. Артқа қарай
тарта бастағанда, басын жоғары оқыс көтеріп кеп жіберіп еді, иегіме бассүйегі сақ ете қалды.
Домалап түстім. Ары қарай осындай реттегі алыс-жұлыс бірнеше рет қайталанды.
– Жіберрр, итті жіберрр деймін! Жіберрр итті, оңбаған! – деп тістене ұмтылам Жексенге.
– Ей, кетші-ей бар! Не шаруаң бар бұл итте. Кет әкеңнің-дағы ауызын түген қылайын, –
деп мені қайтадан бет-жүзіме қарамай пергіштеп-пергіштеп жібереді Жексен.
Қанша уақыт өткені белгісіз. Есімді жисам, бет-ауыздан түк жоқ әбден шипам құрып,
жылап отыр екем. Біреу тұрғызып жатыр. Анам болу керек. Өзенде иттің мүрдесі тербеліп
тұрды. Жалма-жан итке қарай ұмтылдым. Біреу қолымнан шап берді де: «Болды, қой! Ол ит
өліп қалды! Болды, болды! Жүр үйге!» – деп жатты…
Бір аптадай жеген таяқтан денем, алған әсерден жаным ауырып селқос жатып қалдым.
Бір кемпірлер кеп ұшықтады, басыма кеп дұға оқыды ма, әйтеуір тірілтіп алған еді.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
36
Кейін сол Жексеннің жолы болмай, анда ұрынып, мында ұрынып түрмеден бірақ шықты
деп естідім. Түрмеден шыққан соң да берекесі болмай, ішкені ірің, жегені желім боп біткен
екен.
Ал мен бала кезімнен бір ортақ заңдылықты байқаған едім. Балықта да, итте де, құста
да, адамда да екі көз, екі құлақ, екі өкпе бар. Бір жүрек, екі бүйрек, бір бас бар. Демек, «бұл
жаратындылардың авторы бір» дейді қарапайым қисын. Ол шебер автор – Құдіреті шексіз
Жаратушы. Авторы бір болса, біз жан-жануармен, өсімдік әлемімен, тау-таспен, микроәлем-
мен, бәрі-бәрі бәрімен туыс-бауырмыз деген сөз.
Жаратқан Ие өз жаратындысын қалай сүйіп жаратса, солай оны сүйіп қорғайды. Кімде-
кім Алланың жаратындысына, ол, мейлі, аң-құсқа болсын, адам не жәндікке болсын, өсімдік
не жансыз тасқа болсын, ерігіп титтей зиянкестік, қала берді, өзінің асына пайдаланудан тыс
көңіл көтеріп, ерігу үшін ғана жануарға жан түршігерлік қаскүнемдік жасаса, ондай адам соған
сәйкес өз зауалын табады. Ондай адам сөзсіз жазаланады. Екі дүниеде де оның сұрауы бола-
тыны ақиқат.
Ешқандай себепсіз, аса бір мұқтаждықсыз тал сындырып, қоңыз өлтіруге ешкім бізге
құқық берген жоқ. Әлгі Жексен өзі жаратпаған дүниеге билік жүргізуге хақысы жоқ екенін
білмей кетті-ау.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
37


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет