Чуваш әдеби тілінің ерекшеліктері



Pdf көрінісі
бет2/5
Дата15.02.2022
өлшемі0,65 Mb.
#25542
1   2   3   4   5
Түйін  сөз:  мемлекеттік,  чуваш,  тіл,  түркі,  бұлғар,  диалект,  әдеби,  зерттеу,  кірме 

сөздер 


 

Чуваш  тілі  –  чуваштардың  ұлттық  тілі,  Чуваш  Республикасының  мемлекеттік  тілі, 

сондай-ақ Чуваш Республикасынан тыс жерде өмір сүретін чуваш қауымының тілі. Чуваш 

тілі өз тілдерінде «чӑваш чӗлхи», «чӑвашла» деп аталады. Әлем тілдерінің генеалогиялық 

жіктелуінде түркі тілдерінің бұлғар тобына (кейбір зерттеушілердің пікірінше, батыс хун 

бұтағына) жатады және осы топтағы жалғыз тірі тіл болып есептеледі.  

Чуваш  тілі  Чувашия,  Татарстан,  Башқұртстан,  Самара,  Ульяновск,  Саратов 

облыстарында, сондай-ақ Орал, Поволжья, Сібірдің басқа да облыстарына, т.б. өлкелерге, 

республикаларға таралған. Чуваш Республикасының мемлекеттік тілі (орыс тілімен бірге) 

болып есептеледі.   

Сөйлеушілер  саны,  2010  жылғы  санақ  бойынша,  1,15  млн  адамға  жуық,  осыдан 

бұрын  2002 жылғы санақта этникалық чуваштардың саны 1 млн 637 мың адам болатын, 

шамамен, оның 55%-ы Чуваш Республикасында тұрады.  

Чуваш әдеби тілі төменгі диалект негізінде қалыптасқан. Әдеби тілдің қалыптасуына 

И.Я.Яковлевтің  қызметі  және  Симбир  чуваш  мұғалімдік  мектебі  (ХІХ  ғасырдың  аяғы) 

үлкен рөл атқарған.    

Чуваш  тілін  лингвистикалық  зерттеу  XVIII  ғасырда  басталған,  1769  жылы  тұңғыш 

грамматика  жарық  көреді  (Вениамин  Пуцек-Григорович).  Чуваш  тілін  ғылыми-зерттеу 

негізін Н.И. Ашмарин (XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басы) қалаған; оны зерттеуге 

И.А. Андреев, В.Г. Егоров, Й.Бенцинг және басқа да зерттеушілер маңызды үлес қосқан.  

Н.И.Егоров чуваш тілі глоттогенезінің үш құрамдас бөлігін көрсетті: 

Қазіргі  жалпыұлттық  чуваш  тілі  ХV  ғасырда  орта  бұлғар  диалектісі  негізінде 

қалыптасты. Глоттогенезде үш негізгі бөлік маңызды орын алады:  

1) орта  бұлғар  тілі  –  негіз  (орта  қыпшақ  кірме  сөздерінің  біршама  бөлігін  сіңірген, 

сонымен қатар моңғол, парсы, арабтан шыққан лексиканы да); 

2) таулы марий субстраты (негізінен, жоғары диалектіде); 

3) чуваш тілінің құрылымдық деңгейінің түрлі дәрежесі  көрінетін қазан-татар және 

мишар тілдерінің тарапынан зор қарым-қатынас әсері [1]. 

Лексикасы  байырғы,  жалпытүркілік  және  кірме  сөздер  қабаттарынан  тұрады. 

Құрамында  моңғол,  иран,  фин-угор,  армян,  грузин,  еврей,  славян  кірме  сөздері  бар. 

Маңызды  бөлігін  шартты  түрде  бұрын  енген  және  жаңадан  енген  деп  бөлінетін  орыс 

тілінен  енген  сөздер  құрайды.  Алғашқылары  дыбыстық  жақтан  чуваш  тілінің 

ерекшеліктеріне  бейімделсе  (пӗрене  –    «бревно»,  кӗрепле  –  «грабли»),  кейінгілері  мүлде 

өзгеріске  ұшырамаған  (делегат,  прогресс)  немесе  аздап  бейімделген  (конституци, 

географи).  Орыс  кірме  сөздері,  негізінен,  терминология  саласына  жатса,  ішінара 

тұрмыстық лексика да (пальто, костюм) кездеседі. 




 

 



Бұлғар-чуваш  тарихындағы  ислам  дәуірімен  (X-XIV  ғасырлар)  байланысты 

лексикасында, әсіресе көне чуваш тілінде және жалқы есімдерде араб-парсы сөздері бар. 

Бірақ қазіргі чуваш тілінде (әсіресе ауызекі сөйлеу тілінде) бұндай сөздер көп кездеспейді, 

сөздіктерде және әдеби тілде ғана қолданылады.  

Б.А.  Серебренников  чуваш  пен  моңғол  тілдерінің,  чуваш  пен  тұңғыс-манчжур 

тілдерінің  лексикалық  қатарларын,  чуваш  тілін  сібір  және  ортаазиялық  түркі  халықтары 

тілдерімен  жақындастыратын  елеулі  сөздер  тобын  көрсете  отырып,  төмендегідей 

қорытындыға  келеді:  «жалпы  түркі  тілдерінің  ыдырауы,  негізінен,  күмәнсіз  Азия 

территориясында  жүзеге  асты,  қайта  қалыптасқан  түркі  тілдерінің  бірі  –  қазіргі 

чуваштардың  ата-бабаларының  тілі,  шамасы,  Байкал  көлінің  ауданында,  әлдебір  моңғол 

тілімен  көрші  тұрды  [2,41  б.].  Одан  ары  ол:  «...қазіргі  чуваштардың  түркітілді  ата-

бабалары  Еуропа  территориясына  барған  алғашқы  түркі  тайпалары  болды,  соңында 

Еділдің  төменгі  ағысындағы  түркі  тілді  қауым  екі  тілге:  бұлғар  және  хазар  тілдеріне 

ыдырады [2,43 б.].  

Бұлғар  және  чуваш  тілдерінің  тығыз  байланыстылығы  күмән  тудырмайды. 

Жазбаларда сақталған аздаған бұлғар сөздері чуваш тілінен өзге түрік тілдеріне  тән емес, 

тек  чуваш  тілінде  ғана  кездесетін  ерекшеліктерге  дәлел  болып  табылады.  Чуваш  тілі 

ежелгі (ІV-ХІ ғғ.) және орта бұлғар (ХІІІ-ХVІ ғғ.) тілдеріне жатады. 

А.В.  Дыбо  сөздер  жиынтығын  зерттеу  және  лексико-статистикалық  мәліметтер 

негізінде  түрік  тілдері  генеалогиялық  тармақтарының  салыстырмалы  хронологиясын 

айқындау  арқылы,  ежелгі  түрік  тілінің  ыдырауы,  әдетте,  бұлғар  тобының  бөлімі  ретінде 

сипатталатын  чуваш  тілінің  бөлінуінен  бастау  алатынын  дәлелдеді.  Генеалогиялық 

тармақтарда  тілдің  тарамдануы  б.з.д.  30-50  жылдарға  сәйкес  келеді.  Ол  бұл  мерзімді 

хунну  тайпасы  бір  бөлігінің  Батыс  Моңғолиядан  батысқа,  солтүстік  Шыңжаң  арқылы 

Оңтүстік  Қазақстанның  Сырдария  аймағына,  б.з.д.  56  ж.  қоныс  аударуымен 

байланыстырады [3,766 б.]  

Итальяндық  тарихшы  және  филолог  Игор  де  Ракевиц  (Igor  de  Rachewiltz)  чуваш 

тілінің  басқа  түрік  тілдерінен  елеулі,  ал  халадж  тілінен  аздаған    айырмашылығы  бар 

екендігін  көрсетті.  Ол  «чуваш  тілі  түрік  тілдеріне  тән  кейбір  жалпы  сипаттамаларға  сай 

келмейді,  дегенмен  оны  кейбір  ғалымдар  түрік  немесе  моңғол  тілдері  секілді,  алтай 

тобының жеке тармағына жатқызады, ал чуваш тілін түрік тілдері тобына қосу – тілдерді 

жүйелеу мақсатымен ымыраға келуден туған шешім», – [4,7 б.] деп түсіндіреді.  

Чуваш тілі қазіргі түркі тілдері: әзірбайжан, башқұрт, гагауз, қазақ, татар, түрікмен, 

өзбек т.б. тілдерден көптеген белгілері бойынша ерекшеленеді.  

Ғалымдар  чуваш  тілін  өте  көне  тілдердің  бірі  және  басқа  түркі  тілдерінен  оның 

ерекшелігі  чуваштардың  ата-бабалары  түркі  әлемінен  ерте  ажырағандығында  деп 

түсіндіреді.  Тек  соңыра  халық  өзінің  тілі  мен  мәдениетімен  этнос  ретінде    қалыптасқан 

соң, ол қайтадан тарихи кезеңдерде түріктермен тығыз қарым-қатынасқа түсе бастайды.      

Чуваш жазуының қалыптасу тарихы 3 кезеңге бөлінеді: 

- ежелгі чуваш жазуы кезеңі (ХVI ғасырға дейін); 

- көне чуваш жазуы кезеңі (ХVIII ғасыр – 1871 жыл); 

- жаңа чуваш жазуы кезеңі іштей екі кезеңді қамтиды: 

1) 1871 – 1917; 

2) 1917 жылдан осы уақытқа дейін.  

Чуваш жазуы тарихының әр кезеңіне сызықтық-графикалық символдар (әріптер мен 

жазудың  әріп  емес  таңбалары)  және  қағазға  немесе  басқа  материалдарға  чуваш  тілінде 

құрастырылған  мәтіндерді,  сөздерді,  хабарларды  жазуға  арналған  тәсілдерді  қамтитын 

жазудың жеке алфавиттік жүйесі сәйкес келеді. Ежелгі чуваш жазуы кезеңінде екі алфавит 

қолданылған: 

- ХІХ ғасырға дейін ішінара сақталған руна жазуы; 

- араб графикасына негізделген әліпби (Х-XV ғасырлар). 



 

 



Көне  чуваш  жазуы  кезеңінде  (ХVIII  ғасыр  –  1871  жыл)  чуваш  сөздерін  жазу  үшін 

чуваш тілі дыбыстарына тән арнайы әріптері болмаған орыс алфавиті қолданылды.  

Жаңа  чуваш  жазуы  кезеңінде  де  (1871  жылдан  – осы  уақытқа  дейін)  әрқайсысы  әр 

түрлі дәрежеде чуваш тілін жазуға бейімделген екі түрлі алфавит қолданыста болды: 

- кириллицаға негізделген чуваш алфавиті; 

- латын жазуына негізделген чуваш алфавиті [5].   

Чуваш тілінде 10 әріппен таңбаланатын 9 дауысты дыбыс (фонема) бар: а, ă, э (е), ĕ, 

и, ы. у, ӳ, о. Дауыссыз дыбыстар саны – 22. Оның ішінде тек қана Ç фонемасына сәйкес 

дыбыс  орыс  тілінде  жоқ.  Бұл  –  ызың,  қатаң  фонема,    орыс  тіліндегі  с'  (сь)  дыбысына 

ұқсайды.  

Чуваш тілі – ерекше жұмсақ тіл. Байырғы чуваш сөздерінде б, г, д, ё, ж, з, о, ф, ц, щ 

әріптері  жоқ.  Бұл  әріптер  тек  орыс  және  шетел  тілдерінен  енген  сөздерді  жазуда  ғана 

қолданылады.  

1871-72 жылдары жаңа жазу пайда болғанша чуваш тілі ауызша қарым-қатынас пен 

халық ауыз әдебиетінің түрлерінде ғана қолданылды. Жазу пайда болғаннан кейін тілдің 

қолданылуы  іс  жүзінде  кеңейді.  1920  жылы  автономия  құрылғаннан  бастап  тілдің 

қолданылу  аясы  елеулі  түрде  кеңейді.  Республика  аумағында  чуваш  тілі,  орыс  тілімен 

қатар, екі ресми тілдің біріне айналды. Барлық аймақта чуваштардың тығыз орналасуына 

байланысты  мектептердегі  оқыту  тілі  (8-сыныпқа  дейін)  болды,  ресми  мекемелерде  осы 

тілде сөйлеседі, іс-қағаздары жүргізіледі, кең ауқымда кітап басылып шығарылады, чуваш 

тілінде  фильмдер  түсіріледі,  театр  сахналарында  осы  тілде  сөйлейді.  Чебоксары,  Қазан, 

Уфа, Самара, Симбирск, Мәскеуде чуваш тілінде газет-журналдар шығарылады.  

ХХ  ғасырдың  30-жылдары  жағдай  күрт  өзгерді.  Чуваш  АССР  Конституциясынан 

чуваш  тілінің  мемлекеттік  мәртебесі  туралы  бап  алынып  тасталынды.  Чуваш 

Республикасынан  тыс  жерлердегі  чуваш  тілінде  шығатын  газет-журналдар  жабылды, 

кинофильмдер  жойылды.  1989  жылғы  санақ  бойынша,  бұрынғы  Кеңес  Одағы 

территориясын  мекендейтін  чуваштардың  төрттен  біріне  жуығы  ана  тілі  ретінде  чуваш 

тілін есептемеді, тіпті Чуваш АССР-індегі ана тілін білмейтін чуваштардың үлесі 15%-ды 

құрады.   

1936  жылдың  13  қаңтарында  –  БКП(б)  облыстық  комитетінің  бюросы  Чувашияның 

барлық  мектептерінің  8-10-сыныптарында  барлық  пәндерді  орыс  тілінде  оқытуға  шешім 

қабылдады. 

1938  жылдың  13  наурызында  КСРО  ХКК  және  БКП(б)  ОК  «Ұлттық  республикалар 

мен  облыстар  мектептерінде  орыс  тілін  оқыту  туралы»  Жарлығына  сүйене  отырып, 

Чувашияның  халық  ағарту  комитеті,  оқу  үдерісінде  орыс  тілінің  рөлін  күрт  арттыру 

бағытында  оқу  жоспарын  өзгертті.  Орыс  тілі  пәні  бойынша  ақпараттар  көлемі 

ұлғайтылып,  сағат  саны  арттырылды.  БКП(б)  және  Чуваш  Автономиялы  Кеңес 

Социалистік  Республикасы  Халық  комиссарлар  кеңесінің  (ЧАКСР  ХКК)  1938  жылы  9 

сәуірдегі  «Чуваш  АКСР  чуваш,  татар  және  мордова  мектептерінде  орыс  тілін  міндетті 

оқыту  туралы»  Жарлығына  сәйкес,    1938  жылдың  1  қыркүйегінен  бастап  республика 

мектептерінде орыс тілін оқыту 2-сыныптан бастап қолға алынды.  

1958 жылдың 24 желтоқсанында «КСРО-да мектеп пен өмір арасындағы байланысты 

күшейту,  білім  беру  жүйесін  одан  ары  дамыту  туралы»  Заң  қабылданды.  Оқушылардың 

ата-аналары балаларын қандай тілде оқытуды өздері таңдау құқығына алғаш рет ие болды. 

Республиканың  көптеген  мектептерінде  ата-аналардың  өтінішімен  оқыту  ана  тілінен 

(орыс тілінен басқа) орыс тіліне жаппай ауыстырылды. 

2007 жылға дейін, жалпы білім берудің мемлекеттік стандартының ұлттық-аймақтық 

компоненті  алынып  тасталынғанға  дейін,  республика  мектептерінде  ана  тілін  (орыс 

тілінен  бөлек)  оқыту  ұлттық-аймақтық  компонент  шеңберінде  жүргізілді.  Чуваш 

Республикасының  бұрынғы  білім  министрі  Г.П.  Черновой  орыстілді  мектептерді 

бітірушілердің  чуваш  тілін  меңгеру  деңгейі  төмен  екендігіне  қарамастан,  2000  жылы 



 

 



«Орыстілді мектептерде чуваш тілін оқыту сағаттарын арттырудың қажеттілігі жоқ», – [6] 

деп атап көрсетті. 

Чуваш  Республикасы  Министрлер  Кабинетінің  1  маусым  2000  жылғы  №109 

қаулысымен бекітілген «Оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі жүйесіндегі Чуваш Республикасы 

ұлттық  мектептерінің  концепциясында»  ұлттық  мектепке  келесідей  анықтама  берілген: 

«Ұлттық  мектеп  –  Чуваш  Республикасының  әр  түрлі  ұлт  өкілдері    қатар  өмір  сүретін 

аймақтарында,  оқушыларды  туған  этномәдени  ортамен  байланыста  дамыту  қағидасына 

негізделген және тиісті ұлттық-аймақтық компонентке сай оқыту бағдарламасын іс жүзіне 

асыратын  жалпы  білім  беру  мекемесі»  [6].  Бұл  құжат  Чуваш  Республикасы  Министрлер 

Кабинетінің 29 маусым 2011 жылғы №263 қаулысымен күшін жойды. 

1993  жылы  28  қаңтарда  қабылданған  «Білім  туралы»  Заңның  2004  жылғы  18 

қазандағы жаңа редакциясына сәйкес, бұл анықтамаға түзету енгізіліп, ұлттық білім беру 

мекемесі деп туған этномәдени ортасына және ұлттық дәстүрлеріне негізделген білім беру 

бағдарламаларын  жүзеге  асыратын  мекемелер  аталатын  болды.  Чуваш  Республикасы 

«Білім туралы» Заңының ең соңғы редакциясында «ұлттық мектеп» ұғымы жоқ.  

1993  жылдың  28  қаңтарында  Чуваш  Республикасының  «Білім  туралы»  Заңы 

қабылданып, онда: «Чуваш Республикасы мектепке дейінгі, жалпы бастауыш және негізгі 

жалпы білім беруді – орыс және чуваш тілдерінде, ал түрлі ұлттардың тығыз өмір сүретін 

аймақтарында, сол ұлттардың туған тілінде білім беруді қамтамасыз етеді» [6], – деп атап 

көрсетілді. 

2005  жылдың 11 қарашасында Чебоксарыда чуваш тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің 

бірінші  конференциясы  өтіп,  оған  Чуваш  Республикасындағы,  Ресей  Федерациясы 

аймақтары  мен  жақын  шетелдерден  300-ден  астам  делегат  қатысады.  Конференция 

нәтижесі  бойынша  Чуваш  Республикасындағы  тілдік  тәжірибе  қолданыстағы  заңнамаға 

қайшы келетіндігі көрсетілген тілдік жағдаят туралы өтініш қабылданады.  

2007


  жылдың  1  желтоқсанында  №309-ФЗ  «РФ  кейбір  заңнамалық  актілерге,  оның 

ішінде мемлекеттік білім беру стандартының құрылымы мен ұғымдарына өзгеріс  енгізу» 

Федеральдық  заңы  қабылданады,  соған  сәйкес  мемлекеттік  білім  беру  стандарты 

институтынан  (федеральды  және  аймақтық  (ұлттық-аймақтық),  сондай-ақ  білім  беру 

мекемесінің  компонентінен)  «федеральды  мемлекеттік  білім  беру  стандарты» 

институтына ауыстырылады.    

Федеральды  мемлекеттік  білім  беру  стандарттары  кемінде  он  жылда  бір  рет 

бекітіледі  және  олар  негізгі  білім  беру  бағдарламаларының  құрамына  деген  талаптарды, 

сондай-ақ негізгі білім беру бағдарламаларының нәтижелерін енгізуді қамтиды. 

2010  жылдың  20  ақпанында  Чуваш  Республикасы  астанасы  Чебоксары  қаласында 

Чуваш  азаматтық  конгресінің  жетекшісі  Н.Е.  Лукианованың  бастамасымен  қоғамдық 

ұйымдар  өкілдерінің  Халықаралық  ана  тілі  күніне  байланысты  ұйымдастырылған  Ресей 

Федерациясы байырғы халықтарының ана тілін сақтау және дамыту мәселелері бойынша 

форумы болып өтті. Форумда 1 желтоқсан 2007 жылғы №309-ФЗ «РФ кейбір заңнамалық 

актілерге, оның ішінде мемлекеттік білім беру стандартының құрылымы мен ұғымдарына 

өзгеріс  енгізу»,  мемлекеттік  білім  беру  стандартынан  ұлттық-аймақтық  компоненттерді 

алып  тастаған  Федеральды  заңының  салдарлары  талқыланды.  Форумға  қатысушылар 

Ресей  халықтары  өкілдерінің  БҰҰ,  Еуроодақ,  әлемдік  БАҚ  басшылығы,  РФ  Президенті, 

Парламенті  мен  Үкіметіне  Үндеу  қабылдады.  Сонымен  бірге  «Ресей  Федерациясы 

халықтарының  ана  тілін  сақтауға,  оны  зерттеу  және  дамыту  үшін  жағдайлар  жасауға 

конституциялық құқығын қалпына келтіру туралы» резолюция қабылданды. 

2010  жылы  Чебоксары  қаласындағы  №10  орта  білім  беретін  мектеп  негізінде 

«Бастауыш  мектепте  чуваш  тілін  интенсивті  білім  беру  арқылы  дамыта  оқыту» 

экспериментті  алаңының  жұмысы  қолға  алынып,  екі  тілде:  орыс  және  чуваш  тілдерінде 

оқитын  бірінші  бір  сыныпқа  оқушылар  қабылдай  бастады.  Бірқатар  пәндерді  чуваш 

тілінде оқытуда арнайы әдістемеліктер пайдаланылып, оқушылардың чуваш тілін меңгеру 

деңгейіне қарамастан, оларды оқыту сатылай жүргізіле бастады.  



 

 



Чуваш Республикасы Президентінің 21 наурыз 2008 жылғы №25 Жарлығына сәйкес, 

Чуваш  Республикасында  білімді  дамытудың  2040  жылға  дейінгі  бекітілген 

стратегиясында келесідей мәліметтер келтірілген:  «Бүгінгі күні республикада 344 чуваш, 

177    орыс,  17  татар  ұлттық  мектебі  бар,  жалпы  білім  беретін  4  мекемеде  мордова  тілі 

оқытылады. Қалыптасқан жүйе көп мәдениетті кеңістікте балалардың сапалы білім алуын 

қамтамасыз ете алады» [6].  

Чуваш  тілі  Чуваш  Республикасы  Білім  министрлігінің  2009-2010  оқу  жылындағы 

мәліметтері  бойынша,  республикада  мектептердің  65%-ы  –  чуваш,  31%-ы  –  орыс,  3%-ы 

татар  тілдерінде  білім  берді.  Чуваш  тілі  344  чуваш  мектебінде  –  ана  тілі,  ал  қалған  198 

мектепте  мемлекеттік  тіл  ретінде  оқытылды.  Чуваш,  татар  ұлттық  мектептерінің  1-5-

сыныптарында  оқыту  ана  тілінде  жүргізілді.  Өкінішке  орай,  Алатырь,  Канаш,  Шумерли 

қалалары мен Порецк ауданында чуваш мектептері болмады.  

Чуваш  ұлтының  жартысына  жуығы  Чуваш  Республикасынан  тыс  жерлерде  өмір 

сүреді.  XIX  ғасырдың  екінші  жартысы  мен  XX  ғасырдың  басында  Чуваш  Республикасы 

мен  одан  тыс  жерлерде  чуваш  тілінде  білім  беретін  бастауыш  сыныптар  мен  пән 

мұғалімдерін  даярлайтын  бірқатар  жоғары  және  арнайы  оқу  орындары  ашылды.  Чуваш 

АКСР-дегі  педагогикалық  институт,  техникум  мен  училищеден  өзге,  арнайы 

педагогикалық  училищелер  Ульяновск,  Самара,  Қазан,  Сенгиль,  Похвистнев,  Белебей, 

Аксубаев және т.б. қалаларда жұмыс істеді.  

Ульянов облысы және басқа да Чуваш Республикасынан тыс жерлерде өмір сүретін 

ұлт  өкілдерінің  пікірі  бойынша,  чуваш  тілі  мен  әдебиетін  оқытатын  педагог мамандарға 

сұраныс  өте  жоғары.  Қазіргі  уақытта  үкімет  чуваш  тілі  мен  әдебиеті  мұғалімдеріне 

сұраныс  жоғары  болуына  қарамастан,  Ульяновск  мемлекеттік  педагогикалық 

университетінің чуваш тілі мен әдебиеті бөлімдерін жабуда. Чуваш Республикасынан тыс 

жерлерде  өмір  сүретін  чуваштардың  ана  тілін  білу  деңгейінің  төмендеуінің  негізгі 

себептерінің бірі – маман педагогтердің болмауы. 

Чуваш  тілінде  көптеген  газеттер шығарылып, чуваш  театрлары мен  хор  ұжымдары 

жұмыс  істейді.  Чуваш  тілі  Чуваш  Республикасының,  Башқұртстан  мен  Татарстанның 

кейбір аудандарының мектептерінде пән ретінде оқытылады, Чувашияның бірқатар ЖОО-

ларында екі семестр бойы пән ретінде оқытылады. Чуваш Республикасында чуваш тілінде 

аймақтық радио және телебағдарламалар таратылады, мерзімді басылымдар жарық көреді. 

Республикада ресми іс жүргізу орыс тілінде жүргізіледі.   

Чуваш  тілі  ұдайы  даму  үстінде.  Онда  жаңа  сөздер  пайда  болып, тұрақты  тіркестер 

жасалынуда,  жаңа  грамматикалық  құрылымдар  қолданылынып,  жаңа  орфографиялық 

ережелер енгізілуде. Әйтсе де чуваш тілінің жойылып кету қаупі жоқ емес, қазіргі уақытта 

лексика саласында, әсіресе ауызекі тілде орыс тілінің әсері қатты байқалады.   

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет