Түскі тамақ пен кешкі тамақ
Спандияр Көбеев
Бала түске дейін үйде бос отырды. Түскі асты ішетін уақытта шешесі ет пен сорпа әкелді, бала сорпаны татып көрді де: «Бүгін сорпа дәмсіз екен», - деді. Шешесі айтты: «Бұл дәмсіз болса, кешке дәмді сорпа пісіріп берермін», - деп. Түскі тамақтан соң әкесі шөп тасыды. Баласы аттың басына мініп, шөптің төбесіне шығып, бек шаршап кешке үйіне келді. Кешкі тамаққа түстен қалған сорпаны, нанды дастарқанның үстіне қойды. Баласы сорпаны татып байқады да, айтты: «Түстегі сорпадан мына сорпа дәмдірек», - деп.
Сонда шешесі айтты: «Бұл түстегі сорпаның қалғаны еді, саған бұл сорпаның дәмді болғаны — сен түстен кейін жұмыс қылып, бек шаршадың. Таңертең ешбір жұмыссыз үйде тек отырған соң, ас саған дәмсіз көрінді», - деп.
Екі соқа
Спандияр Көбеев
Бір зауыттан екі соқа қатар жасалып шықты. Біреуі егіншінің қолына түсті. Ол онымен жер жырта бастады. Екінші соқа еш қимылсыз аулада жатты. Арада бірнеше уақыт өткен соң, екі соқа кездесіп қалды. Жұмыс істеген соқа күмістей аппақ болып жарқырап тұр. Ал қимылсыз жатқан соқа тот басып қарайып кеткен.
- Сен неге мұнша жылтырап, кеткенсің? - деп сұрайды екіншісі.
- Мен еңбек еттім. Ал еңбек кімнің де болса шырайын кіргізбей ме? - деп жауап қайырыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |