4. Бастауыш сыныптарда ертегілерді оқыту.
Қазақ фольклорындағы мазмұны терең, тілі бай, тақырыбы әр алуан, оқиғасы қызғылықты шығармалардың бірі – ертегілер. Ол әдеби мұраның ең көне түрі болса да, осы күнге дейін өскелең ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуде маңызы жойылмаған жанр. Ертегі – көркем фантастикалық шығарма. Мұнда ақылдылық пен ақымақтық, арамзалық пен адалдық, жақсылық пен жауыздық қатар көрсетіледі.
Ертегілерді оқуда мыналарды есте сақтау қажет:
Ертегіні оқу барысында «Бұл ойдан шығарылған, өмірде кездеспейді» деудің қажеті жоқ. Себебі балықтың, жан-жануардың сөйлемейтінін балалар өздері де біледі. Бірақ ертегідегі оқиғаға сеніп, ондағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне бірде күліп, бірде қайғырып, бірде қуанып отырулары, оларды армандауға үйретеді.
Оқушыларды кейіпкерлерге қарапайым мінездеме беруге үйрету ертегілердің пайдасы мол.
Қара сөзбен берілген ертегі мәтінге жақын үлгімен мазмұндалады. Кейде мұғалім ертегіні оқымай-ақ, мазмұнын қызықты етіп айтып та береді. Ертегі баланы жоспар құруға үйрету үшін де қолайлы.
Жануар туралы ертегі оқығанда алдын-ала дайындықтың онша керегі де жоқ.
Кейбір ертегіні пьесаға айналдырып, қуыршақ жасатып, сыныптан тыс сабақтарда орындатуға болады.
Қазақ ертегілері мазмұнына, оқиға желісіне, сипатына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Солардың ішіндегі ең бастылары:
А). Қиял-ғажайып ертегілері.
Ә). Хайуанаттар жайындағы ертегілер.
Б). Тұрмыс-салт ертегілері.
Бастауыш сыныпта ертегілерді оқытудың маңызы зор. Ертегі – халық шығармасы, халық мұрасы. Онда халықтың ертеңге деген сенімі мен үміт-арманы, əділдік пен шындық, бақыт туралы ойлары тоғысып жатады. Қай халық болсын өзінің даму жолында қилы-қилы тарихи кезеңдерден өтеді. Жақсылық пен жамандықтың бітіспес тайталасын бастан кешіреді. Ертегі қаһармандарының үнемі күрес үстінде көрінетіні жəне осы жолда жеңіске жететіні, əділдіктің əркез үстем болатыны – халықтың осынау көкейтесті ой-арманының көрінісі. Халық ойының аса бай құнарынан жаратылғандықтан да ертегі əрбір оқушы үшін ерекше маңызға ие. Əр алуан ертегілермен танысу оқушыны қиялдай білуге үйретеді. Халықтық тəрбиенің қасиетті бұлағынан сусындауға мүмкіндік жасайды. Ел мен жерге деген сүйіспеншілігін оятады, азаматтық көзқарасының алғашқы негізінің қалыптасуына септігін тигізеді. Жалпы алғанда ертегі бастауыш сынып оқушыларын оқуға ынталандыратын шығармалардың бірі. Қазақ халқы педагогикалық қағидаларды «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». «Беске дейін піріңдей күт, он беске дейін құлыңдай күт», «баланы жастан...» т.б. сияқты түсініктермен толықтай дəлелденген, теориялық ұғымдар. Халық балаға жастай тəрбие беруде баланың қалыптасып жетілуіне тікелей ықпал ететін тəрбиелік дүниелерді, ертегілер, батырлар жыры, ұлттық ойындар т.б. пайдаланған. Ертегіден халықтың əр кездегі тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, ой-арманы, дүниетанымы мен көзқарасы, тағы басқа көрініп отырады. Сондықтан да Белинский мұны «Халық жанының айнасы» деген болатын.
Қазақ халқының ертегілері мейірімділікке, адалдыққа, əділеттікке, еңбексүйгіштікке, тазалыққа, достыққа, ерлікке, əдептілікке үйретеді. Жамандықтан, қулықтан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болуға тəрбиелейді. Əрдайым татулық, бірлік, ынтымақ жеңетінін көрсетеді.
Сондықтан ертегі – балалардың рухани өмірінің айырылмас досы. Халықтың ауыз əдебиетінің тəрбиелік мəні күшті болуы да сонда. Ол баланы алған ісінің аяғына дейін табыспен аяқтауға, қиял шалқытып, ой-өрісін кеңейтуге себепші болады.
Достарыңызбен бөлісу: |