Дамира Өмірзаққызы Ибрагим адамзаттың асыл тәЖІ


"Та-ха. (Ей, Расулым!) Біз саған Құранды азап көріп, бақытсыз



Pdf көрінісі
бет86/273
Дата06.10.2022
өлшемі2,95 Mb.
#41583
1   ...   82   83   84   85   86   87   88   89   ...   273
Байланысты:
Адамзаттың асыл тәжі

"Та-ха. (Ей, Расулым!) Біз саған Құранды азап көріп, бақытсыз 
болсын деп түсірген жоқпыз. Құранды жер мен көкті Жаратқан 
тарапынан тек Аллаһтан қорқатындарға үгіт ретінде біртіндеп-біртіндеп 
түсірдік" (Та-ха сүресі, 1-4 аяттар) 
Омар оқып отырып терең ойға шомды. Құдды басқа бір бейтаныс 
әлемге енгендей күй кешті. Құранның әдеби әуені мен мәңгілік әуезі оны 
баурап алған-ды. Бір сағат бұрын қылышын жалаңдатып, Мұхаммедті (с.а.у.) 
өлтіруге асыққан ол емес сияқты. Жүрегіндегі кек, жүзіндегі өкпе біржола 
жойылып, қанталаған көздері нұрға толып, жайнап сала берді. Жүзі 
күлімсіреп, жаны рахат тапты. 
"Еш күмәнсіз, мен - шынайы Аллаһпын, менен басқа тәңір жоқ. 
Сондықтан маған ғибадат ет, мені еске алу үшін намаз оқы" (Та-ха сүресі 
14-аят) деген аятты оқығанда ол орнынан тұрып кетті. 
"Неткен тамаша сөздер, не деген үйлесімділік! Бұдан артық, бұдан әсем 
әуен болуы мүмкін емес!" - деп, бір тұрып, бір отырды. 
Омардың бұл лебізі жүрегінің иманға қауышуының ишарасы еді. 
Хазіреті Омардың айтқандарын естіп отырған Құран үйретуші ұстаз 
Хазіреті Хаббаб ибн Әрат жасырынған жерінен шығып: 
"Сүйінші, сүйінші! Ей, Омар, Расулаллаһтың сен үшін жасаған батасы 
орындалсын деп тілеймін. 
Кеше түнде пайғамбарымыз: 
"Ей, Құдіреті күшті Аллаһ Тағалам! Исламиятқа Әбу Жәһил арқылы 
немесе Омар ибн Хаттаб арқылы қуат бер" - деген еді", - деді. 
Омар ибн Хаттаб және әйгілі Әбу Жәһил... Біреуі - екі жиһан сұлтаны - 
Расул Әкрамды өлтіруге ұсыныс айтушы, екіншісі - сол ұсынысты іске 
асыруға келісім беруші. 


139
Омардың ойы түгелдей аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Ол тезірек 
Расулаллаһпен жүздесіп, кәлимаға тілін келтіріп мәңгілік нұрға қауышуға 
асықты. 
Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) Сафаның баурайындағы Дарул-Әркамда 
екенін білетін ол, Хаббабты қасына алып, соған қарай бет түзеді. 
Дарул-Әркамның күзетшісі алыстан Омардың қаруын сайлап келе 
жатқанын хабарлайды. Іштегілердің бәрі жағымсыз жаңалықты естіп, 
қобалжи бастағанда Хазіреті Хамза тұрып: 
"Келсін, қорқатын ештеңе де жоқ. Егер қайырлы мақсатпен келсе, 
қонақ етіп сыйлап күтерміз. Егер пиғылы теріс болса, өз қылышымен өзін 
өлтірерміз", - деді нық сеніммен. 
Пайғамбарлар сардарының жүзі нұрланып, күлімсіреді. Өйткені оған 
Омардың тура жолды таңдағаны сездірілген-тін. 
"Келсін, келсін. Қобалжымай-ақ қойыңдар. Егер Аллаһ тілесе, оны да 
дұрыс жолға салар", - деді байыппен. 
Есік ашылып, Омар ішке кірді. Сақадай сай қаруланған. Өңі бал-бұл 
жанып, айналасындағыларға сүйіспеншілікпен көз тастады. Расулаллаһпен 
көздері түйіскенде Хазіреті Мұхаммедтің рухани қуатынан есеңгіреп қала 
жаздады. Сол сәтте бар дүниені ұмытып, тәтті сезімге бөленді. 
Мүлгіген тыныштықты Аллаһ Расулының сөздері бөлді: 
"Хош келдің, ей, Хаттаб ұлы Омар", - деді... 
Сонан соң Омардың қылышының ұшынан ұстап тұрып: "Аллаһым! 
Мынау - Хаттаб ұлы Омар. Ислам дініне Омар арқылы қуат бер", - деп дұға 
жасады. 
Хазіреті Омар руханиат әлемінде қанаттанып: 
"Мен Аллаһқа, оның Расулына иланып, иманымды жария етуге 
келдім", - деп, куәлік сөзін айтты. 
Ұлы Нәби мен оның асхабының қуанышында шек жоқ. Бәрі бірауыздан 
"Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар!" деп тәкбір айтып, бүкіл Меккені дүр 
сілкіндіреді. 
Хазіреті Омар осылайша мұсылман болды, қырқыншы мұсылман. 
Ендігі жерде батылдығын, күш-қуатын азғындық үшін емес, Ислам дінін 
әспеттеу үшін қолданатын болады. Құрайыш мүшріктерінің келісімімен екі 
дүние сұлтанының жанын алуға асыққан Омар бірнеше сағаттың ішінде иман 
ләззатына елтіп, пәруана сынды Хазіреті Мұхаммедке байланып, оның дініне 
қалай ұмтылғанын өзі де байқамады. Ерлігіне иман мен күш қосқан Хазіреті 
Омар мұнан былай Аллаһ жолында, Расулаллаһтың діні үшін басын бәйгеге 
тігуге әзір еді. Мұхаммедтен (с.а.у.) дәріс алып, бойына рухани асыл 
қасиеттерді дарытқан Хазіреті Омар дүние тарихында қара қылды қақ жарған 
әділеттілігімен дәріптеліп, "Әділ Омар" аталмақшы. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   82   83   84   85   86   87   88   89   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет