Кіреберіс – ұлу ағзасы, organum vestibulocochleare, екі анализатордан тұрады: 1) тепе – теңдік және гравитация (жердің тарту күшін сезу) анализаторы; 2) есту анализаторы. Олардың әрқайсысының өз рецепторы, өткізгіш жолы және қыртыстық шеті бар. Есту мүшесінің шеткі бөлігі сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ болып 3 бөлімге бөлінеді. Сыртқы және ортаңғы құлақ тек дыбыс тербелістерін өткізуге арналған, ал ішкі құлақта есту анализаторы мен тепе – теңдік анализаторының шеткі бөлімдерін құрайтын дыбыс сезгіш және статикалық аппараттар орналасады.