Ноғай Ордасының билеушілері Едіге би (1392-1412)
Нұраддин би (1412-1419)
Мансұр би (1419-1427)
Қазы би (1427-1428)
Уақас би (1428-1447)
Хорезми би (1447-1473)
Аббас би (1473-1491)
Мұса би (1491-1502)
Жаңбыршы би (1502-1504)
Хасан би (1504-1508)
Шейх Мұхаммед би (1508-1510, 1516-1519)
Алшағыр би (1508-1516)
Ағыш би (1521-1524)
Саид Ахмет би (1524-1541)
Қазы Мұхаммед мырза (1537-1541)
Шейх Мамай би (1541-1549)
Жүсіп би (1549-1554)
Исмаил би (1557-1563)
XIV-XV ғғ. Қазақстан территориясындағы мемлекеттер Дәрістің мазмұны: - XIV-XV ғ.ғ. Қазақстан территориясындағы Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы және Әбілқайыр хандығының саяси тарихы, шаруашылығы, әкімшілік басқару жүйесін талдау. Дәрістің мақсаты: - Монғол империясының құлдырауы барысындағы Қазақстан жеріндегі жаңа мемлекеттердің құрылуы және қазақ халқының қалыптасуындағы этникалық процестердің рөлін көрсету. 1. XIV-XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол шапқыншылығының ауыр зардаптарынан біртіндеп арыла бастады. Бүліншілікке ұшыраған шаруашылықты, қираған қалаларды қалпына келтіруге бағытталған шаралар жемісін беріп, экономикалық және әлеуметтік жағдайлары біраз жақсарды. Сонымен бірге бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген көптеген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздікке ие болып Қазақстан жерінде алғашқы рет жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет - Ақ Орда хандығы. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар және басқалары. Ақ Орда хандарының кестесі оларды болған уақытына қарай мынадай ретпен тізеді: Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Орыс хан, Қойыршақ, Барақ, т.б.
Ақ Орданың кемеліне келіп, толысқан шағы XIV ғ. екінші жартысы. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағына отыруға күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хаджы-Тарханды (Астраханды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 жылы Орыс хан қайтыс болып, Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшкен-ді. Осы кезде Маңғыстау Үстіртінің билеушісі - Жошы әулеті - Түй Хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды, сөйтіп 1379 жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялайды. Ақ Орданың көптеген әмірлерінің қолдауына ие болған ол 1380 жылы Сарайды, Хаджы-Тарханды, Қырымды және Мамай ордасын басып алады. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 жылы Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі нәтижесінде мүмкін болды. Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ. Осыдан кейін Тоқтамыс Ақсақ Темірдің ықпалынан босануға тырысады. Бірақ, 1389, 1391 және 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қиратылады. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсірейді.
2. Шығыс Дешті-Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген "көшпелі өзбектер мемлекетінің" яғни Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Оның иелігі Ноғай ордасының шығыс бетін, батыста -Жайыққа, шығыста - Балқашқа дейінгі, оңтүстікте - Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте-Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.
Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі топтар мен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулеті - оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары - Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. 1446 жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау бауырындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. 1450ж. Әбілхайыр Мәуренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау шапқыншылықтарын жасайды.
1456-1457 жылдарда ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілхайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар және олардың қол астындағы көшпелі халықтың бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбас (Талас) өзендерінің бойына барып орнықты. Осыдан кейін көп ұзамай 1468 жылы Әбілхайыр көп жорықтарының бірінде қайтыс болды да, "Көшпелі өзбектер мемлекеті" ыдырап кетті.
3.Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі – Ноғай ордасы еді. Ноғай ордасы XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай әмір Едіге тұсында XIV ғасырда жалғасып, оның баласы Нұраддынның (1426-1440) кезінде аяқталды.
Ноғай ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыста - Қазанға, оңтүстік шығыста – Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, тіпті, Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерде көше-қонып жүріп мекендеді. Оның орталығы–Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы.
Әмір Едіге 1396-1411 жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарып келді. "Беклер бегі" ұлы әмір атанған Едіге көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп отырған.
Ноғай ордасы негізінен маңғыттардан тұрды. Сонымен қатар оның құрамына Қоңырат, Найман, Арғын, Қаңлы, Алшын, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Алаша, Тама және басқа ру-тайпалары кірді. Олардың басшылары арасында билік пен жер үшін толассыз тартыстар жүріп жатты. Осы алауыздық оның да түбіне жетті. XV ғ. бірінші жартысында Ноғай ордасының орнына Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары құрылды. Ноғай ордасы да этникалық емес, көбіне саяси құрылым еді. Оны мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуының күрделі этникалық процесінде де өз әсерін тигізбей қалған жоқ.
4. XIV ғасырдың ортасында ыдыраған Шыңғысхан империясының жерінде тағы бір хандық - Моғолстан мемлекеті құрылды. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Негізін қалаған - Тоғылық-Темір хан (1348-1362 жж.). "Моғолстан" тарихи жағрафиялық термині "монғол" атауынан шыққан. "Монғол" есімі Орта Азия мен Қазақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындылардың бірінде "моғол" деп айтылып жазылатын болған.
XIV-ХVғасырларда Моғолстан құрамына Шығыс Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір жерлері кірді. Моғолстан орта ғасырлық авторлардың деректерінде мемлекеттің құрылу кезеңіне қарай "Моғол" атты этникалық саяси біртұтастыққа бірігудің ұзақ араласу және сіңісу процесінен өткен жергілікті түрік және түріктелген моңғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі болды. Оған кіретін тайпалар: дұғлаттар (дулаттар), қаңлылар (бекшіктер), керейттер (керейлер), арғындар (арғинут), баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары. Сонымен XIV ғасырдың орта шенінде Жетісу, Қырғыз жерлерін қамтып жатқан Моғолстан мемлекетінің құрылуы, Дешті Қыпшақтарды біріктірген Ақ Орданың пайда болуымен қатар жүзеге асқан Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болғаны даусыз. Моғолстан ордасының орныққан орталығы - Алмалық қаласы.
1362 жылы Тоғылық-Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс-қожаға көшкенде Мәуеренахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Осы тұста қарындасына үйленіп Хұсайынмен дос болған Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мәуеренахрды өздерінің қол астына біріктіруге кірісті. Осындай тынымсыз шайқастардың бірінде оның екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылды. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған соң, ол содан бастап Темирлан (дұрысы Темирленг, "ленг" парсыша - ақсақ) Ақсақ Темір атанды.
Ақсақ Темір әмірші болған 35 жыл ішінде (1370-1405 жж.) Моғолстанды, Хорезмді, Персияны, Әзірбайжанды, Гератты, Грузияны, Арменияны, Ақ Орданы, Ауғанстанды, Үндістанды, Египетті, Бағдатты, Сирияны, Кіші Азияны жаулап алып, табан астына салды. Әмір Темір түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақтардың тағдырына зор кеселін тигізді. Алтын Орданың құлауына себепші болды.