Көркем шығарманы талдау (кіріспе). Көркем шығарманы талдау – әдебиет сабақтарында жүргізілетін білімдік және тәрбиелік жұмыстың құрамдас бөлігі және ең маңыздысы. Көркем шығарманы талдау – шығарманы сыныпта оқу, үйден оқуға тапсыру, ауызша-жазбаша мазмұндату, жоспарын жасату, мазмұны мен көркемдігін ұғындыруды көздейді. Әдеби мәтінді оқытып, мазмұнын игерту – басты шарт. Одан соң мәтінді талдап оқыту міндеті тұрады. Бұл тұста кейіпкерлерге мінездеме жасау, шығарманың композициясы мен тілін талдау, көркемдеп оқу жұмыстары жүргізіледі. Бұлардың бәрі әдебиетті оқытудың тұтас жүйесі деп қарау керек.
Алғашқы түсініп оқудың нәтижесінде мазмұндатуды сұрақ-жауап әдісімен оқушылардың өздеріне орындату арқылы жүргіземіз. Мұндағы мақсат:
1) Шығарманың идеялық мазмұны мен көркемдік формасын бірлікте тұтас алып талдау;
2) Кейіпкер образдарын талдап, оларға түрліше (дара, салыстырмалы, топтастырылған) мінездеме жасату;
3) Суреттемелік тәсілдерді анықтау (пейзаждық, портреттік, т.б.);
4) Композициясы мен сюжетін, оның элементтерін ашу, солардың қызметін таныту;
5) Шығарманың көркем тілін зерттеу;
6) Түрлі жанрдың табиғатын танытып, соған сай жұмыс әдістерін қолдану.
7) Әдеби меңгерілген ұғымдарды теориямен ұштастырып, бекіту.
Талдау жұмыстарында мұғалімнен гөрі оқушылардың жұмыстары бірінші орынға шығады. Мұғалім талдауды ұйымдастырып, оған бағыт беріп отырады. Бұл үшін әрбір міндетке сай өз тұсында арнаулы тапсырма, сұрау беріліп, солардың негізінде әңгіме әдісімен талдау жүргізіледі. Кейде жекелеген оқушыға баяндама беріліп, өзгелер соған пікір қосады. Кейде айтыс әдісі де қолданылады. Әңгіме әдісі талдау сабақтарында да тиімді болмақ.
Кейіпкерге мінездеме беру
Шығарма кейіпкерлеріне мінездеме бергенде мынадай принциптерді есте ұстау керек:
1) әдеби образды өзі өмір сүрген қоғаммен, әлеуметтік ортамен байланыста алып, анықтау;
2) кейіпкерлердің өзіндік мінез-құлқын, характерін дәл анықтау керек (кейіпкер қай жерде қалай көрінеді, детальды пайдалану);
3) кейіпкердің портреті, сөзі, мінездемесі, т.б. анықтай түседі.
С.Мұқанов портретті көбінесе 1 рет берсе, М.Әуезов оны бөлшектеп әр қилы береді. Статикалық портреттен (тұтастырылған) гөрі психологиялық портрет қиынырақ, бірақ әсерлі болады. Динамикалық портреттен көңіл-күй дамуы көрінеді.
Дара мінездеме бірден барлық кейіпкерге емес, әуелі бас кейіпкерге беріледі. Оның ең басты сипаттары теріліп алынады. Мінездеменің жоспарын да жасауға болады. Сол жоспар бойынша цитата тапқызуға болады. Бір-екі оқушыға ауызша мінездеме жасатуға болады. Басқа оқушылар үйден мінездеме жасауға дағдыланады.
Салыстырмалы және топтама мінездеме. Салыстыру үшін әуелі әрбір кейіпкердің өзіне тән мінездерін белгілеп алып, сол белгілер салыстырылады. Сонда әр кейіпкердің өз табиғаты анықталады. Кейіпкер табиғатының әлеуметтік сырын ашып, сол негізде шығарма идеясын ашамыз. Салыстырмалы мінездеме жасау үшін шығарма кейіпкерлерінің жігін, ұқсастық-айырмашылықтарын анықтап алып, әрбір кейіпкердің басты сипаттарының жоспарын жасаймыз, соған үзінді табу міндеті жүктеледі. Сол бойынша кейіпкерлерге ауызша салыстырмалы мінездеме жасалады.
Топтамалы мінездемеде образдарды әлеуметтік табиғатына қарай ұнамды және ұнамсыз кейіпкерлер тобына бөледі. 5-7 сыныптарда жағымды, жағымсыз кейіпкерлер жайында салыстырмалы мінездеме жасауға дағдыланады. Топтамалы мінездеме жасау үшін ең алдымен салыстырмалы мінездеме нәтижелеріне сүйенеміз. Ал салыстырмалы мінездеме дара мінездеме нәтижелеріне сүйенеді. Топтама мінездемеге көшу үшін сұрау, жауап беру әдістерімен әуелі бас кейіпкердің төңірегіне басқа кейіпкерлерді топтастыру арқылы жіктейміз.