Сүлеймен қарақшы
— Мыналардың бәрiн өлтiрiп қойғансыңдар ма? Қане, сап
түзеп тұра қалыңдар! Кiм төбелестi бастаған? Кезекшi қайдасың?
Шақыр, қосымша күштердi! — деп бұйырды.
Барактағылар сапқа тұрғанша, мұнда тағы отыз солдат келдi.
Бәрiнiң қолдарында мылтық. Бiрақ олар сотталушыларға жоламай,
алысырақ жерде тұрды. Олармен қоса қатырма жағасына үлкен
бiр жұлдыз қадаған солдаттардың ұлығы да келдi.
— Түрменiң екiншi бастығы, — дедi Парманқұл оны көргенде.
— Бұның не қазаққа, не өзбекке ұқсамайды ғой.
— Татар ол.
Не керек, сол түнi таң атқанша, баарктағылардың бәрiнен
жауап алынды. Қатты жараланған таулықтар мен Адамбайды,
Шалажансар Ахмад пен Паязды зембiлге салып, ләзiретке әкеттi.
Таң ата Сүлеймен мен Парманқұлды түрме ортасындағы бiр
кiшкене үйге айдап келдi. Татар бастық “бәрiне кiнәлi осы екеуi”
деп шештi.
— Бұл не үй? — деп сұрады Сүлеймен Парманқұлдан.
— Бұл үйдiң астында дуалдары таспен қаланған ұра бар.
Түрмеде тәртiпке бағынбағандарды осында қамайды. Бiздi де
осында қамамақ.
— Солдаттар iстiң ақ-қарасына қарамай ма? Олар да
Тәшкендегi сот сияқты екен де.
— Бiр-екi күн осында жатамыз. Одан кейiн жауапқа тағы
шақырады. Сонда ақталып көрермiз.
Екеуi тас дуалды ұра iшiнде екi күн жатты. Үшiншi күнi
алдымен Парманқұлды, сосын Сүлеймендi сыртқа шығарды.
Сүлейменнiң қолын артына байлаған төрт солдат оны түрме
қақпасы маңындағы ұзынша тамға әкелдi. Там iшiндегi бiр солдат
бөлмеге iшiне кiрiп шықты да Сүлеймендi кiргiздi.
Бөлме ортасында үстел тұр. Үстел басында бiр тал шашы
жоқ әскери киiм киген кiсi отыр. Мұны көргенде Сүлейменнiң
есiне баяғы Сiбiр түрмесi түстi. Онда да осындай бөлмелер,
бөлмелердегi үстел басында дәл мынау сияқты бiр әскери адам
отыратын. Түрме мен ондағы да, мұндағы да әскери адамдар бiр-
бiрiне қатты ұқсайды. Тiптi терезедегi темiр торлар да бiр-бiрiнен
449
Сүлеймен қарақшы
аумайды. Осыған қарап, сонау қияндағы Сiбiр түрмесi мен осы
Табақсай түрмесiн бiр адам салған ба деп қаласың.
Бұл Сүлейменнiң ойы. Ал үстел басындағы әскеридiң ойы
бөлек. Оның ойы — барактағы төбелестiң себебiн ашу.
— Аты-жөнiң кiм?
Сүлеймен нақты жауап бердi.
— Төбелестi кiм бастады?
— Таулықтар.
— Не үшiн?
— Бiздi бағындырғысы келдi.
— Осы үшiн оларды өлтiре соқтың ба?
— Жоқ. Басқа себебi болды.
— Қандай?
Сүлеймен болған оқиғаны бастан-аяқ айтып бердi.
— Таулықтар “Низамның басын кескен Ахмад емес — сен”
дейдi ғой.
— Бұған барактағы күллi жұрт куә.
— Егер олар сендердi басынып жүрсе, бiзге, яғни түрме
бастықтарына неге шағым айтпадыңдар?
— Бастық, баланың сөзiн айтпашы. Түрме заңын менен жақсы
бiлесiң ғой, — дедi Сүлеймен бойын қысқан ашуды әзер тежеп.
Мұның бұлай сөйлегенiне тергеушi ашуланып шыға келдi.
— Не деп отырсың, сен маған? Аһ, албастыдай болған неме.
Мұрныңа шынжыр өткiзген бұқадай қып, “одиночкаға” қамап,
көзiңе көк шыбын үймелетермiн қазiр. Қара мұны. Менi “балаша
сөйлеме” деп мазақтауын. Жауап бер сөзiме. Ахмад пен Паязды
не үшiн ұрдың?
— Жаңа айттым ғой, саған, — деп Сүлеймен орнынан ұшып
тұрды.
Ол қатты ашуланғанда көзiне түк көрiнбегенiмен қатар,
жүзiне адам қарай алмастай сұстанып, қаһарланып кететiн. Қазiр
де сондай боп кетсе керек, тергеушiнiң екi көзi бақырайып, артқа
қарай шалқасынан түстi. Сосын тыпырлап, орнынан тұра берiп:
“Қарауыл, қараруыл”, — деп айқайлады.
Екi солдат iшке жүгiрiп кiрдi. Сүлеймен бұл уақытта орнына
отырып қойған. Ал тергеушi түрегеп, үстерiнiң шаңдарын қағып
жатқан.
450
Достарыңызбен бөлісу: |