МАЗМҰНЫ Түрік қағанаты Батыс Түрік қағанаты Түргеш қағанаты Қарлұқ қағанаты Оғыз мемлекеті Қимақ қағанаты Жартылай көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері Архитектура және өнер Көне түріктердегі жазба мәдениеті Түрік қағанаты (552-603 жылдар) Түрік қағанаты жерімізде құрылған алғашқы ерте феодалдық мемлекеттің бірі. Қағанат оңтүстік-шығысында Қытаймен, оңтүстік-батысында парсылармен шектесіп жатты. Түрік қағанатының негізгі құрамы түрік тілдес халықтардан тұрады. Олардың басым көпшілігін теле (тирек) тайпалары құрады. Теле – түрік тілдес тайпалардың ортақ атауы. Қытай шежіресі бойынша “теле” сөзінен “түрік” атауы қалыптасқан. 542 жылғы қытай жылнамасында түрік этнонимі туралы жазылған. 552 жылы Түрік қағанаты құрылып, 603 жылға дейін өмір сүреді.
Саяси тарихы
552 жылы Бумын Анагуй билеген авар (жужан) мемлекетін талқандайды, Бумын қаған жужандарды жеңген жеңісі үшін “елхан” деген атақ алады.
Алайда Бумын 552 жылы қаза болып, орнына баласы Қара-Еске қаған болады. Қара-Еске қағанның бастауымен түріктер аварларды Орхонның жоғары жағындағы Букрат тауларында екінші рет жеңді.
552-554 жылдары Мұқан қаған (552-572) кезінде жужандар бас көтерместей болып жеңілді. Осы кезден бастап түріктер Ұлы Даланың шығыстағы қожасына айналды. Түріктер Орта Азияның ішкі аумақтарына жасаған жорықтарында эфталиттерден қатты қарсылық көрді. Түріктер эфталиттерді он жылдан кейін, 563-567 жылдары жаулап алды. Қытай, Иран, Византия сияқты ірі мемлекеттерге өздерінің саяси ықпалын жүргізген күшті мемлекеттің біріне айналды.
Иштеми Батысқа жорық жасап, соғдыларды бағындырып, кейінен Алтай тайларының солтүстігіндегі халықтарды бағындырды.
Кең байтақ жерді алып жатқан Түрік қағанаты саяси жағынан бір орталыққа бағынған күшті мемлекет бола алмады. 581 жылы қағанаттың өз ішінде соғыстар басталды. Бұл жағдайды пайдаланған Қытай және басқа мемлекеттер түріктерге шабуылдады. 603 жылы Түрік қағанаты Батыс және Шығыс Түрік қағанаты болып бөлінді