Етістіктің лексика-семантикалық сипаты.
Тілімізде қанша сөзді етістік деп танысақ, солардың әрқайсының өзіне тән лексикалық мағынасы болады. Сөйте тұра олардың лексикалық мағынасы қаншалықты өзгеше болғанымен, сол етістіктердің бәрі де ең алдымен өздерінің бір ортақ сипаттарына байланысты бір сөз тобына телінеді.
Ы.Маманов етістіктерді мағынасына қарай топтастырып, сегіз топқа бөледі:
1) Іс-әрекеттік қимылды білдіретін етістіктер: жазу, сызу, көру, жұлу.
2)Қозғалыс-қимылын білдіретін етістіктер: жүгіру, еңбектеу, домалау, жорғалау.
3) Қалып-күй процесстерін білдіретін етістіктер: ауру, ұйықтау, тұру, отыру, жату, тынығу.
4) Көңіл –күйді білдіретін етістіктер: қайғыру, мұңаю, қуану, ренжу.
5) Сапалық белгінің өзгерісін білдіретін: ұзару, қысқару,сарғаю,ағару, азаю,көбею.
6) Еліктеу-бейнелеу етістіктері : жылмыңдау,қылмыңдау, пысылдау, ыңқылдау.
7) Туу, өсу қимылын білдіретін етістіктер : балалау, құлындау, қоздау, боталау.
8) Субъективтік реңді етістіктер : азсыну, кісімсу, көпсіну.
А.Хасенова етістіктерді алты семантикалық топқа бөледі :
1) Объектімен тікелей байланысты іс-әрекетті білдіретін етістіктер : іш, же, майла, боя, ұр, соқ, жүр, көр, оқы.
2) Субъектінің қозғалысының беталыс бағытын білдіретін етістіктер: кел,кет,түс, шық, ұш, самға, жинал, тара.
3) Субъектінің қалпының сапасының өзгеру процессімен байланысты айтылатын етістіктер : ұйықта , оян, азай, көбей, ұзар, қысқар, өл, ауыр, бат.
4) Бейнелеу етістіктері: адырай, бақырай, маңыра, мөңіре, жалтылда, үлпілде.
5) Ішкі объектілі салт етістіктері: қозда, бұзаула, гүлде, жапырақта.
6) Көмекші етістіктер : е, еді, деп, шығар.
Ф.П.Филин: «Лексика-семантикалық топ деп екі не бірнеше сөздердің лексикалық мағынасына қарай бірігуін айтамыз»- деп анықтама берген.
Ю.Н.Караулов орыс тіліндегі лексика-семантикалық топтарға тоқталып, бұл мәселенің дұрыс шешілуі үшін екі мәселенің басын дұрыс ашып алу керек дейді. Біріншісі, сөздердің жеке өз алдына дербестігі, басқа сөздерден бөлініп тұратындығы, екіншісі, контекстің қызметіне қандай роль беріледі.Айтылған пікірлерді жинақтайтын болсақ, сөздерді белгілі бір лексика-семантикалық топқа бөлу үшін мына шарттарды есепке алу керек болады.
Бір лексика-семантикалық топтың құрамына енетін сөздер өзара бір мағыналық сыңар (семалар) арқылы байланысып жатуы керек.
Бір лексика-семантикалық топтың компоненті болып саналатын сөздер өз дербестігін сақтау керек.
Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бірі екіншісін мағыналық жағынан толықтырып, ұштасып жатуы керек.
Антонимдік, синонимдік сыңарлар да белгілі лексика-семантикалық топтың аясында болады.
Лексика-семантикалық топтар іштей семантикалық топтарға бөлініп, сатылай байланысып жатады.
Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бір сөз табынан болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |