Халқымыздың өткен замандардағы тарихын, рухани тыныс-тіршілігін танып-білуде көркем сөз шеберлерінің қалдырған әдеби


Термелері мен өсиет, насихат, төрелік айту мәндегі өлеңдері



бет10/15
Дата06.01.2022
өлшемі305,5 Kb.
#13462
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
2.3. Термелері мен өсиет, насихат, төрелік айту мәндегі өлеңдері.

Құлыншақ ақын шығармашылығында терме, насихат, өсиет өлеңдері де біршама баршылық.

Бізге жеткен кейбір терме, насихат, өсиет мәндегі шығармаларына қарай отырып кейбіреулері үзінді түрінде жеткен сияқты болып көрінеді.

Ақын бұл сипаттағы шығармаларында дәстүрлі тәсілмен өмірдің мәні, жақсы мен жаманды тілге тиек ете өзінше жырлайды. Ар мен ұятты ойлайтын адамдар мен сән мен байлықты ғана мұрат еткен жандардың сипаттарын, білімді мен парықсыздардың ерекшеліктерін айта келіп, өзінің ақыл, нақыл сөздерін сөз ұғатын жандарға арнайтынын былай деп көрсете отырып:

Өрнексіз қылып айтқан сөз

Еш адамға қонбайды,

Өрнексіз шешен болмайды.

Өздеріңдей жақсыға

Әңгіме нақыл сөз айтып

Тыңдатушы ем сондайды.

Арғы жағын пайымдап,

Есі бар адам ойлайды.

Біздің сөзді тыңдаған

Басқаға көңіл қоймайды,

Шекерге ешкім тоймайды,

-деп өзінің ақындық өрнек өнерінен де мәлімет бере жырлайды.

Ақынның ақындық өнерде алға қойған мақсаты "Ұрпаққа бұл айтатын өсиетім" деген өлеңінде айқын аңғарылады:

Құлыншақпын, әкемнің аты - Кемел,

Қолыма домбыра алсам аруақ жебер.

Өмірдей көргенімді жырға қостым,

Бағасын жақсы - жаман халық білер, -

дей келіп өмірде көрген жайттарын ой сарабынан өткізіп, әртүрлі адамдардың іс-әрекеттеріне талғаммен қарай өзіндік бағасын береді. Ақын:

Көп көрдім жақсы қандай, жаман қандай,

Көп көрдім жомарт қандай, сараң қандай.

Өзіне ішіп-жеуге қимайтұғын,

Сараңдар көп жияды арам малды-ай,

- дей келіп:

Ер жігіт он бесінде елім дейді,

Ел үшін еңбек етсе, ерінбейді.

Жамандар қыр аспайды қырқында да,

Пайдасы елге тиер көрінбейді,

-деп жақсылығы елге тиер ер азаматтар мен іс-әрекеті, жақсылығы өз басынан аспайтын жандарды салыстыра жырлайды. Құлыншақ ақын ендігі бір өлеңінде:

Біреуге берсем дегін, алсам деме,

Біреудің адал нанын алып жеме.



Артыңда жақсылығың калса қалар, Адамның жамандығы қалсын неге? -

деп шығыстық ұлы ақындар салған ізбен адамгершілік шарттарын үлгі ете өсиет ойларын айтады,



Жақсы жігіт пен нашар жігіттің мінездері, бай мен кедейдің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері, әйел затының жақсы қасиеттері мен жағымсыз жат мінездері туралы айта келіп, сол сөздерден сабақ алуға шақыра:

Болған соң ақындық бір қасиетім,

Ұрпаққа бұл айтатын өсиетім –

Жақсы жағын сөзімнің ұғып алғын,

Жақсы сөз - жақсы адамды өсіретін,

-деп өсиетін арнайды.

Белгілі ғалым Р.Бердібай "Терме дәстүріндегі өлең онда мол болғаны байқалады", - деп жазады [22. 36].

Ақынның бізге жеткен үзік-үзік шығармаларын оқи отырып бұл пікірдің орынды айтылғанын байқауға болады.

Ақынның көлемі шағын болса да, оның өмірлік таным-талғамдарын танытатын, айқындай түсетін шығармалары да баршылық. Бұл сияқты шығармаларында ақын өмір құбылыстарын езіндік көзқараспен тани отырып, пайым-бағасын да көрсетіп отырады. Ондай өлендері де Құлыншақ ақынның әдеби мұрасын тереңірек талдауға, ақындық тұлғасын тануға жәрдемі тиетін еңбектер болып саналады.

Бұндай шығармаларына ақынның "Мазақ қылма, Көлбайым", "Алты күшік болыпты алты тоқты", "Дария білмес иттің сарығанын", "Ішпеймін қымызыңды шөлдесем де", "Әңгімесін естісең", "Керілген етек жақсы керме қастан", "Сен едің, Ырысқұлбек, бұлғақтаған", "Жандәулет, жүремісің, желемісің" деп басталатын осы сияқты өлеңдерін жатқызуға болады.

Жеке бастың қамын ойлап дүниеқорлыққа салынудың халықтың өзіндік әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне кері әсер ететінін, қандай жағдайда да адамгершілікті, ар-ұятты жоғары ұстау керектігін ақын ескертіп отырады.

Итін күшіктетіп, әр күшігін бір тоқтыға айырбастап байымақ болған біреуге шығарған:

Алты күшік болыпты алты тоқты,

Әркім әуес қылады қолда жоқты.

"Ит сатқанның ауылы" атанарсың,

Еңдігәрі жемеңіз мұндай боқты, -

деп жоқтан өзгеден табыс іздеп ел атына сөз келтіретін іспен айналысқан әрекетін мазақтай сынға ала отырып, ондай жат әдеттен аулақ болуға үндейді.

Құлыншақ ақын "Әңгімесін естісең" деп басталатын сықақ өлеңінде сөйлеген сөзін тыңдаған адам жаһаннан асқан ғұлама деп ойлап қалатын, бірақ оның қылған ісіне қарағанда күнәға белден батып жүрген, күндіз сопысынғанмен кешке қарай пейілі бұзылып шыға келетін дін қызметкерлерінің екі жүзді бейнесін ашып көрсетеді.

Кейбір адамдар бойында көрініп отыратын қылтетпе оғаш мінездер де ақын сынына ілініп отырған. Рысқұлбекке айтқан өлеңінде оның осындай мінезін:

Құсындай ителгінің теуіп өткен

Бар екен бір мінезің шұнақтаған,

-деп бейнелейді ақын.



Халқымыздың ежелден келе жатқан жақсы дәстүрлерінің бірі қонақжайлылық. Бұл дәстүрдің қалыптасып орнығуының да өзіндік тарихи, әлеуметтік негіздері бар. "Қонақ келсе, құт келер" деп есептеп, екіншісі бөлінбеген қазақ деп қонағына мал сойып, болмаса үйіндегі асының құнарлысы мен дәмдісін ұсыну халқымыздың жазылмаған заңы сияқты болып есептеліп келген.

Ел ішінде осындай дәстүрге қайшы келетін құбылыстар кездескен кездерде ақындар да оларды сынға алып өлеңдер шығарып

отырған. Бұл дәстүр Құлыншақ шығармашылығында да едәуір орын алады. Ақынның Көлбайға, Оңдыбайға арнауларында, "Ішпеймін қымызыңды, шөлдесем де" өлеңінде, қауыншының әйеліне берген батасында, т.б. шығармаларында көрініс тапқан.

Ақын адамдар бойында кездесетін жағымсыз іс-әрекеттерді, мінез-құлықтарды көргенде оларды бейнелі де өткір тілмен сынға алады.

Бір түлкі тұра қашты, қудым тыңнан, Ұсынса қол жетпейтін биік шыңнан.

Қаз мойын, қарға тұмсық бір қу екен, Төбесін бір-ақ көрдім, орғыл құмнан.

Бір жылан, бір айдаһар жолдас бопты,



Түк қалмас бере берсең жиған малдан, -

деген өлеңінде байдың қызы мен оның жеңгесінің тойымсыз дүниеқұмарлығын мысқыл етеді.

Байлығының буына мас болып өзгелерді көзіне ілгісі келмей аспандай қарап көкірек керетін оспадарлар да ақынның өткір сынына ұшырап отырған. Құлыншақ ондай жандарға да:

Керілген етек жақсы керме қастан,

Шөп шығар жаңбыр жауса қара тастан. Дәулетке ерге біткен едіреңдеп,

Көзіңе көрінбейді жер мен аспан, -

деп ондайлардың астамсыған оғаш қылықтарын қаймықпай бетіне басып айтады.

Ақын осы сияқты сыни сипаттағы шағын өлеңдері арқылы адамдар бойындағы әр-түрлі жағымсыз іс-әрекет, мінез-құлықтарды көрсете отырып ондай жайттардан аулақ болуға шақырып отырады. Ақынның бізге жеткен шағын-шағын өлеңдері де осындай ерекшеліктерімен маңызды болып саналады.

Халқымыздың ежелден елге туралығымен, әділ сөзімен танымал болған адамдармен қатар ақындарды да дау-дамайлы істерде төрелік айтуға шақырып отырған дәстүрі болғандығын білеміз.



Құлыншақ ақынның ел ішінде беделді ақын, сөз, дау тоқтатар азамат болып, дау-шарларды тыюға да дәнекер болып жүргендігіне дәлел болатындай шығармалары да бар.

Құдабай деген байдың атына Мақаш деген адамның құсқа атқан оғы тиіп, ат өліп қалады да, бай: "Атым тұлпар еді, екі ат төлеу бересің" деп даулайды. Сонда адамдар "Ара ағайынсыз, осының төрелігін айтыңыз" дегенде Құлыншақ ақын байдың бір жыл бұрын қойына қасқыр шауып, қойлары қырылып арам өлгенде құдайдың ісі деп мойындағанын айта келіп:

... Қасқырдан қанша құн алдың?

Қан-жыныңды ақтарды.



Құдай ісі демек пе ең,

Өзіңді мықты соққанды.

Бұл да сондай жазым-ды,

Атпақ болған қазыңды,

Қаңғырған бір оқ атыңа,

Сандалып барып тиіпті.

Соған бола тартпағын,

Өлгендей адам күйікті.

Адал болса бұйырсын,



Құнсыз бұл дау тыйылсын! -

деп төрелік тұжырымын жасайды [25. 19]. Сонда байдың ақын тілімен айтылған орынды сөзге тоқталып, атының етін алып үйіне амалсыз қайтуына тура келеді.

Осындай бір даулы мәселеге Құлыншақ ақынның төрелік жасау оқиғасы былайша айтылады.

"Ел ағалары атанған Сыздық, Бейсенбі және Ахмет деген кісілердің қоныстары жапсарлас жатады екен. Соңғы екеуінің ауылдарының бір жігіті Сыздық ауылындағы жекжаттарын сағалап барып, сонда қой жайып жүріпті. Күндердің күнінде келімсек жігіттің зайыбы мен Сыздық ауылының бір бозбаласы арасында байланыс бар деген бықсық сөз тарайды. Бұған Бейсенбі, Ахметтердің сүйегі қызып, арада жанжал шығады. Даугерлер Созақ қыстағына қарай жолаушылар бара жатқан ақынға жүгінеді. Сонда ақын:

Орта жүзде бар дейді,

Бейсенбі мен Ахмет –

Халықтың бәрі мақтайды,

Өсек сөз қарап жатпайды.

Ар - ұяты бар кісі,

Халықтың арын сақтайды.

Затында енді бар алғыр,

Қойшы мінген байталға

Еш уақытта шаппайды,

-деген екен [15. 18-19].



Құлыншақ ақынның ел ішінде сыйлы да беделді болғандығы мен ақындық өнерпаздығы осындай сөз үлгілерінен де айқын аңғарылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет