3. Предикат ұғымының мәні. Сөйлемге тән предикаттық белгіні анықтаудың жолдары, оны оқыту мәселелері.
Предикат(лат. predіcatum — баяндау) — пікір түрінде қасиет пен ерекшеліктерді білдіретін пікір баяндауышы. Предикат белгілі бір нәрседе әлдебір қасиеттің (белгінің) барын не жоғын бейнелейді.
Мысалы, “Бүркіт — жыртқыш құс” деген пайымда предикат “жыртқыш құс” сөздерімен айтылып тұр. Предикат заттарға (субъектіге) ерекшелік пен қасиеттердің тән немесе тән емес екенін белгілейді. Предикат пікірдің субъективті-предикаттық құрылымының, қарапайым категориялық силлогизмнің қажетті және негізгі бөлігі болып табылады. Кең мағынасында предикат деп не ақиқат, не жалған мәніне ие болатын логикалық пропозиционалдық функцияны атайды.
«Предикат» белгілі бір заттың қасиетін, белгісін, әр түрлі жай-күйін, оның басқа затқа деген қатысын т.б. білдіреді. Предикат ұғымына тән бұл қасиеттер айтылатын ойдың мазмұны ретінде сөйлем ішінде өмір сүреді. Ендеше, предикат сөз тіркесіне де, сөйлемге де тән ортақ категория болып табылады. Тілде белгілі бір заттың қасиеті, белгісі, әр түрлі жай-күйі, басқа заттарға деген қатынасы сөз тіркестері арқылы танылады да, оны хабарлау сөйлем арқылы жүзеге асады. Олай болса, сөз тіркестері айтылатын ойдың мазмұнын құрайды да, сөйлем ойдың не пікірдің шындыққа қатынасын білдіреді. Айтылатын ойдың мазмұнын құраушы тілдік бірлік ретінде сөз тіркестерінің өзіне тән атқаратын қызметі, пікірді хабарлау мақсатында жұмсалатын сөйлемнің өзіне тән қызметі болады. Осыған орай, предикат ұғымының мәні айқындала түседі. Сөз тіркестеріне тән предикаттан синтаксистік қатынастың (предикаттық қатынас, атрибуттық қатынас, адвербиалдық қатынас, атрибуттық қатынас) түрлері қалыптасады. Синтаксистік қатынас түрлерінен морфосемантикалық мағыналар туындайды. Нәтижесінде сөйлемнің мазмұнын құрайтын тілдік бірліктер тобы жасалады.
Сөйлемге тән предикаттан оған тән белгілердің түрлері қалыптасады: модальдық, интонация, предикативтілік.
Модальдық белгінің өзі объективті модальдық, субъективті модальдық болып екіге бөлінеді. Объективті модальдық синтаксистік шақтар мен райларды білдіретін арнайы грамматикалық тәсілдердің шындық болмыстағы оқиғаға қатысын айқындап, оның осы шақта, өткен шақта немесе келер шақта іске асуын және сөйлеушінің пікірге қатынасының реалды не ирреалды екенін анықтайды. Субъективті модальдық хабарға не оның бір бөлшегіне сөйлеушінің қатысын білдіреді. Субъективті модальдыққа хабарды күшейту, әсірелеу, сенімділік, сенімсіздік, құптау, жақтырмау т.б тұрғыда жеткізудің түрлерін жатқызуға болады.
Интонация сөйлемнің органикалық элементі ретінде сөйлемнің құрылымдық ерекшелігін айқындайды. Сөйлемнің жеке сөздерден, сөз тіркестерінен айырым белгілерін ажыратудың бірден бір жолы болып табылады. Көңіл-күйдің әсерін айқындауға да сөйлемге тән интонация негіз болады.
Сөз тіркесінің құрамында предикативтілік қатынас болады. Ол атау септігі мен жіктік жалғау арқылы байланысқан сөз тіркесінің қиысу формасына тән. Предикаттық қатынаста бастауыш пен баяндауыш І, ІІ, ІІІ жақ пен шақ көрсеткіштері арқылы үйлесіп, сөз тіркесіне тән синтаксистік қатынас жасайды да, одан І жақтық, ІІ жақтық, ІІІ жақтық морфосемантикалық мағыналар туындайды.
Мысалы,
Мен барамын, бардым, барғанмын;
Сен барасың, бардың, барғансың;
(сіз барасыз,бардыңыз, барғансыз;
Ол барады, барды, барған;
Мен студентпін;
сен студентсің;
(Сіз студентсіз);
ол студент
дегенде І, ІІ, ІІІ жақтық көрсеткіш баяндауыштың жақтық, шақтық көрсеткіштерімен үйлесіп, сөздердің сөйлеудегі ерекшелігі, яғни сөйлеуші автор, жақтық субъект, қимыл иесі мен олардың іс-әрекетке қатысы шақ арқылы көрініп, бастауыш тек грамматикалық сипатқа ие болады.
Предикаттық қатынас ─ сөз тіркесіне тән синтаксистік қатынастың басқа түрлері сияқты сөйлемнің мазмұнын, ішкі құрылымын айқындаушы сөз тіркесіне тән категория.
Сөйлемнің мазмұны, ішкі құрылымы предикаттық, атрибуттық, адвербиалдық, объектілік қатынас арқылы айқындалады. Мәселен, мен кітапханаға барамын, Менің кітапханаға баруым керек; маған кітапханаға бару керек дегенде мен барамын ─ предикаттық қатынаста, менің баруым керек ─ атрибуттық қатынаста, маған бару керек ─ объектілік қатынаста жұмсалып, бару қимыл- әрекетінің иесі ─ бірінші сөйлемде ─ мен, екінші сөйлемде ─ менің, үшінші сөйлемде ─ маған түрінде қолданылады. Семантикалық тұрғыдан алғанда, үшеуі де сөйлемдегі айтылатын ойдың иесін танытатын жақтық субъект. Грамматикалық тұрғыдан алғанда, мен ─ бастауыш, менің ─ анықтауыш, маған ─ толықтауыш. Атқаратын қызметі ─ айтылатын ойды хабарлаудың түрлерін таныту. Яғни іс-әрекеттің нақты орындалатынын (мен барамын), мақсатты түрде орындалатынын (маған бару керек, менің баруым керек), шартты тілек түрде орындалатынын (мен барсам екен) т.б білдіреді. Ендеше, сөз тіркесіне тән предикативтілік қатынас пен сөйлемге тән предикативтілік белгіге тән ортақ заңдылық ─ сөйлемдегі айтылатын ой иесінің жақтық субъектіге негізделуі.
Сөйлемге тән предикативтілік белгіге тән ерекшелік ─ жақтық субъект логикалық бастауыш арқылы көрінеді. Сонымен қатар, грамматикалық бастауыш пен баяндауыштың байланысында жақтық субъект мүлдем болмайды.
Сөз тіркесіне тән предикативтілік қатынасқа тән ерекшелік ─ сөйлем ішіндегі сөздердің атау септігі мен жіктік жалғау арқылы байланысуы. Жіктік жалғаулардың жақтық көрсеткішке ие болуы.
Сөйлемге тән предикативтілік белгі де, сөз тіркесіне тән предикативтілік қатынас та пікірдің шындық болмысқа қатысын айқындайтын категория ретінде предикат ұғымының мәнін анықтайды. Сондықтан олардың арақатынасы өзара бірлікте, тығыз қарым-қатынаста жұмсалып, сөйлем ішінде өмір сүреді.