Қызыл жебе. Бірінші кітап



бет6/6
Дата18.02.2023
өлшемі1,13 Mb.
#69066
1   2   3   4   5   6
«Жетісу губернаторына Верный түрмесінде жатқан каторжник Рысқұл Жылқайдаровтан
Арыз
Алдағы маусым айында келесі этаппен каторгаға айдалмақшымын. Осы себепті Сізден құлдық ұра өтінемін: балам Тұрарды өзіммен бірге ала кетуге рұқсат етіңіз. 25-мамыр 1906 жыл. Верный қаласы. Сауатсыз Рысқұл Жылқайдаров үшін қол қоюшы
Александр Бронников».
Бала сілейіп тұрып қалды. Жанындай көретін адамнан, туған әкесінен айырылатын кез мұнша таяп қалғаны қатты шошытты.
– Мені олар жібермейді, көке, – деп әкесінің мойнын құшақтады.
– Оны қайдан білесің? – деп Бронников баланың иығынан тартты.
– Приходько айтты. Ол мені шоқындырмақшы. Шіркеу оқуына түсіремін дейді. Сонда әкеңді каторгадан босатып ала аласың дейді. Әкең арызданғанмен бәрібір сені оған қосып жібере алмаймыз деді.
– А, залым! – деп Бронников шекелеп отырып өз тізесін өзі дәу жұдырығымен бір ұрды. – Сенен поп тәрбиелеп шығармақшы екен ғой.
– Не дейді? – деп Рысқұл қос қолымен жер тіреп сілкіне түрегелді.
– Тыныш! – деп басу айтты Бронников.
– Шоқындырғаны несі? Енді істемеген қорлығы сол еді. Қолында өлейін! – деп Рысқұл дес бермеді.
– Тыныш! Бәрібір құр кіжінгеннен түк шығара алмайсың, Рысқұл. Балаға кесірің тиіп кетеді құр бекер. Ойланайық. Сенен поп жасамағы, әрине, иттік, Тұрар бауырым. Поптың үлкені – Ғапон. Сол үлкен иттің кесірінен Питерде мыңдаған адамның қаны төгілді. Сол үлкен иттің кесірінен, міне, мен елімнен, отбасымнан айырылып, алыста, абақтыда жатырмын. Жоқ, Тұрар, сен шіркеу оқуына түспейсің. Шоқынбайсың да. Бұл барып тұрған масқарашылық. Отаршыл оңбағандардың жексұрын саясаты. Ал бірақ мына арызды қанағаттандырмауы әбден ықтимал. Ондай жағдайда, Рысқұл каторгаға кетіп, сен қалған жағдайда, Приходьконың қармағынан құтылуға тырыс. Тұрар бауырым, Пішпекке, не Әулие-Атаға барып, қалайда оқуға түсуге тырыс. Сен өте жассың. Бірақ жағдай сені есейтті. Ерте есейдің, бауырым. Бұл қалада қалма. Приходько оңбаған сенің санаңды улап, өз халқының жауы етіп баулымақ. О, залым ит! Алданба, Тұрар!
Әлгі арызға жауап көп кешіккен жоқ. Облыстық басқарма Верный полицмейстірі арқылы мына мәнді жауап қайтарды:
«Верный полицмейстріне.
Облыстық басқарма Верный түрмесінде жатқан каторжник Рысқұл Жылқайдаровқа мынаны хабарлауыңызды тапсырады...
Оның арызы қанағаттандырылмайды. Ереженің 120-шы статьясына сай, жасы он төртке жетпеген балалар каторгаға ата-анасымен бірге айдалуға жатпайды.
Осы жауапты хабарлағаныңыз туралы Рысқұл Жылқайдаровқа қол қойдырып, қағазды полиция Басқармасында сақтаңыз.
Вице-губернатор Осташкин.
31-мамыр 1906 жыл. № 8465».
1906 жылдың маусым айының тамылжыған таңында Рысқұл камерасының құлпы соңғы рет салдырлады. Рысқұл өзіне жыл жарым мерзім мекен болған тас зынданмен қоштасты. Ол соңғы рет айқыш-ұйқыш сом темірді терезеге қарады. Қуқыл аспанның қиығы көрінді. Беторамалдың көлеміндей ғана қиық. Ізбайша тігіп берген шашақсыз орамалдай. Аспанның алақандай көлемін көріп, Ізбайша есіне түскенде, Рысқұлдың бүйрегі бір бүлк етті. Тым болмаса, қоштаса да алмай қалатын болды. Енді қайтып тірідей көрісуге тағдыр жаза ма, жоқ па – белгісіз.
Қоштасып, арыздасып қалу керек-ақ еді. Құдай қос көрмеді. Ізбайша жазды деген тілхатқа Рысқұл сенген жоқ. Жүрегі құрғыр ит қапқандай қапалы. Суынар, суалар кезі болса да жүректегі сезімді сылып алып тастауға ешкімнің әлі келмейді екен.
Ізбайша мен Түйметайдан көз жазғалы екі жылға жақындады. Олардан айырылу қиын да болса, уақыт өткен сайын бет-жүзі, елесі көмескілене берген.
Ал Тұрардың жөні бір басқа. Түрмеге түскеннен бастап, түн баласы өзімен бірге болған ұлының иісі әкенің жан дүниесіне қылышпен қырып жусаң да кетпестей болып сіңіп қалған. Енді сол Тұрармен айырылысатын қиямет-қайым азабы азынап тұр.
Бүгін түні бойы ол баласын бауырына қысып жатты. Амал жетсе, Рысқұл өзінің көкірегін жарып жіберіп, жалғыз жәдігерін қалталы қасқыр сияқты кеудесіне жасырып, алыс сапарға өзімен бірге ала кетер еді, оған айла жоқ.
Түні бойы көз ілмей, қиянаттан мұздаған жүрегін жылытқысы келгендей, Тұрардың ыссы басын кеудесіне қысып жатты. Бұл түні оған өткен-кеткен хикаяны айтып, мазалаған жоқ. Айтар әңгіме айтылып болған. Рысқұлдың керсоқпақ, кескілескен қиын өмірі баласының басында үлкен бір кітап болып жазулы жатыр. Рысқұл оқымаған жан болғанмен, көкірегі ояу адам еді. Түрменің ұзақ түндерінде баласын ұйқыдан қысып отырып айтқан сырлары зая кетпес. Тұрар енді бір жиырма жылдан кейін ұлы жазушымен дос болып, өз әкесінің басынан өткен шытырман шындықты оған, арман атысындай етіп айтып берер. Содан барын «Қараш-Қараш» туар...
Рысқұлдың есіне, Саймасайды атар алдында, бір түп бұта басында отырған кішкентай шымшық түсе кетті. Қар суырған ызғырық жел қос қанатын кеулеп, жүнін қобыратқан сол шымшық тырмысып бұтадан тырнағын айырмай қасарысып қалып еді.
– Балапан, – деді Тұрардың басын мүйізгек алақанымен сыйпап. – Қанаты қатаймаған балапаным, қара дауылға қарсы ұша алармысың сен? Ығы жоқ, селдір бұтаның басында жалғыз қалдың-ау, сен! Атасына нәлет! Күңей-күйрек болма, бірақ. Өлмейсің! Сұп-суық сұрғылт күлдің арасында сөнбей жатқан бір түйір шоқтай болып, қалың қара бұлттың арасынан жылт етіп, анда-санда күн де көрінер. Жүдеме! Жарлының жан серігі – жасымау. Жасыма! Ұқтың ба, Тұрар?
– Ие, көке, – деді ояу жатқан баласы әкесінің қырсығы қалың, қыртысы мол мойнын қыса түсіп.
Соңғы рет камераның есігі ашылды. Пішпектен кеше келіп жеткен этап бүгін ертелеп жолға шықпақ. Таңғы салқынмен жүріп, ыстық түскенше жол өндірмек. Пішпектен шыққан аттар ауыстырылды. Арбалардың күпшектері майланды. Айдауылдар жаңарды. Азық-түлік тиелді. Қырғызстаннан келе жатқан каторжниктер отырған арбалар Верный түрмесінің алдына келіп, дайын тұрды.
Рысқұлдың аяғын кісендеп, аулаға алып шыққан кезде әлі таң бозала болатын. Түрменің іші құлаққа ұрған танадай, айдаладағы алып моладай тып-тыныш еді. Кенет қаңғыр-құңғыр, шақыр-шұқыр дыбыстар абақтының ішін кернеп ала жөнелді. Рысқұл түкке түсінбей, бұл салдыр-күлдір аяғымдағы кісеннің дыбысы шығар деп қалған. Сөйтсе, Александр Бронников жатқан саяси тұтқындар камерасының терезелері екен. Қайдан естігені белгісіз, Бронников Рысқұлдың дәл қазір айдалып бара жатқанын біліп, өз жолдастарымен бірге терезе торларын тоқпақтап тұр екен. Бұл қоштасу белгісі еді. Ғаламат сәтінде соғылған шіркеу қоңырауларындай осынау үн түрме қызметкерлерін үрейлендіріп жіберді.
Әкесін каторганың алыс сапарына шығарып салуға ілесе шыққан Тұрар мына қаһарлы үнге құлақ түріп, әкесінен айырылу қайғысын ұмытып кеткендей:
– Дядя Саша, – деп айқайлап жіберді.
Іш жақтан Бронников те айқайлаған. Бірақ оның үнін тас қамал естірткен жоқ. Не айтқаны белгісіз.
Айдауылдар Рысқұлды ауладан шығарып әкеткенше асықты. Кісендеулі аяқтың адымы қысқа. Кісеннің салдыры камера терезелерінің тарсылына қосылып, қоштасу әрі қосылысу гимнің шарықтатып әкеткендей. Мына беймезгіл таңда бүкіл Алматы зіл ұйқыдан оянып, әлдебір таусоғар толқынның, тақтарды сықырлатар соққының алыс сарынын естігендей, елеңдеп қалған сияқты.
Бұдан бір жарым жыл бұрын Рысқұл өзі келіп тарсылдатқан қақпа артта қалды. Тоқ аттар жегілген қос арба көлденең тұр екен. Алдыңғы арбада екі тұтқын, екі айдауыл. Соңғы арбада бір тұтқын, қос айдауыл. Бұл арбада да енді екі тұтқын болады. Рысқұлдың серігі – жасы өзімен шамалас қызыл шырайлы, қияқ мұртты қапсағай қырғыз екен.
– Е, туған, еми жолдаш болған турбайбызбы, – деп Рысқұлды көңілдене қарсы алып, құйрығымен жылжи ығысып, қасынан орын берді.
Верный түрмесінің өкілдері этап айдауылдарының бастығына каторжник Рысқұл Жылқайдаровтың тұтқындық Делосын табыстады.
Арбалардың дөңгелегі қозғала берген кезде, Тұрар әкесінен айырылғанын енді шын сезгендей, үстіне біреу май құйып, от қойып жібергендей, тұла бойы лап етіп:
– Көке! – деп шыңғырып жіберді де, өзін ұстап тұрған айдауылдың қолынан жұлқынып шығып арба соңынан етпеттей ұмтылды. Арбаның артында аяғын салаңдатып жіберіп, әкесін қалқалап отырған түкіс айдауыл баланың кеудесіне мылтықтың істігін тіреп, жақындатпады. Аттардың жүрісі қатайып, дөңгелектердің айналуы жылдамдаған сайын бала алқынып, адымы арбаның жылдамдығына жетпей, амалсыздан істіктен қос қолдап ұстай алып сүйретіліп бара жатты.
– Вот чертенок, вот киргизенок! – деп айдауыл ашуланды. Мылтықтың дүмін қаттырақ итерсе, істік баланың кеудесіне кірш етіп кіріп кетердей. Енді бір сәтте бала істікті қоя бере салып, ышқынып алға ұмтылып, қолын соза бергенде әкесінің белбеуіне саусағы ілінді. Белбеу ертеде шуда жіптен тоқылған ескі еді. Түрмеге келгенде оны айдауыл шешіп алып, камераға ала кіруге рұқсат етпеген. Тұтқында жатқан адамға белдік, белбеу ұстау уставқа жатпайды. Содан жаңа түрмеден шығарда ескі белбеуді Рысқұлға қайтып берген.
Тұрардың саусағы ілінген белбеудің шуда жібі сетінеп, бір талшығы баланың уысында қалып ыдырай берді. Арбадан екі-үш адым кейін қалып қойғанда да әкесі мен екі араны әлгі шуда жіп жалғап келе жатты. Белбеу жіп тарқатыла-тарқатыла таусылғандай еді. Алыстан қараған адамға бақытты бір бала батпырауық ұшырып, ойнап бара жатқандай көрінер. Ал мына баланың бар үміті тарқатылған белбеу жібінде ғана қалғандай, өкпесі қабынып, өті жарылып, жаны мұрнының ұшына қонақтап, зымырап келеді. Баланың бұл жан далбасасын әуелі қызық көрген артқы айдауыл ойын түбі өрт болып жүрмесін дегендей, әке мен баланың арасын жалғап келе жатқан әлсіз жіпті штыкпен қиып кеп жіберді. Сол сәт бала қолымен ауа қармап, ұмтылып-ұмтылып барып, етпетінен құлап түсті. Жіптің шұбатылған жалғауын тұтып қалғысы келгендей, кішкентай қолын алға соза құлады.
Жіппен бірге жаны қоса үзіліп кеткендей Рысқұл:
– Тұрар! Тұр орныңнан! – деп итіне беріп еді айдауыл аяқ-қолы кісендеулі тұтқынды кеудесінен итеріп қалып, арбаға оп-оңай шалқалатып түсірді.
Тұтқын қырғыз сонда Рысқұлды иығымен демей беріп, аңыратып ән салды:
Аа-аһа-а-а! Аа-аһа-а-а!
Сағынғанда бир келерсің,
Сарғайғанда бир келерсиң,
Ала-тооның баурына-а-а..
Рысқұл өз құранының бір ауыз сүресін ішінен қайталады:
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір алладан...
Алды тұман, арты мұнар, алыс жол басталды. Ноқта сыймас әзиз басқа тура құрық түскен соң, тырп етуге шама жоқ, тек кісен сылдырлайды...
(Бірінші кітаптың соңы)

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет