354-бап. Магистральдық құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу
1. Магистральдық құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезiнде қауiпсіздiк қағидаларын бұзу, егер бұл іс-әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, –
бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге не iрi залал келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 354-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
355-бап. Құбырларды қасақана зақымдау немесе қирату
1. Құбырларды, оның ішінде мұнай-газ құбырларын қасақана зақымдау немесе қирату –
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан;
2) бірнеше рет жасалған;
3) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет –
бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген:
1) қоршаған ортаны ластауға әкеп соққан;
2) ірі залал келтіруге әкеп соққан;
3) қылмыстық топ жасаған;
4) абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 355-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.