390-бап. Билік өкiлiнiң немесе жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын өз бетiмен иемденіп алу
1. Билік өкілеттіктерін алу мақсатында билік өкiлiнiң немесе жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын өз бетiмен иемденіп алу –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Билік өкiлiнiң немесе жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын осы негiзде қылмыс жасаумен ұштасқан өз бетiмен иемденіп алу –
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Билiк өкiлеттiктерiн алу мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгiленген лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын өз бетiмен иемденіп алу –
бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 390-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
391-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын заңсыз көтеру
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын сауда кемесiнде заңсыз көтеру –
бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 391-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.