51-бап. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу осы адамның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, мәжбүрлеу тәртібімен орындалады.
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу – қосымша жаза түрі ретінде, ал қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін негізгі де, қосымша да жаза түрі ретінде тағайындалуы мүмкін.
Сот осы жаза түрін қосымша жаза ретінде тағайындаған кезде бұл негізгі жаза түрі өтелгеннен кейін немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 161-бабы бірінші бөлігінің 3), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша оны одан әрі өтеуден босатылғаннан кейін, ал шартты түрде соттау қолданылған жағдайларда үкім заң күшіне енген кезден бастап орындалады.
Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-БӨЛІМ. ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ
52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында белгiленген шектерде және осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана, ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза түрі тағайындалады. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарынасәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен онша қатаң емес жаза тағайындау үшiн негiздер осы Кодекстiң 55-бабында айқындалады.
3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.