1. Егер сот бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындағанда сотталған адамның жазаны өтемей түзелуi мүмкiн деген түйінге келсе, ол тағайындалған жазаны шартты деп санауға қаулы шығарады.
2. Шартты түрде соттауды қолдану кезінде сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, кінәлі адамның жеке басын, оның iшiнде жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды ескередi.
3. Шартты түрде соттауды тағайындау кезінде сот осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған мерзіміне, ал кәмелетке толмағандарға алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгiлейдi.
Шартты түрде сотталғандағы пробациялық бақылау кезеңінде онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты қайталап жасаған кезде де кәмелетке толмағандарға шартты түрде соттау қолданылуы мүмкін.
Пробациялық бақылау сот қосымша жаза түрі ретінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуді тағайындаған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам шартты түрде сотталған кезде белгіленбейді.
4. Шартты түрде соттау кезiнде шектеулердің және жазаның қосымша түрлерi тағайындалуы мүмкiн.
5. Шартты түрде соттау кезiнде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары тағайындалуы мүмкiн.
6. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде, адамды аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін соттаған кезде адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
Ескерту. 63-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) ); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.