118-бап. Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ)жұқтыру
1. Басқа адамды АИТВ жұқтыру қаупiне көрiнеу душар ету –
екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Өзiнде АИТВ бар екендiгiн бiлген адамның осы ауруды басқа адамға жұқтыруы –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, екi немесе одан да көп адамға қатысты не көрiнеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекет –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді жасаған адам, егер АИТВ жұқтыру қаупіне душар болған не оны жұқтырған басқа адам біріншісінде осы аурудың бар екендігі туралы уақтылы ескертілген және жұқтыру қаупін туындатқан әрекеттерді жасауға өз еркімен келіскен жағдайда, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Ескерту. 118-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
119-бап. Қауiптi жағдайда қалдыру
1. Өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi жағдайдағы және сәбилiгiне, қарттығына, науқастығына қарай немесе өзге де дәрменсiз күйi салдарынан өзiн-өзі сақтап қалу шараларын қолдану мүмкiндiгiнен айырылған адамды көрiнеу көмексiз қалдыру, егер кiнәлi адамның сол адамға көмек көрсету мүмкiндiгi болған немесе сол адамға қамқорлық жасауға мiндеттi болған не оны өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күйге өзі түсірген жағдайларда, –
бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгі мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Көмексiз қалдырылған адамның денсаулығына абайсызда ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, көмексiз қалдырылған адамның абайсызда өліміне әкеп соққан іс-әрекет –
үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет –
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.