4-тарау. БЕЙБIТШIЛIККЕ ЖӘНЕ АДАМЗАТ ҚАУIПСIЗДIГIНЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАР
160-бап. Басқыншылық соғысты жоспарлау, дайындау, тұтандыру немесе жүргiзу
1. Басқыншылық соғысты жоспарлау немесе дайындау –
он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Басқыншылық соғысты тұтандыру немесе жүргiзу –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады.
Ескерту. 160-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
161-бап. Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу немесе жария түрде шақыру
1. Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу немесе жария түрде шақыру –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адам жасаған дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
162-бап. Жаппай қырып-жою қаруын өндiру, иемдену немесе өткізу
Қазақстан Республикасының халықаралық шартында тыйым салынған химиялық, биологиялық, ядролық, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруының басқа да түрiн өндiру, иемдену немесе өткiзу –
бес жылдан он жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
163-бап. Соғыс жүргiзудiң тыйым салынған құралдары мен әдiстерiн қолдану
1. Әскери тұтқындарға немесе азаматтық тұрғындарға қатыгездікпен қарау, азаматтық тұрғындарды депортациялау, оккупацияланған аумақта ұлттық мүлiктi жою немесе тонау, Қазақстан Республикасының халықаралық шартында тыйым салынған құралдар мен әдiстердi қарулы қақтығыста қолдану –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шартында тыйым салынған жаппай қырып-жою қаруын қолдану –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады.
Ескерту. 163-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).