Қол қойылатын бонус жер қойнауын пайдаланушының келiсiм-шарт жасалатын аумақта жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығы үшiн бiржолғы тiркелген төлемi болып табылады.
Қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшерлерiн пайдалы қазбалар көлемi мен кен орнының экономикалық құндылығы ескерiлген есеп негiзiнде Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi. Қол қойылатын бонустың түпкiлiктi мөлшерiн жер қойнауын пайдалануға құқық алуға өткізілген инвестициялық бағдарламалар конкурсының нәтижелері бойынша комиссия белгілейді және ол жер қойнауын пайдалану үшін берiлетiн кен орындарының (келісім-шарт аумақтардың) экономикалық құндылығы есепке алынып, келiсiм-шартта бекiтіледi, бiрақ бастапқы мөлшерлерден төмен болмауы керек. Қол қойылатын бонус келiсiм-шарт күшiне енген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмей бюджетке төленеді. Жер қойнауын пайдаланушы қол қойылатын бонус бойынша декларацияны тiркелген жерi бойынша салық органына төлеу мерзiмi басталған айдан кейiнгi айдың 15-iне дейiн табыс етедi.