Күрделі етістіктер Мағыналары
алып келме ———іс-әрекеттің керек еместігі, тыйым салу;
алмай кел————алғашқы әрекеттің қажетсіз болғанымен, кейінгі әрекеттің жүзеге асуы;
алмай келме——-екі әрекетте де болымдылық мән бар.
сұрап алма———іс-әрекеттің мүлде қажетсіздігі, тыйым салу;
сұрамай ал———кейінгі әрекеттің алғашқы әрекетсіз-ақ болуы, яғни шек қоймау, тыйым салмау;
сұрамай алма———алдыңғы әрекетсіз кейінгі әрекеттің жүзеге аспайтыны, бірақ екінші әрекеттің болуына мүдделілік.
келе кетпе——іс-әрекеттің іске аспауына немқұрайлылық;
келмей кет ——алғашқы әрекетсіз-ақ кейінгі әрекеттің орындалуы;
келмей кетпе——-міндетті түрде іс-әрекеттің болуы.
Күрделі етістіктің барлық сыңарларына болымсыздық қосымшасы жалғанғанда әр қилы мағына жамайтындығы байқалады.
Аналитикалық етістіктер Мағыналары
көріп алмады——-субъект көре тұра әдейі істемегендікті білдіреді;
көрмей алды——-қарамай-ақ алу, яғни немқұрайлылық мәнін білдіреді;
көрмей аламайды ——-алдымен көзі жетіп, байқап барып алу дегенді білдіреді.
айта жүрмеді——іс-әрекеттің жол-жөнекей болса да орындалмағанын білдіреді;
айтпай жүрді——іс-әрекет мүлде орныдалмады;
айтпай жүрмеді——-іс-әрекеттің болуы.
Келтірілген мысалдардан байқағанымыз, болымсыздық жұрнағы аналитикалық етістіктердің алғашқы да, соңғы да, екі сыңарына да бірдей жалғануға қабілетті. Күрделі, аналитикалық етістіктердің сыңарларына -ма, -ме болымсыздық формасы әртүрлі позицияда жалғануына қарай олар арқылы берілетін мағыналар да әртүрлі реңкке ие болады.
Ы. Маманов зерттеулерінде күрделі етістіктердің алғашқы, соңғы сыңарларындағы болымсыздық жұрнағының беретін мағынасы айтылмағанмен, үшінші нұсқадағы күрделі етістікте екі сыңарға да жалғанған қосымша бірігіп, болымсыздық мағына беретіндігін айтқан. Дегенмен де, алдыңғы мысалдардан байқалғандай, кей жағдайда екі сыңар бірдей мағына берсе, кейде мағыналық жақтан екі бөлек әрекетті білдіреді.
Ы.Маманов етістіктерді есім сөздерден айырудың басты бір тұлғалық ерекшелігі – оның болымсыздық формасы дей келе, -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе морфемасы етістіктің негіздері мен жіктелетін формаларының шегін айыратын қосымша деп көрсетеді. Ғалым етістіктің болымсыздық түрін білдіретін -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшасы және емес, жоқ сөздері барлық формаларда бірдей талғамсыз қолданыла бермейтінін ескертіп, өзіне қатысты мынадай етістік формаларында жұмсалатынын көрсетеді:
1. Етістіктің көсемше, шартты рай, бұйрық рай формаларының болымсыз түрі тек қана -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары арқылы жасалады, яғни оларға емес, жоқ сөздері қатыспайды (оқымапты, оқымай, оқымаса, оқымасын т.б.). Расында, «келе жоқ», «келе емес» немесе «барса емес», «барсын емес» деген сөз тіркестері тілімізде мүлде қолданылмайды.
2. Өткен шақ есімше (-ған, -ген, -қан, -кен) формасының болымсыз түрі -ма, -ме және емес, жоқ сөздерінің қатысы арқылы жасалады (бармаған, барған емес, барған жоқ т.б.).
3. Болжалды есімше (-ар, -ер, -р), дағдылы есімше (-атын, -етін, -йтін) және осы шақ есімше (-ушы, -уші) формаларының болымсыз түрі -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшасы және емес шылауы арқылы жасалады (бағынар емес, келетін емес, келмекші еді). Бұл арада -ушы, -уші формасына біткен есімшеге емес, жоқ сөздері -ма, -ме… қосымшалары түбірде бар болса да, жоқ болса да тіркесуге қабілетсіз деп санаймыз. Өйткені «барушы емес – бармаушы емес», «сөйлеуші емес – сөйлемеуші емес» т.б. деп қолдану сауатсыздықтың белгісі болар еді.
4. Етістік формаларының ішінде ниет есімшенің (-мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) болымсыз түрі тек қана емес шылауы арқылы жасалады (бармақ емес, келмекші емес, айтпақ емессің т.б.). Ғалымның бұл жердегі айтпағы – «бармақ», «бармақ жоқ», «күлмек», «күлмек жоқ» сияқты тіркестер айтылмайды. Дегенмен, «Кел демек бар, кет демек жоқ», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» сияқты мақал-мәтелдерде «жоқ» сөзі -мақ, -мек… жұрнақты ниет есімшемен тіркеседі. Бірақ әрқайсысы жеке сөйлем мүшесінің қызметін атқарады (кел демек – бастауыш, бар – баяндауыш, кет демек – бастауыш, жоқ – баяндауыш).
Ы.Маманов етістіктің болымсыз түрінің үш вариантының (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе; емес; жоқ) арасында әрқайсысының өзіне тән семантикалық ерекшелігі барын аңғара білген. Мәселен, «Балықшылар бұл араға келген жоқ» немесе «Балықшылар бұл араға келген емес» деген екі сөйлемде де етістіктің болымсыз түрі «кел» етістігімен бірлікте айтылып тұр. Бірақ бірінші сөйлемде балықшылардың келмегендігі жөнінде жай хабарлау болса, екінші сөйлемде жай хабарлау емес, оның ешқашан келмегендігі баса көрсетіліп тұр. Керісінше, етістіктің -ма, -ме қосымшасы және жоқ сөзі арқылы жасалған болымсыз түрінің бір-біріне мағыналары өте жақын. Бұларды алмастырып айтқаннан бәлендей айырмашылық болмайды (Ол бүгін сабаққа келмеді немесе келген жоқ).
Етістіктің болымсыз түрінің мағыналары мен қолданылу дәрежесінің бірдей еместігі мынадан көрінеді: -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшасы етістіктің болымсыз түрін жасауда ниет есімшеден басқа (-мақ, -мек) барлық етістіктерге қатысты қолданылады. Емес шылауы барлық есімше формаларының болымсыз түрін жасауға қатысты қолданылады. Ал жоқ сөзі тек өткен шақ есімшенің болымсыз түрін жасауға қатысады (жазған жоқ, көрген жоқ)
Ы.Мамановтың етістіктің болымсыздық жұрнақтарына байланысты айтқан тағы бір маңызды тұжырымы – -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшаларының сөзге жалғану ретімен байланысты айтылған. Осы тұлғалардың етістікке жалғану ретін сөзжасамдық тұрғыдан тани білуі ғалымның етістік сөзжасамына қосқан бірден-бір жаңалығы деп тану керек.
Ы.Мамановтың етістіктерді лексика-грамматикалық сипатына қарай негізгі және функциялық етістік деп екі топқа бөлгендігі белгілі. Осы екі топты айырудың басты белгісі ретінде ғалым етістіктің болымсыздық формасының (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе) сөзге жалғану ретін көрсетеді: «Негізгі етістікті функциялық етістіктерден айырудың басты критерийі, біріншіден, етістіктің болымсыздық түрін жасайтын -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары негізгі етістіктерге тікелей жалғанады. Функциялық етістіктің грамматикалық көрсеткіштері – морфемалары осы болымсыздық қосымшаларынан соң жалғанады. Былайша айтқанда, болымсыздық қосымшалар -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе негізгі етістіктер мен функциялық етістіктердің шегарасын көрсетіп тұратын белгі ретінде жұмсалады». Ғалымның пікірінше, болымсыздық форманың алдында келген морфема түбір (туынды) етістікке жатып, жалғанған қосымшалар сөзжасамдық жұрнақтар болады да, кейін жалғанған қосымшалар сөзжасамдық емес, яғни форма жасаушы қосымшалар болып табылады. Ғалымның осы критерийі күні бүгінге дейін етістіктің сөзжасамдық және формажасамдық қосымшаларының ара-жігін айырудың шарты (критерийі) ретінде маңызын жойған жоқ. Осы критерийге сүйеніліп, қаншама ғылыми пайымдамалар, тұжырымдар жасалды.
Етістік сөз табын зерттеушілер Ы.Мамановтың осы критерийін басшылыққа алып, етіс, күшейтпелі етістік формаларын түбірдің лексикалық мағынасын өзгертпеуіне қарамастан олардың -ма, -ме тұлғасынан бұрын жалғанатынын тиек етіп, оларды сөзжасамдық жұрнақтарға жатқызады.
Алайда, Ы.Маманов, біздің ойымызша, негізгі етістіктерді түбір және модификациялық етістіктерге жіктеп, функциялық етістіктерден оларды бөлек топ етіп қарастырғанда сөзжасамдық белгіні негізге алмаған. Өйткені модификациялық етістіктерді ғалым түбір етістіктерден туатын грамматикалық категориялар деп санайды. Оны ғалымның мына пікірінен көруге болады: «Етіс, күшейтпелі етістік, күрделі етістік негіздері түбір етістіктерге таза грамматикалық мағына үстейтін модификациялы формалар болып табылады. Бұл модификациялы формалар өзінің морфологиялық түрленуі және синтаксистік қызметі жағынан түбір етістіктермен ұқсас болып, негізгі етістік тобына жатқанымен өзінің грамматикалық мағынасы жағынан бұлар түбір етістіктерден бүтіндей басқа категория. Яғни бұлар түбір етістіктердің лексикалық мағынасын өзгертпей, оларға грамматикалық мағына үстейтін таза морфологиялық тұлғалар»
Етістіктің болымсыз түрін Ы.Маманов етістік негіздері мен жіктелетін формаларының (етістіктің рай, шақ, есімше, көсемше тұлғалары) шегін айыратын қосымша деп анықтаса, А.Хасенова (А.Қалыбаева) болымсыздық тұлғаларын түбірдің лексикалық мағынасын өзгертіп тұрған жоқ деп, оны таза грамматикалық топқа қосады
«Болымсыз етістік көрсеткіші сырт тұлғасы жағынан етіс, күшейтпелі етістік қосымшалары сияқты түбірдің грамматикалық ерекшеліктеріне сәйкес келеді, бұлардың грамматикалық сипаты бір-біріне жақын, 2-жақ бұйрық раймен сәйкес, тікелей жіктелмейді. Семантикалық жағынан болымсыздық етістік тұлғасы түбір білдіретін мағынаға өзгеріс ендіреді. Яғни түбір білдіретін қимылдың болуын емес, керісінше болмауын көрсетеді, сөйтіп, тікелей түбір семантикасына әсер етеді, ал рай, шақ (есімше, көсемше), жақ тұлғалары түбір семантикасына (мағынасына) ешбір әсер етпей, тіке соның үстіне қосымша мән (грамматикалық мағына) үстейді. Міне, осындай лексика-семантикалық және грамматикалық сипаттары жағынан болымсыз етістік тұлғасы рай, шақ, есімше, көсемше тұлғаларынан гөрі етіс, күшейтпелі етістік тұлғаларына жақын болғандықтан, оны (болымсыз етістікті) да етістіктің лексика-грамматикалық категориясы қатарына жатқызған дұрыс» – дей келе, С.Исаев етістіктің грамматикалық категорияларын лексика-грамматикалық және таза грамматикалық деп екі топқа жіктеп көрсетеді. Лексика-грамматикалық топқа салт-сабақты етістік, етіс, күшейтпелі етістік немесе көрініс, болымсыз етістік категорияларын, ал таза грамматикалық топқа рай, шақ, жақ категорияларын жатқызады.
С.Исаев етістіктің болымсыздық түрін грамматикалық категориялар қатарында көрсетеді. Қазақ тіл білімінде грамматикалық ұғымдардың (грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория) тілдік табиғатын ғылыми тұрғыдан айқындап берген ғалымның пікірінше, грамматикалық категория болу үшін оның құрамында кемінде екі грамматикалық мағынасы бар грамматикалық формалардың жиынтығы болу керек. Осы жағынан болымсыздық мағына бар жерде болымдылық мағына қатар жүреді. Яғни етістік түбіріне -ма, -ме тұлғалары жалғанбағанда ол қимыл-әрекет болымдылық мәнді білдіреді, ал -ма, -ме тұлғасы жалғанғанда қимыл-әрекетке болымсыздық мағына үстейді. Олай болса, бұл жерде екі грамматикалық мағына бар, олар: бірі – болымдылық, екіншісі – болымсыздық. Болымсыздық мағынасын -ма, -ме… қосымшалары білдірсе, түбір нөлдік формада тұрып болымдылық мағынаға ие болады. Осы бір-біріне әрі ұқсас, әрі ішінара қарама-қарсы лексика-грамматикалық мағынаны білдіретін грамматикалық формалар жиынтығы өз алдына топ болып, грамматикалық категория құрайды.
Сонымен жоғарыда болымсыздық категориясы туралы айтылған мәселелерді жинақтап, мынадай тұжырымдар шығаруға болады:
- Ы.Маманов -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе болымсыздық формасын етістіктің негіздері мен жіктелетін формаларының шегін айыратын қосымша деп көрсетеді;
- -Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары құранды етістіктің соңғы сыңарына жалғанғанып, іс-әрекеттің болуына мүлде тыйым салу мағынасын білдіреді;
- -Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары күрделі және аналитикалық етістіктердің екі сыңарына да бірдей жалғана береді, болымсыздық формасының әртүрлі позицияда жалғануына қарай олар білдіретін мағыналар да әртүрлі реңкке ие болады;
- Ы.Маманов етістіктің болымсыз түрінің үш вариантының (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе; емес; жоқ) әрқайсысының өзіне тән семантикалық ерекшелігі барын аңғара білген;
- Ы.Маманов болымсыздық форманы сөзжасамдық және формажасамдық қосымшалардың шегін айыратын тұлға ретінде көрсеткен; болымсыздық тұлғаның алдында келген қосымша сөзжасам қосымшасы, ал соңынан жалғанған қосымша форма тудырушы қосымша болады деген концепция ұсынған;
- болымсыздық қосымшасын С.Исаев, түбір семантикасына сәл де болса өзгеріс енгізетінін негізге алып, лексика-грамматикалық категориялар тобына жатқызады.
Қорыта келгенде, Ы.Мамановтың етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясына қатысты тұжырымдары қазақ тілі грамматикасына қосылған үлкен үлес деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |