Тың игерудің салдары : Көптеген жылдар бойы тың жерлерді игеру партия көрегендігі, мемлекет жеңісі ретінде дәріптеліп келді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы ештеңе айтылмады және айтылуы да мүмкін болмады.
Ең алдымен Қазақстанға келген тың көтерушілер арасында арамтамақтар мен қылмыскерлер де болды. 1954-1955 жылдарда Қазақстанға келген 650 мың тың игерушінің 150 мыңы ғана механизаторлар болды. Нәтижесінде, көптеген тәртіп бұзұшылдықтар, қылмыстар болып тұрды.
1) Тың игеруге байланысты жайылымдар мен жем-шөп дайындайтын алқаптардың көлемі тарылды.
2) Мал шаруашылығының дамуы артта қалды. Мал шаруашылығының азаюына байланысты ет, сүт өнімдерінің көлемі де азайды.
3) 1956 жылы Отанға тапсырылған млрд. пұт Қазақстан астығы уақытында жиналмай қар астында қалды, біразы іріп-шіріп кетті.
4) Сырттан келген мамандардың тұрақтамауы жаппай етек алды.
3. Қазақстан 60 жылдардың ІІ жартысы мен 80 жылдардың басында. Қоғамдық-саяси жүйе. 60 жылдардан бастап мемлекет Кеңестерді дамыту ісіне басты көңіл бөлді. КОКП-ның ХХІІ съезінде Кеңестердің беделін арттыру туралы мәселе қаралды. Осы кездегі қоғамның саяси жүйесінде елімізде еңбек ететін барлық жүйеден өкілдер құрамына кіретін КСРО Жоғарғы Кеңесінің рөлі артты.
1963 жылы Жоғарғы Кеңес депутаттарарының саны 473 болды. Депутаттардың 158-і әйел болды.
Ал Қазақ КСР-нің барлық депутаттар Кеңесінің құрамына 98906 депутат сайланды. Бірақ Жоғарғы Кеңес партия нұсқауы негізінде жұмыс істеді.
Кәсіподақ қызметі де бұл кезде жандана түсті. 1966 жылы кәсіподақ құрамында 4 млн-ға жуық адам болды. 1960 жылы мемлекеттегі рекреациялық қорлар кәсіподақ қарамағына берілді. 1961 жылы ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері кәсіподақтың билігіне көшті. Социалистік жарыстар ұйымдастыру, еңбекшілердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайларын реттеу кәсіподақтың міндеті болды. Осындай кең көлемдегі істерді атқару құзырында болған кәсіподақ барлық жағынан партияға бағынышты жағдайда болды.
60 жылдардың ортасында комсомолдың беделі де айтарлықтай болды. 1965 жылы республика жастар ұйымы құрамында 1 млн-ға жуық жастар болса, оның 400000-ға жуығы өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, көлік, байланыс жүйелерінде еңбек етті.
1962 жылы Қазақстан комсомолының X съезінде жастар мал шаруашылық саласын қамқорлыққа алды. Сонымен қатар Қазақстанның 8000-ға жуық комсомол жастары екпінді құрылысқа аттанды.
60 жылдардың басына қарай тағдырдың жазуымен ҚХР-де қалып қойған отандастарымыз оралды. Осы жылдары КСРО-ға ҚХР-ден 350000 адам көшіп келген. Оның 200000-ға жуық адамы Қазақстанға қоныс аударған. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі қазақтармен қатар өзбектер, орыстар, ұйғырлар, дүнгендер де Қазақстан жеріне қоныс аударды. Қоныс аудару кезеңі 1963 жылы аяқталды.
1964 жылы КОКП Орталық Комитетінің пленумы өтті. Пленум барысында партия және мемлекет басшылары арасында ауыс-түйістер туындады. Ең алдымен Н.С. Хрущев КОКП ОК-ның бірінші хатшысы, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатылды. КОКП ОК-ның бірінші хатшысы болып Л.И. Брежнев сайланды. Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметі А.Н. Косыгинге жүктелді. Бұл пленумда негізгі мәселелер Л.И. Брежнев, А.Н. Шелепин, М.А. Суслов, В.Е. Семчастный, Д.А. Қонаев қатысуымен шешілді. М. А. Суслов баяндамасында Н.С. Хрущевті айыптады.
70 жылдардың басында бұрынғыдай социализмнен коммунизмге өту туралы теориялық идея басым болды. Бұл жайлы 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған сөзінде Л.И. Брежнев мәлімдеді.
1977 жылы 7 қазанда КСРО конституциясы қабылданды. Конституцияда қияли болжамдар көп болды. Коммунизмге өтер жол мәселесі, кемелденген социализм теориясы кең таралды.
1978 жылы 20 сәуірде Қазақ КСР-нің конституциясы қабылданды. Бұл Кеңестік жүйедегі Қазақстанның соңғы конституциясы болды. Бұл конституцияда да демократияны шектеу, адам құқығын елемеу т.с.с. қоғамға жат құбылыстар орын алды. Ұлтаралық қатынастарда да келеңсіз жағдайлар көбейді. Республикада орыс тілі «ұлы тіл» ретінде дәріптеліп, қазақ тіліне немқұрайды қарау кеңейді.
1975 жылы ақын, қоғам қайраткері О. Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабы жарық көріп, оқырмандарға ұсынылды. Бұл кітапта орыстың әдеби жырындағы түркі сөздері туралы кең ғылыми деректер келтірілді.