Жыныс жүйесі түтік пішінді, дене қуысында орналасқан, аналығында жұп күйінде сақталса, аталығында түтіктерінің біреуі редукцияға ұшырап тақ болады.
Аскарида аналықтарының жыныс мүшесі өте жіңішке, жіпше тәрізді, жұп жұмыртқа безінен басталады. Оның қабырғасы бір қабатты эпителий клеткаларынан, ортасында ерекше рахис деп аталатын кіндік желі немесе овоциттердің (жұмыртқалардың) өсу аймағы орналасқан. Рахистың төңірегінде жыныс клеткалары қалыптасады. Жұмыртқа безі біршама жуандау, екі жұмыртқа жолына ауысып, олар одан да жуан екі жатынға жалғасады. Екі жатын қосылып жіңішке қынапқа айналады да, ол дененің алдыңғы құрсақ жақ бөлімінде жыныс тесігімен аяқталады.
Аталықтарының жыныс мүшесі аналықтарындай өте жіңішке, жіпше тәрізді тұқым (аталық) безінен басталады. Ол біршама жуандау аталық жолына ауысып, ұрық көпіршігіне жалғасады. Көпіршіктің артқы жағы жіңішкеріп жұқа бұлшықетті түтікшеге немесе тұқым шашқыш өзекке айналады да, ол артқы ішекке ашылады (аналь тесігінің алдында). Осы жерге ерекше жұп шағылысу қалтасы ашылады. Онда көбіне екі немесе одан да көп кутикулярлы ине немесе спикулалары орналасады. Спикуланың ұштары сыртқа шығып, шағылысу кезінде көмекші мүше ретінде қызмет атқарады.
Көптеген нематодтарда спикулаларға қосымша копулятивті бурсалары дамиды. Олар құйрық бөлімінің екі бүйірінде орналасқан, кеңейген және қалыңдаған қанат түріндегі өсінділер. Бурса және спикулалары шағылысу кезінде аналығына бекіну ретінде қызмет атқарады. Сперматозоидтарының талшығы болмайды, Олар жалған аяқтары арқылы амеба тәрізді қозғалады. Жынысты жолмен көбейеді.
Дамуы. Жұмыртқалар жатынның ішінде ұрықтанады. Нематодтардың көпшілігі жұмыртқа салады, сонымен қатар тірідей туатын түрлері де кездеседі (Trichinella туысынан). Тіршілік циклі қарапайым, ұрпақ алмасуы болмайды. Бірақ, кейбір түрлерінде, мысалы бақа өкпесінде паразиттік тіршілік ететін Rhabdias bufonis-тің дамуында гетерогония байқалады (екі түрлі ұрпақтың пайда болуы).
Нематодтардың эмбриональды дамуына детерминативті бөлшектену, бөлшектенудегі жұмыртқаның билатеральды құрылысы және жыныс бастамасының ерте ерекшеленуі тән.
Детерминативті бөлшектену екі бластомер кезеңінен басталады, яғни ұрықтанған жұмыртқа екі бластомерге бөлінеді: біріншісі соматикалық (мүшелік) S, екіншісі - жыныстық Р, (Бовери ұсынған система бойынша бластомераларды әріппен белгілейді). Ішіндегі ірісі S, эктобласт болып саналатын - эктодерманың түзіндісі, ал екіншісі Р, - жыныс бастамасы, сонымен қатар басқа да мүшелердің негізін қалаушы, яғни энтодерманың, мезодерманың түзіндісі. Екінші бластомер келесі бөлінулердің бірінде соматикалық бастамадан арылып, таза жыныс бастамасына айналады.
Детерминацияға байланысты әрбір жеке мүшелер құрамындағы клеткалар саны тұрақты. Мысалы, Шенберг ұсақ нематоданың бір түрінде 68 бұлшықет, 200 нерв, 120 эпидермальды және 172 ішек клеткаларының санын анықтаған. Сол сияқты ірі түрлерінде де клетка тұрақтылығы сақталады. Мысалы, аскариданың нерв жүйесі 162 клеткадан құралған. Осыған байланысты нематодтар регенерациялық қабілетінен айрылған.
Нематодтардың жұмыртқалары тығыз қабыршақпен қапталған. Жұмыртқадан сыртқы пішіні ересек формасына ұқсас личинка шығады. Личинка өсуі мен дамуында төрт рет түлейді, бұл кезде ескі кутикула тасталып, жаңасы түзіледі.
Классификациясы. Нематодтардың систематикасы сезім мүшелерінің және зәр шығару жүйесінің ерекшелігіне негізделген. Нематодтар класы екі класс тармағына бөлінеді: аденофореа - Adenophorea және сецерненттер - Secernentea.