Кіші жастағы мектеп оқушыларын диалогтік, монологтік сөзге үйретудің интербелсенді әдістері мазмұНЫ


Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу әрекетін қалыптастыру мәселесінің зерттелу жайы



бет9/23
Дата29.09.2022
өлшемі0,53 Mb.
#40827
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   23
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу әрекетін қалыптастыру мәселесінің зерттелу жайы

Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылым ретінде XIXғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде көптеген қазақ халқының көрнекті ғалымдары, ақындары мен жазушыларының аянбай еңбек етулерінің арқасында дамыды. Бұл ғалымдар өз еңбектерінде мұғалімдерге бастауыш мектепте қазақ тілін қалай оқыту жөніндегі көкейтесті мәселелерге жауаптарын берді, әрі қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынды. Атап айтқанда, сол жылдары:А.Байтұрсынұлы[14],М.Жұмабаев[15],Ж.Аймауытов[16], Ғ.Бегалиев[17], Т.Шонанов[18] болса, ал кейінгі жылдары: С.Жиенбаев[19], Г.Уәйісова[20], Р.Әміров[21],Ә.Сәдуақасов[22], С. Рахметова[23] болды. Олар еңбектерінің нәтижелерін өздері шығарған бастауыш мектепте қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтарымен, дидактикалық материалдарымен және әдістемелік нұсқаулықтарымен дәлелдеді.


Оқушы тілін дамыту тілдік қатысымдық іс-әрекет арқылы нәтижелі жүргізіледі, өйткені «тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі, тамыры тереңге жеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді»[24].Тіл дамытудағы мақсат – қоғамда қазақ тілі арқылы еркін қарым-қатынас жасауды қамтамасыз ету. Сондықтан тілді қарым-қатынас құралы ретінде оқытуда, үйретуде грамматика қарым-қатынасты жүзеге асыратын тетік қызметін атқарады. Олай болса, оқушының ғылым саласынан игерген білімін тілдік қатынаста тиімді, орынды пайдалана білуге дағдыландыру – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселе.
Бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамыту мәселесіне Ы.Алтынсарин[25], А.Байтұрсынұлы[14], М.Жұмабаев[15], Ж.Аймауытов[16] т.б. ұлы педагогтар өз кезінде ерекше көңіл бөлген болатын. Бірақ қазақ мектептеріндегі тіл дамыту мәселесі, әсіресе, егеменді ел болғаннан кейін ғана ғылыми зерттеу пәніне айнала бастады. Бұл жөнінде бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамытуға арналған С.Рахметова, Т.Әбдікерімова, Г.Уәйісова, Ә.Жұмабаева сияқты т.б. ғалымдардың зерттеулері мен еңбектерін түрлі кітапшалар, мақалалардың жарық көргенін айтуға болады. Дегенмен, кіші жастағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру әдістемесі күні бүгінге дейін ғылыми тұрғыда зерттелген жоқ. Оқушылардың ана тілінде өз сөзін түсінікті, тартымды жеткізу дағдылары нашар қалыптасқан. Мұны мектеп бітіріп келген оқушылардың сөйлеу деңгейінен-ақ байқауға болады. Сонымен қатар, бөбектердің мектепке алты жастан қабылдануы да бұл проблемаға орасан зор көңіл бөлуді талап етіп отыр. Оқушылардың сөйлеу дағдысын кіші жастан бастап қалыптастыру жөнінде ғылыми зерттелген әдістеменің жоқтығы мұғалімдерге қиындық туғызуда. Оқушылардың өз ойын дәл, сауатты жеткізе алмауы осы жұмыстың мектепте жүйесіз, мақсатсыз жүргізілуінде. Мұның барлығы зерттеу тақырыбының өзектілігін көрсетеді.
Ы.Алтынсариннің еңбектерінде тіл дамытуға ерекше көңіл бөлінген [25]. Ағартушы әр сөз табына қатысты сөздерді меңгерту оқушылардың грамматикалық ережелерді дұрыс түсінуге септігі тиетіндігін, әрі сөздік қорлары толығып, тілі дамитындығын, сөздік қорды байытуда қызықты әңгіме айту, сөйлесудің маңыздылығына назар аударған.
А.Байтұрсынұлы да бұл мәселеге көңіл бөлді, яғни, ғалым оқулықтарында тілдің теориялық жағын меңгертумен қатар, тіл дамыту жұмыстары да қамтылған. Мысалы, «Тіл–құралдың» бірінші бөлімінде «Зат есім» тақырыбына қатысты жаттығуларда мақал-мәтел сөйлемдерінен зат есімдерді табу, астын сызу деген тапсырмалар көрсетілген [15]. Мұндай тапсырмаларды беруде әдіскердің оқушылардың теориялық материалдарды меңгеруін ғана емес, тіліміздің асыл қазынасы мақал-мәтелдерді оқып, есте сақтаулары арқылы сөздік қорларын толықтыруын көздегені анық байқалады.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазған әдіскер ғалымдардың бірі – Т.Шонанұлы[26]. Ол оқулық түзуде де, әдістемелік мақалаларында да тіл дамытуға ерекше мән берді. Т.Шонанұлы тіл ширатудағы бала әңгімесі, оқытушының әңгімесі, әңгімелесу, сынып пен мектеп жиылысына араласу, өлең мен тақпақ, сахна ойыны, оқушының баяндамасы секілді әдістердің әрқайсысының ерекшелігін қысқаша сипаттай келіп, мұғалімдерге нақты әдістемелік кеңестер берген. Ғалымның осылайша бастауыш мектепте тіл ширату жұмысының жүйелі жүргізілуі қажеттігі жайындағы пікірлері оның «Тіл дамыту» оқулықтарын жазуына басты себеп болды.
1920-1940 жылдар аралығында мектеп оқулықтары шығарылып, жаппай сауатсыздықты жою мақсатында жұмыстар жүргізілгені анық. Бұл кезеңнің көшбасшысы болған С.Аманжолов[27], Қ.Жұбанов[28] еңбектерінде грамматикалық тақырыпты меңгертумен бірге алған білімді күнделікті өмірде дұрыс қолдануға, дағдыландыруға да көңіл бөлінді. Ш.Х.Сарыбаев та қазақ тілінің сабақтары арқылы тіл дамыту жұмыстарын ескерген. Мәселен, әдіскер еңбектеріндегі «Сұрақ-жауап арқылы пысықтау тәсілі» – оқушыны сөйлеуге мәжбүр ететін, оны ойландыратын, белсенділігін арттыратын тәсіл [29].
С.Жиенбаев тіл дамыту жұмысын: 1) сөздік қорын молайту, 2) сөйлем құрау, 3) кітап оқуға байланысты жұмыстар деп, үшке бөліп қарастырып, олардың әрқайсысы бойынша істелетін жұмыс түрлерін нақты көрсеткен [30]. Сонда ғалым айтып отырған оқушының сөздік қорын молайтудың, оқу, мазмұндау үрдісінде жаңа сөздермен, терминдермен танысу, сөздікпен жұмыс жүргізу арқылы жүзеге асатындығы оқушы тілін дамытуға да қатысы бар. Өйткені оқушылардың қазақ тілінің қай саласынан болсын тақырып ыңғайына қарай жаңа сөздер үйренулері, тілдік терминдерді меңгерулері олардың тіл байлығының толығуының, кәсіби тілде шебер, жүйелі сөйлеуге дағдылануының негізгі шарты деуге болады. Алайда, тіл дамыту жұмысы сөздік қорды толықтырумен аяқталмайды. С.Жиенбаев пікірінше, сол естіген, ұғынған жаңа сөздерді қатыстыра отырып, сөйлемді дұрыс құрап дағдылану, өз ойын жүйелеп, дәлелдеп айта білумен, онда да тек қана айта білу емес, эпитет, теңеулермен көркемдеп сөйлей білгенде ғана жүзеге асады. Оқушы тілін дамытуда бұл пікірдің де орны ерекше, өйткені, тәжірибе барысында оқушы сөздерді дұрыс, орынды қолданып, сөйлеу шеберлігіне дағдыландыруда шешендік сөз үлгілерін, бейнелі сөздерді, мақал-мәтелдерді пайдалану басты назарда болды. Олай болса, әдіскер ғалым пікірінің бүгінгі оқыту үдерісінде, әсіресе, оқушылар тілін дамыту ісінде өміршеңдігін байқауға болады.
Ғ.Бегалиев – бастауыш мектепте қазақ тілін оқытудың әдістері мен тәсілдерін саралаған ғалым. Ол оқушылардың сөйлеу дағдыларын түрлі жаттығулар мен тапсырмалар арқылы қалыптастыру жолдарын атаған. Ғалым оқушылардың сөздік қорын байыту жолдарын ғана емес, сонымен қатар олардың ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жолдарын да қарастырған.Ғ.Бегалиев қазақ тілі әдістемесінде бірінші болып сөздік мәселесін көтеріп, сөздікпен байланысты жұмыстың сегіз түрін көрсеткен [31].
Бұл айтылғандардан бастауыш сыныптарда тіл дамыту мәселесінің ғылыми негізі қаланғаны анықталады. Оны дамытуды кейінгі буын ғалымдар жалғастырды, ол – заңды құбылыс.
С.Рахметова «Бастауыш класс оқушыларының тілін дамытудың ғылыми- әдістемелік негіздері» атты зерттеуінде тіл дамыту бойынша ауызша, жазбаша тіл дамыту әдістемесі, сөз және сөйлемдермен жұмыс жүргізу жолдары, байланыстырып сөйлеу әдістемесі мәселелерін зерттеген. Ғалым бастауыш сыныптарда ана тілін оқытуда сөздік жұмысы, сөз тіркесі мен сөйлем құрау және байланыстырып сөйлеуге үйрету, күнделікті өтілетін сауат ашу, грамматика, оқу сабақтарымен байланысты, біртұтас жүргізіліп отырылса, тіл дамыту жұмысы біршама жүйелі өткізіледі деп тұжырымдайды [32].
Т.Әбдікәрімова «Бастауыш сыныпта мәтінмен жұмыс істеу арқылы тіл дамыту» атты зерттеуінде мәтінмен жасалатын жұмыстың барлық түрін талдай отырып, тіл дамыту мәселесімен байланыста қарастырған. Ғалымның «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарында мәтін түзудің ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыптағы докторлық диссертациясында мәтін арқылы тіл дамытудың әдіснамалық негіздерін –
1) оқылым әрекеті арқылы оқушы тілін дамыту;
2) мәтіннің оқушы сөздік қорын байытуы;
3) айтылым және тыңдалым әрекеті арқылы оқушының тілін дамыту;
4) суретпен жұмыс арқылы шығармашылықты дамыту, – деп талдай келіп, бастауыш сынып оқушыларының тілін мәтін арқылы дамыту мәселесін оқытудың жаңа технологиясы бойынша зерттеген [33].
А.Жапбаров «Қазақ тілін оқыту барысында оқушылар тілін дамытудың әдіснамалық және әдістемелік негіздері» деген тақырыптағы еңбегінде тіл дамыту мәселесінің жүйелі түрде зерттелмеуіне байланысты осы мәселенің терминдерінің әлі анықталмағанын дұрыс көрсеткен: «... қазақ тілін оқытуда тіл дамытудың мәні мен мазмұны толық ашылмады. Тіл дамыту жұмысы жүйе ретінде қаралмады, оның бағыттары, бөлімдері нақты жіктелмеді. Тіпті бөлімдер жұмыс түріне қарай: «Тіл байлығын арттыру», «Тіл стильдерімен жұмыс», «Сөздік жұмысы», «Өз ойын жеткізуге байланысты сөйлем құрау» т.б. немесе «Тіл дамыту», «Тіл ұстарту», «Байланыстырып сөйлеу» деп әртүрлі аталып келді» [34]. Ғалым пікірімен келісу орынды, өйткені термин алалығы күшті екені рас және «тіл дамыту» термині қазір орнығып келеді деуге болады, сондықтан ол толық қабылданғаны, қалыптасқаны дұрыс. Әдіскер ғалым еңбегінде сөз мағынасын меңгеруге байланысты таным, ұғым мәселелеріне де қатысты орынды пікір айтылған. Зерттеуші сөйлеудің лексикалық икемділігі, дағдысы және сөздік қорды байыту мәселесін арнайы қарастырған. Осы мәселеде автор тіл дамытуды үш деңгейге бөліп, сөйлеу икемділіктері мен дағдыларын дамытудың ұстанымдары мен жүйесін белгілеген.
А.Жапбаров оқушы тілін дамытудың төмендегідей ұстанымдарын ұсынған:
– сөйлеу мен ойлауды бірлікте қарау ұстанымы;
– қатысымдық ұстанымы;
– жағдайға, ахуалға лайық, ыңғайлылық (ситуациялық) ұстанымы;
– сөйлеу әрекеттерін кешенді жүргізу ұстанымы;

  • әдеби тіл нормасын сақтау ұстанымы.

Қазіргі заман жағдайында білім беру жүйесі бастауыш мектеп қабырғасында алған білім, білік пен дағды-машықтың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке қол жеткізу мақсатын көздеп отыр. Бұл мақсаттың түпкі шешімі оқушының игерген базалық білімін мазмұнды да дәлелді етіп, әсерлі сөз орамдарымен жеткізе білуіне келіп тіреледі. Сондықтан бастауыш мектепте оқушының қазақ тілінің салалары бойынша меңгеретін білімдері ауызша да, жазбаша да әдемі сөйлеуге дағдыландыратын тіл дамыту жұмыстарымен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Олай болса, оқушының тілін дамытуды кәсіби біліктіліктің негізгі көрсеткіші ретінде дәйектеу зерттеудің өзектілігін нақтылай түседі.
Ең алғаш баланың байланыстырып сөйлеуін қалыптастыруымыз қажет. Себебі, бала байланыстырып сөйлеуді үш тілдік ортада үйренеді: отбасы, балабақша, мектеп. Сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізу әрбір педагогтен байланыстырып сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқыту әдістемесін тәжірибеге кеңінен енгізуді қажет етеді.
Байланыстырып сөйлеу – белгілі бір ойды нақты түрде жеткізу және адамдардың өзара түсінісуі. 2009 жылы Мендаяхова Қуанышкүл «Байланыстырып сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты зерттеу жұмысында байланыстырып сөйлеуге үйретудің әдістемесін жасаған [35]. Ол зерттеу жұмысында С.Рахметова, Б.Баймұратова, Т.Әбдікәрімова, Ә.Жұмабаева, Н.Сламбекова, Р.Базарбекова т.б. ғалымдардың еңбектерін зерттей отырып, «байланыстырып сөйлеу», «байланыстырып сөйлеуге үйрету» ұғымдарының мәнін анықтады. Сөйтіп, байланыстырып сөйлеу дегеніміз – логика мен грамматиканың заңы бойынша құрылған, белгілі бір тақырыпта аяқталған ойды білдіретін және өзара байланысты азды-көпті бөліктерден тұратын біртұтастық; байланыстырып сөйлеуге үйрету – ауызша, жазбаша сөйлеу тілін дамытудың ең жоғарғы деңгейі деген қорытынды жасады.
Бастауыш мектепте оқушылардың бір-бірімен байланыс жасауы үшін сөздік қорларын молайту қажет. Мұғалім әрбір жаңа тақырыпты түсіндіруде оқушыларды жаңалықпен, жаңа термин сөздермен таныстырып отыруы қажет.
Біздің ана тіліміз – қасиетті қазақ тілі өзінің мемлекеттік мәртебесін абыроймен атқарып, міндет жүгін қиналмай көтере алатын аса бай, оралымды да сұлу тіл. Ресей ғалымдарының: «Қазақтың жай сөзінің өзі өлең боп құйылып жатады» (Радлов), «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл – қазақ тілі» (Малов),– деп тамсана таңырқағанын, бұл тілдің айшықтылығын, сұлу да сұңғылалығын есімізден шығармауға тиіспіз [24].
Бүкіл оқыту барысында оқушының тілін дамытып, сөз байлығын арттыру – ең маңызды жұмыстардың бірі. Әрине, бұл бастауыш сыныптан бастап оқушымен үзбей жүргізілетін жұмыстар нәтижесінде ғана іске асады.
Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын байытуда сөздерді үйретудегі ұстанымдар:

  • сөздің оқушылардың күнделікті өмірмен байланыстылығын ескеру;

  • үйретілетін сөздің жеңілдігі;

  • бастауыш сынып оқушыларының ұғымының сөз мағынасына сай келуі;

  • сөздерді оқытылатын тақырыптармен байланысты таңдап алу;

  • сөздердің мағыналық ерекшеліктерін ескеру;

  • сөздердің тәрбиелік, ізгілік ұғымына сәйкестілігін есепке алу және т.б.

Сөйлеуге байланысты мынадай талаптар қойылады: мазмұнды сөйлеу, дәл сөйлеу, жүйелі сөйлеу және мәнерлі сөйлеу.
Сөздік қордың ең маңызды міндеті – оқушылардың ауызекі сөйлеуде қолданатын сөздер қорын толықтыратын сөздікті белсенді ету.
Оқушының тілін дамыту мақсатын шешуде біріншіден, оқушының меңгерген сөзі, сөз байлығы қаншалықты дәрежеде екендігін; екіншіден, оқушыда сөз байлығының, сөздік қорының аз болуының себебін, өзіндік ерекшелігін; үшіншіден, тілін байыту мен дамытуда тиімді әдіс-тәсілдерін алдын ала анықтап белгілеу керек.
Баланың сөздік қорын мынадай жолдармен байытуға болады:

  • қоршаған ортаны байқату, аңғарту (табиғатпен, адамның қоғамдық

және өндірістік еңбегімен таныстыру);

  • үлкендермен қарым-қатынас әңгіме өткізу, кездесу ұйымдастыру;

  • арнаулы тілдік жаттығулар жүргізу;

  • сыныпта және сыныптан тыс оқу (әңгіме мазмұнын талқылау және талдау) барысында т.б. жағдайларда;

Тіл дамыту жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру – оқушының ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттырудың бірден-бір тиімді жолы. Олай болса, тіл дамыту дегеніміздің өзі – оқушылардың сөз байлығын арттырып, әр сөзді орынды қолдануы, сөйтіп ойын жүйелі түрде жеткізе алуы.Әр сабақта осы жұмыстар бойынша тапсырмалар беріп, оқушылардың өздерін сөйлету қажет.
Сондай-ақ, кейінгі жылдары бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесін теориялық және әдістемелік тұрғыдан зерттеп, оның жеке ғылым саласы болып қалыптасуына зор елеулі үлес қосқан ғалымдар: Ә.Сәдуақасов[22], С.Жиенбаев[19], Р.Әміров[21], Ш.Сарыбаев[29], К.Бозжанова[36], М.Жұбанова[37], С.Рахметова[23], М.Жазыбаев[38], И.Ұйықбаев [39], С.Қазыбаев[40], Т.Әбдікәрімова[33], Г.Уәйісова[20], Ә.Жұмабаева[41], М.Ермекбаев[42] және т.б ары қарай тереңдетіп, келелі зерттеулермен, монографиялармен, әдістемелік нұсқаулармен дамытты. Ғалымдар, әдіскерлер бастауыш мектепте қазақ тілін сапалы оқыту, оқыту үрдісінде жаңа әдістер мен технологияларды қолдану мәселелеріне ерекше назар аудара бастады.
Нәтижесінде, жоғарыдағы тұжырымдар болашақта мектептің белді тұлғасы болатын бүгінгі оқушының ғылыми білімді сапалы меңгеруі мен сөйлеу шеберлігінің тығыз бірлікте қалыптасуының әдістемелік негіздерін анықтаудың өзекті екенін дәлелдей түседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет