Батыс Түрік қағанаты (603-704 ж.). Қағанаттың этникалық саяси өзегі «он тайпа» болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейінгі аралықта жатқан ежелгі үйсін жерін жайлайды. Шу өзеннің шығыс жағында Дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер тұрып жатты. Суяб қаласы елдің астанасы болды, ал қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркістан қаласы жанында). 610-618 жж. Жеғуй-қаған мен оның інісі Түн-жабғы қаған билеген кезде қағанаттың күш - қуаты таси түседі. Тохарыстан мен Ауғаныстанға жасалған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік - батысына дейін жылжытып кеңейтеді.
Қағанат шаруашылықтың көшпелі және жартылай көшпелі әдісі басыңқы және отырықшы - егіншілік түрі қоса жүргізілетін бірігей жүйесі болып табылады. Қала мен дала қағанат құрамындағы біріккен - әлеуметтік - саяси ағзаның бір - біріне аса қажет, бірін-бірі толықтырып отыратын бөлшектер еді. Елдің халқы - түріктері де, соғдылары да - бәрі бірдей сауда - саттықпен қолөнер кәсібімен, егіншілік және мал өсірумен айналысып отырған.
Қағанаттағы бірінші тұлға - жоғарғы билеуші - басқарушы, әскери бастық, күллі жердің қожасы да-қаған болған. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар - жабғы, шад және елтебер -қаған әулетіне ғана тән атақтұғын. Сот қызметтерін бүйрықтар мен тархандар атқарған. Қағанаттың негізгі халқы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болған, оларды «қара будун» деп атаған. Әлеуметтік жағынан тайпалар - ақ сүйек және вассал тайпалар болып бөлінген. Бағыныштылар эманда алым - салық төлеп отырған. Түріктердің көрші тайпалар мен халықтарға шапқыншылық жасағандағы мақсатының бірі - құлдарды әкету болған.
Жаулап алынған жерлерде негізінен олардың әлеуметтік, экономикалық және мемлекеттік құрылысы сақталған, бірақ қағанның орынбасарлары - тудундар алым - салық жинау және оны қаған ордасына жіберіп отыруды қадағалаған. Батыс түрік қағатында таптардың пайда болу процесі және ерте феодалдық қоғамдық қатынастардың құрылуы жедел жүріп жатты.
Қарауындағы халықтар мен тайпаларды ұдайы бағынышты етіп ұстап отыруға Батыс түрік қағанаты Орталық өкіметінің әскери - саяси ресурсы жетіспейтін болып шықты.
Қағанат ішінде өзара тартыс үздіксіз жүріп, билеушілер жиі - жиі ауысып жатты, бұл ыдыраушылықты асқындырып жібереді. Он алты жылға созылған тайпалар арасындағы соғыс пен әулеттік ішкі қырқыстар Жетісуға Тан империясы әскерінің баса көктек кіруіне әкеліп соқты. Таң губернаторлары Батыс түрік тайпаларын қаған әулетінен өздері қалып қойған сыбайластары арқылы басқаруға тырысты. Алайда Түріктердің Таң басқыншылығына және олардың сыбайластарына қарсы жүргізілген тынымсыз күресі түргештердің күшейіп көтерілуіне, сөйтіп 704 ж. Жетісуда олардың саяси жетекшісі күш болып шығаруына себепші болды.