Лекция тезистері кредит: 6 Лекция тезистерін құрастырған ф.ғ. к. Бейсенбаева Р. Х. Шымкент, 2022 ж


М.Әуезовтің «Зар заман» әдебиетін зерттеудегі еңбектері



бет24/72
Дата05.02.2023
өлшемі379,2 Kb.
#65267
түріЛекция
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   72
Байланысты:
ХІХ ғас.лекц. 2

М.Әуезовтің «Зар заман» әдебиетін зерттеудегі еңбектері.
Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу, оны іштей кезеңдерге бөлу, жанрлық жүйесін түзу ұстанымдары қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасып, дамуында мән-мазмұнымен тұғырлы негіздемеге айналған Мұхтар Әуезовтің осы бағыттағы тарихи еңбегі аса елеулі.
Мұхтар Әуезов қысталаңы көп қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінің арғы төркін, өз кезеңіндегі бағыты, келешек бағдары туралы тұтас ғылыми концепция жасап, сол өрісте зерттеулер жүргізуші маман әдебиеттанушылардың лек-лек мектебін қалыптастыруда аса ықпалды, орталық тұлға болды.
М.Әуезовтің фольклортанудағы, зар заман ағымын негіздеудегі, абайтанудағы іргелі зерттеулерінің астар-қатпарында қазақ көркем сөз өнерінің бар құнары, бар дәуірдегі барша даму өзгешелігі, төлтума сипаты танылып ашылды.
М.Әуезовтің әдебиет тарихында жасаған жеке шығармашылық тұлғалар тұрғысында жазылған зерттеулерінің, әдебиеттанудың ең өзекті мәселелерін назарға алып отырып қисындаған, көлемі аз-көптігіне қарамастан аса маңызды болжам-байламдарының бір парасы Махамбет Өтемісұлының шығармашылығын байыптауға құрылған.
Мұхтар Әуезов – Махамбеттің қазақ әдебиеті тарихындағы орнын, Махамбет поэзиясының биігін теориялық жақтан алғаш толық негіздеген зерттеуші. Мұхтар Әуезовтің махамбеттанудың өрісін ұзартқан зерттеулері әуелде “Әдебиет тарихындағы” (1927), “Тарихи жырлар”, “Зар заман ақындары” тарауларында берілді. М. Әуезов Махамбеттің әдебиет тарихындағы орнын “Бұхарадан соңғы Зар заман ақындарының басы Махамбет” деп “Зар заман дәуірінің екінші, ісшілдік кезеңі Махамбеттің тұсы”, т.б. көрсетті. М. Әуезов 1933 жылғы “Қазақ әдебиеті” оқулығында (7-кл. арналған. Ә. Қоңыратбаев, М. Жолдасбековпен бірігіп жазылған). Махамбет Өтемісұлының өмірбаян, шығармашылық мұрасынан толымды мәлімет бере отырып, Махамбет поэзиясының көркемдік сипатын алғаш рет теориялық негізде кең қамтып қарастырады. “Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Бұның сөзі деген сөздің кесектік ірілігінен басқа молдығы да жеткілікті екен” [1].
Осында Махамбеттің ақындық жөнін М. Әуезов ұлы поэзияның бар асылын ғажайып сезімталдықпен, сұңғыла таныммен сұқтана, суырыла баяндайды. “Осымен Махамбет жырлары өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз боп, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман-талабы сияқтанып та жүрген”.
“Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған ерекше ақын болған емес. Алды да, арты да бір өзі сияқты”. М.Әуезов Махамбеттің күрес жырын шығарылу себебіне қарай үш кезеңге бөліп қарастырды.
“Бұл ретте алдын ала айтып өтетін нәрсе: тақырыбы біреу ғана болғанымен, ақын сол тақырыбын әр кезде әртүрлі баян етеді. Сонда бір кезінен, екінші кезінің айырмасы: әр уақыттағы істің халіне орай. Содан туған ақын халінің айырмашылықтарына орай кеп отырады.
Мысалы, алғашқы кезде бұлар соғысып жүреді. Ол кездегі көңіл екпіні, сөз тасқыны да бір алуан, өзгеше. Одан кейін жеңіледі. Бұдан туатын көңіл-күй екінші түрде. Ең аяғында қашқын-пысқын болып, жүдеп-жадап жүріп хан-төреге жай-күйін айтып, жәрдем дәмететін халге келеді. Ондағы күй-қалып тағы бір басқа. Міне, Махамбет шығармаларының осындай үш кезең, үш дәуірі бар. Тексеруді де осы ізбен беттету керек”
М. Әуезов Махамбеттің өлең үлгісіндегі өзгешелікті анық көрсетіп айту арқылы Махамбет поэзиясының теориялық негізделу мәселеріне қарай бұрылыс жасады. Кейінде әдебиеттану ғылымында, өлең сөздің теориясында құрылым жөнінен үнемі назарда болған Махамбеттің “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңінің өзгешелігін көрсеткен М. Әуезов пікірі ХХ ғасыр басында айтылған. Қазақтың өлең өзгешелігін танудағы тың түйін. Өлең құрылымындағы дәстүрлі желілерді қарастыра отырып, М. Әуезов нақтылы теориялық негіздеме жасайды. Өміршең қисындарын ұсынады.
“Ереуіл атқа ер салмай” Махамбеттің барлық өлеңдері сияқты ауызша айтылған, тыңдаушыға қолма-қол суырылып беріліп отырған өлең. Сол ретіне қарай, сапылдатып бір-ақ желдіртіп өткен бір шумақ өлең. Мағына жағынан ұзақ бір сөйлем есепті. Қатар жарысқан неше алуан ойдың байлауы “ерлердің ісі бітер ме?” деген аяққы жол. Ауызша айтылған желдірме болғандықтан ұйқасы кейде келіп, кейде келмейді.
М. Әуезов Махамбеттің осы өлеңіне түсініктеме беруінде қазақ жырының оның ішінде ауызша жырдың арғы-бергідегі өзіндік сипаттарын саралайды. Қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасауда М. Әуезовтің осы теориялық негіздемелері кейінгі қазақ өлең құрылысын зерттеушілер аса назар аударып зерттеген қисындарға айналды.
Махамбет өлеңдеріне тоқталғанда М. Әуезов ауызша жырдың бірнеше ерекшелігін көрсетеді.
Ол бір жерінде қат-қабаттап кетіп, өзге бір жерінде шанжау-шанжау түсіп, тырағайлап отыратын ұйқас; сөз қыздырмаға айналған сайын аяқтағы ұйқас айнығыш; қазақтың ертеректегі ауызша жырында екпін-тасқын аяқтағы ұйқастан шықпайды; сөз-сөздің басында келетін дыбыстар күйімен, үндесетін орайынан шығады.
Махамбет өлеңінде жатқан ілгерідегі ауызша жырдың, Бұхар үлгісінің өрнегін аша отырып, М. Әуезов Махамбет сөзіндегі қазақ жырының ендігі өзгелешік, ендігі алымын да тап басып табады, танытады.
Махамбетте жалтартпа, тұспал сөз, ой көмбесі жоқ, нақты, тура сөз. Оның “Ереуіл атқа ер салмай” жыры екпінді, келте, кесек бір қимыл жыры. От шашқан, іші-тысы бірдей тұтас жыр. Бұл жыр – көтеріліске үндеген жыр.
“Толарсақтан саз кешіп” тұсында уақиғаның беті өзгерген. Ақынның халі өзгерген. Сыртқы халі жеңілушінің халі. Енді жырда ашу серпіні жатыр.
М. Әуезов Махамбеттің “Арғымақтан туған қазанат”, “Баймағамбетке айтқаны” өлеңдеріндегі ақын халін анық жеткізеді. Оның жеңілмейтін рухын өлеңінен таниды, танытады. “Жеңілдім деп бас ұру жоқ, кішіреймек емес” дейді. Сыртқы халі ғана жеңілушінің халі, осы бірнеше өлең төңірегінде М. Әуезов Махамбеттің ақындық рухын ақындық алымын, өлең жасаудағы әдіс-тәсіл, шеберлік сырларын тұтас таниды, тұтас көреді. Тұтас түйінмен тұжырымдайды.
“…Бұрынғыша тізбек суреттерді (қоспақтың баласы, шабақ, қылқан, деген сияқтыларды) іштей байланыстырып, не қарсы қоюмен, не үйлестірумен байланыстырып отырып, алғашқы бірбеткей ереуіл-қарсылық шабуыл сарынымен бітіреді” [1].
Қазақтың жыр семсері Махамбетті ХІХ ғасыр әдебиетінің ғана шеңберінде қарастыру, жалпы біздің әдеби мұрамыздың құлақтап, құрсаулауға көнбейтін дәстүрлі, сабақтас, желілі құбылыс екендігі сияқты – мүмкін емес нәрсе.
Махамбет ақын шығармаларының текстологиясына байланысты бір пікірталасты тұжырымдай келіп, академик Зейнолла Қабдолов былай дейді: “Махамбеттің әр сөзі құйылған құрыш, қорытылған қорғасын. Оны өңдеп-жөндеймін деп жасытпау керек. Махамбет пен Абайға редакция жүрмейді”.
Абаймен иықтас асылымыздың бірі – Махамбет поэзиясы күні-бүгін әр қырынан зерттеліп-зерделенді.
Қазақ өмірінің аласапыран заманалар тоғысында туған ұлы поэзияның әлі де ішке бүккен сыры көп. Сол сырлар, әсіресе, ХХ ғасыр басында “барымызды түгендеп, жоғымызды табамыз“ деген тарихи миссияның кесек тұлғаларының зерттеу, зерделеулерінде жатқаны даусыз. Сол тұста қазақ тарихының, қазақ тағдырының ақиқат беттері жазыла бастаған…
“Бұхар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы – Махамбет. Одан кейінгілері Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буыны Абаймен тұстас ақындар”. Абылай тұсынан кейін зар заман ақындарының саны көбейіп, сарыны күшейген тұс Кенесары, Исатай дәуірі деп, М. Әуезов Махамбет шығармаларын саяси мән жағынан талдайды. Әсіресе көтеріліс алдында туған жырларға баса көңіл аударған. Ығылман ақынның “Исатай-Махамбет” жырына тоқталып ұғындырған тұста да Махамбет тұлғасы әр қырынан барланды.
Кейінде махамбеттануда жалғасын тапқан, бүгінде де қарастыра түсуге зәру бір мәнді мәселенің – Махамбет поэзиясының дәстүрлі жыраулық өнермен туыстығы дейтін жайдың Х. Досмұхамедұлы жасаған жалпы тұжырымнан соң алғаш М. Әуезов зерттеуінде ғылыми негізі бекіді.
М. Әуезов Махамбет ақындығын дәстүр жалғастығы аясында танып, талдады. Бұхар жырау толғауларымен байланыста қарастыра, салыстыра отырып мынадай түйін жасайды:
Махамбет өзінен өзі шыққан жоқ, әдебиетте де, тарихта да атағы бар Бұқар – салт-сана жүзіндегі төркіні. Оның өлең түрінде Бұқармен жақындық бар. М. Әуезов ауызша жырдың ерекшелігі табыстырып жатқан туыстық-тұтастықты көлденең тартады. Мұның өзі тек Бұқар емес, жалпы жыраулар поэзиясының үздік үлгісімен Махамбет жырының тұтастығы, туыстығын өзіндік нұрын айқындау еді.
М. Әуезовтің жеке жанрлардың түп-тамыр, тарихи негізі, дәуірге сай жаңғыру қисындары туралы негіздемелері мейлінше маңызды.
Мұхтар Әуезов – ХІХ ғасырдағы тарихи жырлардың айқын ерекшелігін ажыратып қарастырудың басында болған зерттеуші.
“Шынында ел қиялы Кенесарыларды батыр қылып жырлағысы келгені рас. Бірақ батырлар өлеңі бергі заманға жақындаған сайын жаңа
өзгеріске түсіп, өмірге жақындап, түр жағынан әлсіреп бара жатқанын байқаймыз.
…Сондықтан, Кенесарыларды баяғының батыры қылып қалай жырлайын десе де, олар көбінесе бүгінгінің адамы болып тұрып алып, кейін қарай шегінбей қойған”
М. Әуезов тарихтың ізі, кешегі қан сойқанның анық түскенін, екінші себеп деп, сол қырғын соғысты көзбен көргендердің жазғанын, ел қиялы олардың айтқанынан өте алмағанын айтты. М. Әуезов Нысанбай жырының мазмұнын “КенесарыНаурызбайдың” қысқаша әңгімесі деп баяндайды. Мұнда қырғызбен соғыс Кененің Тортөбел атының ұрлануымен байланыстырылады. “Кенесары жырындағы өлең тілі ерекше сұлу кестелі тіл, оқушыға ұғымды, артынан лекілдетіп ертіп отыратын құрыш қайратты қызу бар. Ақынның жанын салған қызумен шын сезімін білдірген, міні жоқ. Ұзақ қайғы өлеңі болып шығады. Өлең түрі құр ғана ұйқасы мен қызуын қуған сөз емес, сол заманның кестелі сұлу, шешен түрлерінен құралған сом алтындай жұмыр келетін кесек тіл. Өлеңдері отты келетін соғыс суреттері мен айтыс, талас сөздер. Соғыста еске алатын үлкен оқиғаның бірі қалмай тізілген, ақынның ірі суретшілдігі.
М.Әуезовтің ауызша мен жазба әдебиетке қатысты тоқтамдарында зерттеуді дамытуды күтіп жатқан бағыттар бар.
“Шолпан” журналының 1922 жылғы 2, 3 сандарында, 1923 жылғы 4, 5 сандарында Мұхтар Әуезовтің “Қоңыр” деген бүркеншік атпен “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі” деген зерттеуі басылды.
М. Әуезов қазақтың ауызша әдебиеті мен жазба әдебиеті жайлы ой қозғайды. Сол кездегі М.Әуезовтің “Бұл мәселе туралы біздің өз жазушыларымыздың бір жерге қойылған пікірі, бір қалыпқа тоқтаған сыны әзірше жоқ” деген пікірі қайсыбір жағдайда әлі де көкейтесті. М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” қолға тигеннен кейін, Л.М. Әуезова мен М. Мырзахметов құрастырып шығарған “Абайтанудан жарияланбаған материалдары” қолға тигеннен кейін М.Әуезовтің сонау ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ауызша әдебиет үлгілері мен жаңа жазба әдебиеттің теориялық негіздеріне, жанрлық жайына көп үңілгенін көрдік.
Түрлі саяси қисындар тұсында қазақ әдебиеттану ғылымы “қағаберіс” қалдырып алған, біле тұра, “білмей” бұра тартқан көп бұлтарысқалтарыстың әдеби мұраны осы ауызша мен жазба әдебиет үлгілеріне жүйелеуде жатқаны даусыз. Бізде, қайсыбір жағдайда, күні бүгінге шейін қисса өлең де, тарихи жыр да, айтыс та – Абайға шейінгінің бәрі ауыз әдебиетінің еншісі есебінде ұғынылады.
Ал әдебиет тарихының негізін қалаған Әуезовтің осы мәселеге байланысты қисындары сол “қатып” қалған таным-түсініктің сеңін бұзар қуатты, шыншыл сөз...
Әрі қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі мүддесімен аса үндес сөз. М. Әуезов айтыс өлеңдердің бергі замандағы үлгілерінің ішінде жазба әдебиетке кіретіндерін атап айтты. Әдебиеттегі ауызшадан жазбаға көшкенді көшпелі дәуір деп көрсетіп, оның өкілдерін атады. “Бұл күнге шейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті художественная литература ретінде қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады”
М. Әуезовтің жазба мен ауызшаны айырудағы өлшемі – бет, белгі, сарын. Бұл бет, бұл белгі, бұл сарын көшпелі дәуірде айрықша көрінді деп түйген М. Әуезов сол себепті де ол дәуірдің ақындары даусыз жазба әдебиеттің басы дейді. Себебі, бұлардың өлеңінде М. Әуезовтің көрсеткеніндей, ел тұрмысының бұрынғы айтылып жүрген жалғыз қызығы мен желігінен басқа, тұрмыстағы негізгі дерт, негізгі себептер айтыла бастаған.
“... жазба әдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағаны да Абайдан бұрын басталады. Бұл жағынан қарағанда, Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп, һәм Нарманбеттерді алу керек.
Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жасы кем болғандығын есеп қылуға болмайды”
Мұхтар Әуезовтің сан-сала зерттеу еңбектері қазіргі кезеңде де өзектілігі айқындала түсіп отырған қордалы мәселелерінің қарасы қалың ұлттық әдебиеттану ғылымының құндылығы ортаймайтын асыл мұрасы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет