Лекциялар курсы Редакциясын басқарған


-тақырып.  XVI - XVIII ғасырдың басындағы Қазақстандағы



Pdf көрінісі
бет9/29
Дата03.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#1102
түріЛекция
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29

 
6-тақырып.  XVI - XVIII ғасырдың басындағы Қазақстандағы  
саяси және әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастар    
                                                
                    1. XVI-XYII ғ.ғ. Қазақ хандығы. 
                    2. Қазақ хандығын нығайту жолындағы Тәуке ханның қызметі. 
                    3. Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының күресі. 
  

 
51 
1. XVI - XYII ғ.ғ.  Қазақ хандығы 
 
XVI  ғасырдың  басында  нығайған  Қазақ  хандығының  жағдайы  аталмыш  ғасырдың  20-
жылдарынан бастап әлсірей  бастады. Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге қажырлы 
қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болғаннан соң  оның мұрагерлері арасында өкімет билігі 
үшін ішкі талас пен қырқыстар туды. «Тарихи Рашидидің» авторы Мұхаммед Хайдар Дулати 
айтқандай: «Қазақ сұлтандары арасында дау-шар басталды». Қасым ханның баласы Мамаш 
әкесінің орнына хан болып, бірақ көп ұзамай өзара қырқыстың бірінде қаза тапты.  
Бұдан  соң  1523-1533  жж.  Қасымның  немере  інісі  Тахир  хан  болды.  Бірақ  оның  ел 
билеуге  қабілеті  төмен,  әскери-саяси  және  елшілік  істерге  олақ  адам  еді.  Ол  феодалдық 
қырқыстарды  тия  алмады,  көрші  елдердің  көпшілігімен:  Шайбани  әулетімен,  Ноғай 
Ордасымен  және  Моғолстан  хандарымен  де  жауласты.  Бұл  соғыстарда  қазақтар  жеңіліп, 
Қазақ  хандығы  оңтүстіктегі  және  солтүстік-батыстағы  жерінің  біраз  бөлігінен  айырылып, 
оның  ықпалы  тек  Жетісуда  ғана  сақталып  қалды.  Тахир  хан  Жетісуға  қашып  барып 
Моғолстан  ханына  қарсы  қырғыздармен  одақ  жасасты.  1527  жылдан  кейін  ол  көбінесе 
қырғыздарды  биледі,  ойрат-жоңғарлардың  Жетісуға  жасаған  шабуылына  қарсы  күресті. 
Мемлекеттік билік құлдырап, мемлекеттің шекара аумағы қысқара түсті.  
Тахир  ханның  өлімінен  кейін  оның  інісі  Бұйдаш  (1533-1534  жж.)  қазақ-қырғыз 
бірлестігінің  басшысы  болды.  Жетісу  өңіріне  билік  еткен  ол  қазақтардың  бір  бөлігін  ғана 
билеген.  Оның  тұсында  да  феодалдық  қырқысулар  мен  соғыстар  тоқталған  жоқ.  ХҮІ 
ғасырдың  30-жылдарында  Бұйдаш  ханмен  қатар  өзге  де  қазақ  хандары,  мысалы, 
Қазақстанның  батыс  өңірінде  Ахмет  хан,  Жетісуда  Тоғым  хан  болған.  Міне,  бұл  жағдай 
Қазақ хандығының феодалдық бытыраңқылыққа ұшырағандығын көрсетеді.  
Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, 
дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен 
бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз 
одағын  одан  әрі  нығайтты,  сол  заманның  тарихи  деректерінде  оны  «қазақтар  мен 
қырғыздардың  патшасы»  деп  атады.  Ол  осы  қазақ-қырғыз  одағына  сүйене  отырып, 
Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу  әрекетіне тойтарыс берді.  
Хақназар  хандық  құрған  кезде  Қазақ  хандығының  сыртқы  жағдайында  аса  ірі  тарихи 
оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ даласына едәуір 
жылжытты.  Қазан  мен  Астраханьды  басып  алғаннан  кейін  Еділ  өзенінің  барлық  аңғары 
Ресейдің қол астына кірді. Башқұрт және Сібір хандықтары Ресей құрамына енгеннен кейін, 
ноғайлар  Қазақ  хандығының  солтүстік-шығысына  ығыса  бастады.  Олар  Еділден  Ертіске 
дейінгі  аралықта  көшіп-қонып  жүрді.  Башқұрттар  мен  Сібір  татарлары  да  қазақ  жерлеріне 
енуін тоқтатпады. Сырдарияның төменгі ағысына қарақалпақтар келе бастады.   
Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай 
одағы  ыдырап,  ауыр  дағдарысқа  тап  болды.  Оған  қарасты  көшпелі  тайпалардың  бір  бөлегі 
Қазақ  хандығына  келіп  қосылды.  Хақназар  Ноғай  Ордасының  көп  ұлысын  (бұлардың  көбі 
қазақтың Кіші жүзі – алшын одағына енген тайпалар) өзіне қаратып алды. Тарихи деректерде 
Хақназарды  «қазақтар  мен  ноғайлардың  ханы»  деп  атаған.  Сөйтіп,  ХҮІ  ғасырдың  60-
жылдары  Ноғай  Ордасы  ыдырап,  бұрын  оған  қараған  қазақ  тайпалары  және  олардың 
этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып 
келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығына өтті. Бұл жағдай Қазақ хандығының солтүстік-
батыс  және  солтүстік  жағындағы  жағдайда  өзгеріс  тудырды.  Орыс  мемлекеті  мен  Қазақ 
хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай Ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің 
Қазақ  хандығына  қосылып,  енді  бір  бөлегінің  орыс  патшасына  бағынуы,  шығысқа  қарай 
кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын Қазақ хандығына жақындата түсті.  
1563 жылы Сібір хандығының билігіне келген Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық 
саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар 
болып  тұрды.  Осындай  күрделі  жағдайларда  Хақназар  хан  Қазақ  хандығының  сыртқы 
саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауераннахрдағы 

 
52 
шайбани  әулетімен  одақтастық  байланыс  орнатуға  ұмтылды.  Сөйтіп,  шайбанилық  Бұхара 
ханы Абдолла ІІ-мен одақтық келісім-шарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік 
орнады,  қазақтардың  Орта  Азия  халқымен  сауда-саттық  қарым-қатынасы,  экономикалық 
байланысы жиіледі. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық 
өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығайа түсті.  
Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент билеушісі Баба 
сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп өлтіртті. Қадырғали Жалайырдың айтуынша «Оның 
да  атағы  мен  абыройы  туралы  көп  айтылады.  Алайда  Хақназар  хан  өз  араларында  болған 
қақтығыстарда қаза болған».  
Хақназар хан қаза болған соң оның орнына Жәдік сұлтанның баласы  Жәнібек ханның 
немересі  Шығай  1580-1582  жылдары  хан  болды.  Ол  бұл  кезде  сексен  жаста  болғанымен, 
қазақтардың  ішінде  беделді  хан  болды.  Оның  өміріне  қатысты  мәліметтер  тарихта  аз 
сақталған.  Шығай  хан  қазақ  хандығының  сыртқы  саясатындағы  Хақназар  хан  ұстаған 
бағытты  жалғастырды.  Ол    Шайбани  мұрагерлерінің  арасындағы  қақтығыстарды  қазақ 
мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды.  
1582  жылы  Бұхара  ханы  Абдолла  қазақ  ханы  Шығай  және  оның  баласы  Тәуекел 
сұлтанмен  күш  біріктіріп,  Ташкент  билеушісі  Баба  сұлтанға  қарсы  Ұлытау  жорығын  
ұйымдастырды. Баба сұлтан жеңіліп, Дешті-Қыпшақ даласына қашты, өзбек, қазақ әскерлері 
Баба  сұлтанды  Сарысуға,  Ұлытауға  дейін  қуды.  Шығай  хан  сол  жорықта  қайтыс  болды. 
Түркістанға  қайтып  келе  жатқан  Баба  сұлтанды  Тәуекел  сұлтан  өлтіріп,  басын  Абдоллаға 
әкеледі.  Қас  жауын  жойғанға  риза  болған  Абдолла  хан  Тәуекелге  Самарқан  өлкесіндегі 
Африкент уәлаятын тарту етті. 
1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды.  
Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері 
арасындағы  жаугершілік  қайта  қоздады.  Абдолла  ханмен  одақтан  Тәуекел  ханның  бас 
тартуының  себебі,  біріншіден,  Абдолла  әуелдегі  Түркістаннан  төрт  қала  беруі  туралы 
уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла Тәуекел ханның 
беделінен,  батырлығы  мен  батылдығынан  қорқа  бастайды,  яғни  Тәуекел  ханнан  өзінің 
бақталасы  ретінде  қауіп  төнгенін  сезді.  Өйткені  кезінде  бүкіл  Мәуереннахрды  Тәуекелдің 
көмегімен  Шайбани    мемлекетінің  қол  астына  біріктірген  болатын.  Тәуекел  хан  да  Жошы 
ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды. 
Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш 
салады. Ендігі жерде ол Сыр  бойындағы қалалар үшін Абдолламен  күресті бастайды. 1586 
жылы    Ташкентті  алуға  әрекет  жасайды.  Абдолланың  негізгі  күштері  Мәуереннахрдың 
солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына 
шабуыл  жасайды.  Оның  шабуылы  Түркістан,  Ташкент,  Самарқанд  қалаларына  қауіп 
төндіреді.  Бірақ  Тәуекел  ханның  Ташкентті  алуға  жасалған  алғашқы  жорығы  сәтсіз 
аяқталады.  
Тәуекел  хан  қазақ  хандығының  сыртқы  саясатын  нығайту  барысында      орыс 
мемлекетімен  дипломатиялық  қарым-қатынастарды  жандандырды.  Қазақ  ханы  сыртқы 
саясатта  өзін  қолдайтын  одақтастар  іздеді.  1594  жылы  Тәуекел  хан  Ресейге  достық  келісім 
жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. 
Тәуекел  ханның  бұндағы  мақсаты  Ресей  мемлекетінің  көмегімен  Абдоллаға  қарсы  күресті 
жандандыру,  Сібір  ханы  Көшімге  қарсы  одақ  құру  және  1588  жылы  орыс  әскерлері  ұстап 
әкеткен  өзінің  немере  інісі,  Ондан  сұлтанның  баласы  Оразмұхаммедті  тұтқыннан  босату 
болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы 
елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға 
Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетінін 
уәде  етті.  Сонымен  бірге  мынадай  талап  қойды:  «біздің  патшалық  қоластымызда 
болғандықтан  және  біздің  патшалық  әміріміз  бойынша  Бұқара  патшасымен  және  бізге 
опасыздық  жасаған  Сібір  патшасы  Көшіммен  соғысып,  біздің  ұлы  мәртебелі  патшамызға 
жол  салатын  боласыздар».  Орыс  мемлекеті    Қазақ  хандығымен  әскери  одақ  құрудан  бас 

 
53 
тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 
1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде 
екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. 
Бұл  кезде  ойраттардың  бір  бөлігі  Тәуекел  ханға  тәуелді  болды.  Сондықтан  ол  өзінің 
Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады.  
1597  жылы  Бұхар  хандығында  ішкі  тартыс,  ырың-жырың  басталды,  онда  ықпалды 
адамдардың  қолдауымен  Абдолланың  ұлы  Абдылмомын  әкесіне  қарсы  шықты.  Осы 
қырқысты  пайдаланып,  Тәуекел  Ташкент  қаласының  түбінде  Абдолла  ханның  әскерін 
талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы 
орайды  пайдаланған  Тәуекел  хан  жүз  мың  әскермен  Мәуераннахрға  басып  кіріп,  Ахси, 
Әндіжан,  Ташкент,  Самарқан  қалаларын  басып  алды.  Бірақ  Бұхараны  қоршау  кезінде 
Тәуекел  хан  ауыр  жараланып,  Ташкентке  қайтып  келіп  қаза  болды.  Сөйтіп,  ол  өз 
мемлекетінің  солтүстік-батыс  шекарасындағы  бейбіт  жағдайды  және  Орта  Азиядағы 
шайбанилықтардың  алауыздығын,  бұл  әулеттің  Аштарханилықтар-  дың  жаңа  әулетімен 
ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты 
тәмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір 
сүруін тоқтатады.  
Тәуекел  Орта  Азияға  жорығында  тек  қарулы  күшке  емес,  Орта  Азия  халықтарының 
белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. Атап айтқанда, Тәуекел ханды дін иелері қолдады. 
Сонымен  бірге  Ескендір  Мұңшы  Тәуекел  әскерінің  құрамында  «Түркістан  тайпаларының 
және  қырдағы  өзбектердің»  жауынгерлері  болғанын  айтады.  Жалпы,  Шайбани 
ұрпақтарының  өзара    қақтығыстарынан  шаршаған  Орта  Азия  халықтарының  басым  бөлігі 
Тәуекел  ханды  қолдады  десек  қателеспейміз.  Өйткені  Шайбани  тармағынан  тараған  Жошы 
ұрпақтарының  өзі  Мәуераннахрда  Шайбани  әулетін  қазақ  хандарының  әулетімен 
алмастыруға  ниет  білдірген.  Өкінішке  орай,  Мәуераннахр  қазақ  хандарының  қолына 
толығымен  көшпеді.  Сөйтсе  де,    Ташкент  және  оның  аймағы  200  жыл  бойы  Қазақ 
хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.  
Шайбанилер  әулетінің  орнына  келген  Аштархани  әулеті  XVII  ғасырдың    алғашқы 
онжылдығында  Түркістан,  Ташкент,  Ферғана  қалаларын  қайтару  үшін  жорықтар  жасады. 
Олар тек Ферғана қаласын қайтара алды. 
Ташкент,  Түркістан,  яғни  Сырдария  орта  ағысының  екі  жағасындағы    отырықшы-
егіншілік  аудандардың  Қазақ  хандығының  құрамына  енуі,  Қазақ  хандығының 
экономикасына,  қоғамдық  және  саяси  құрылысына  күшті  ықтал  етті,  Орта  Азия  мен 
Қазақстан арасындағы  мәдени-сауда байланысы дамыды. 
Тәуекел  ханның  орнына  1598  жылы  хан  болған  Есімнің  Аштарханилер  өкілдерімен 
жасасқан  келісімі  бойынша  Қазақ  хандығының  құрамына  қалаларымен  бірге  Түркістан 
аймағы, Ташкент қаласы атырабымен, біраз уақытқа Ферғана кірді.   
Осы  кезде  болған  тағы  бір  тарихи  оқиға  –  Көшім  хан  билеген  Сібір  хандығының 
жойылуы еді. Тарихи әдебиетте Сібір халқы – Сібір татарлары деп аталған. Ресейден Сібірге 
жорыққа аттанған атаман Ермактың жасағы 1582 жылы қазан айында Сібір ханы Көшімнің 
әскерлеріне  тұтқиылдан  шабуыл  жасап,  оны  жеңіліске  ұшыратты.  Көшім  өз  әскерлерімен 
оңтүстікке  шегініп,  1598  жылға  дейін  орыс  әскерлеріне  табанды  қарсылық  көрсетті.  Бірақ 
Көшім  көмексіз  қалған  еді,  бұл  кезде  Көшімнің  Орта  Азиядағы  одақтасы  Шайбани  әулеті 
құлап  (1598),  оның  орнын  Аштархан  әулеті  (1599-1735)  басқан  еді.  Ақырында  біржолата 
жеңілген  Көшім  Орта  Азияға  қашып  кетті  де,  1598  жылы  Сібір  хандығы  жойылды.  Бұрын 
Сібір хандығының қол астына қараған қазақ тайпалары Қазақ хандығына бірікті.  
Есім хан (1598-1628 жж.) қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі 
болды,  оған  бұл  атақ  1598  жылы  ағасы  Тәуекел  ханмен  бірге  Мауераннахрға  жасаған 
жорықта ерлігімен ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім – Шығай ханның баласы. 
Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, 
экономикалық  байланыс  орнатуға  ұмтылды.  Қазақ  хандығын    бір  орталыққа  бағынған 
мемлекет  етіп  құруды  көздеді.  «Есім  ханның  ескі  жолы»  деп  аталған  заңдар  жинағын 

 
54 
құрастырды.  Есім  ханның  қазақтарды  бір  орталыққа  бағындыру  саясатына  қарсы  болған 
сұлтандар Қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.  
Ташкент  қаласы  Қазақ  хандығына  қараған  соң  оны  Жәнібек ханның  немересі,  Жалым 
сұлтанның  баласы  Тұрсын  Мұхаммед  сұлтан  басқарған  еді.  Ол  көп  ұзамай  тәуелсіз  хан 
болуға  әрекет  жасады,  тіпті  өз  атынан  ақша  соқтырып,  алым-салықтар  жинады.  Сонымен, 
Қазақ хандығы екіге бөлініп, Түркістан қаласын орталық  еткен Есім хан, Ташкент  қаласын 
орталық еткен Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Екі 
хан  арасындағы  күрес  шиеленісіп,  1627  жылы  Есім  хан  Тұрсын  ханды  өлтіріп,  қазақ 
хандығын  өз  қол  астына  біріктірді.  Қазақ  хандығын  біріктіру  жолындағы  Есім  ханның 
күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған.  
XVII  ғасырдың  басында  қазақ  билеушілері  мен  Аштарханилер    арасындағы  өзара 
қатынастар  тұрақсыз  болды,  олардың  арасындағы  қақтығыстар  уақытша  одақпен  алмасып 
отырды.  Мысалы,  Аштарханилер  әулетінің  өкілі,  Бұхар  ханы  Иманқұл  Ташкентті  тартып 
алуға  тырысты,  сол  мақсатпен  1611  және  1613  жылдардың  басында    жорық  жасады. 
Алғашқы  жорығында  Иманқұл  хан  Самарқандқа  дейін  жетіп,  Ташкент  пен  оның  аймағына 
өзінің  құқығын  мойындатты.  Екінші  жорығы  да  Ташкентке  бағытталып,  қазақтарды 
ойсырата  жеңіп  шығады.  Осы  жеңістен  кейін  ол  өзінің  ұлы  Ескендір  сұлтанды  Ташкенттің 
билеушісі  етіп  тағайындайды.  Ескендір  сұлтанды  ташкенттіктер  өлтіргеннен  кейінгі 
Иманқұл  ханның  кек  алу  жорығы  қазақтар  үшін  ауыр  болды.  Өзінің  Ташкентті  алуға 
ұмтылуында  ол  қазақтың  екі  ханының  өзара  жауластығын  пайдаланды.  Сөйтсе  де  кейінгі 
жылдары қазақтардан жеңіліп, Иманқұл қазақ хандығымен бейбіт келісім жасады. 
Есім хан 1628 жылы қайтыс болып, Түркістан қаласындағы Ахмед Иассауи кесенесінде 
жерленген.  Есім  ханның  мұрагері  Жәңгірдің  өмірі  ат  үстінде  Қазақ  хандығы  жауларымен 
күресте  өтті.  Халық  оны  ел  үшін  еңіреп  туған  ерлігіне  бола  «Салқам  Жәңгір»  деп  атаған. 
Жәңгір  хан  (1628-1652  жж.)  билік  құрған  жылдары  да  Сыр  бойындағы  қалалар  үшін 
Аштарханидтермен  және  Жетісудағы  жайылымдар  үшін    қалмақтармен  қақтығыстар 
тиылмады.  
Қазақ  хандығына  қалмақтар  жақтан  төнген  қауіп  зор  болды.  «Қалмақ»  сөзі  батыс 
монғолдардың  түрікше  аты.  Олар  өздерін  ойраттар  деп  атаған.  Қалмақтар  бұл  жылдары 
шығысында  Хангай  таулары,  батысында  Моғолстан,  оңтүстігінде  Гоби  шөлі,  солтүстігінде 
Ертіс  пен  Енисейдің  жоғарғы  ағыстары  арасында  көшіп-қонып  жүрді.  1635  жылы  бұл 
территориядағы тайпалардың басын біріктіріп, Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетінің негізін 
қалады. Осыған байланысты жоңғарлар күшейіп, қазақ жерлеріне жиі-жиі шапқыншылықтар 
жасай бастайды. Жәңгір хан тұсында қазақтар мен жоңғарлар арасында үш ірі шайқас орын 
алады. Алғашқы 1635 жылғы шайқаста Жәңгір қалмақтарға тұтқынға түсіп қалып, бірақ көп 
ұзамай  қашып  шығады.  Тұтқыннан  босағаннан  кейін,  Жәңгір  хан  қалмақтарға  қарсы  күрес 
басшылығын өз қолына алады.  1643 жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ жеріне 50 мың 
әскермен  басып  кіреді.  1644  жылы  Жоңғарияға  барған  орыс  елшісі  Г.Ильин  жоңғарлардың 
50 мың қолына Жәңгір хан бастаған 600 жауынгердің қарсы тұрғанын айтқан. Мүмкін,  бұл 
600 адам ататын қарумен жабдықталған Жәңгір хан әскерінің алдыңғы шебі болуы мүмкін. 
Жәңгір өз тобының бір бөлегіне жоңғарлар тар асудан асып келгенше екі таудың арасындағы 
тар  жырада  ор  қазып,  бекініс  жасауға  бұйырады.  Ал  өзі  екінші  бөлегімен  таудың  екінші 
бетіне жасырынады. Жоңғарлар ор қазып, бекініп жатқан қазақ жасақтарына қарсы шабуыл 
жасайды. Осы кезде Жәңгір өз тобымен жаудың ту сыртынан лап береді. Қазақтар осы жерде 
бірінші  рет  оқ  ататын  қару  пайдаланады.  Шайқас  барысында  Батур  қонтайшы  10  мың 
әскерінен  айырылады.  Шайқастың  шешуші  кезеңінде    Жәңгір  ханға  Самарқан  билеушісі 
Жалаңтөс  батыр  бастаған  20  мың  әскер  көмекке  келеді.    Батур  қонтайшы  кейін  шегінуге 
мәжбүр  болады.  Сөйтіп,  1643  жылы  жер  жағдайын  және  соғыс  тәсілін  шебер  пайдаланған 
Жәңгір  хан  Самарқан  билеушісі  Жалаңтөс  батырдың  әскери  көмегі  арқасында  зор  жеңіске 
жетті. Бұл тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен белгілі. Бұл жеңістің Қазақ хандығы үшін 
зор маңызы болды.  

 
55 
Бірақ  жоңғар  билеушілері  қазақ  жерлеріне  басып  кіру  үшін  жаңа  жорықтарға 
дайындала  бастады.  Батур  қонтайшы  бытыраған  әскерлерін  қайта  құрап,  Сібірдегі  орыс 
қамалдарынан  қару-жарақ  сатып  алды.  Өзіне  тәуелді  қырғыздардан  ат-көлік  жинастырды. 
Осындай әскери дайындықтан кейін Батур қонтайшы 1652 жылы қазақтарға қарсы аттанды. 
Бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді. Жәңгір хан осы 1652 жылғы шайқаста жоңғарлардың 
қолынан қаза тапты. Жәңгір  хан да Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде 
жерленген. 
Жәңгір ханнан кейін Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және  саяси жағдайы 
нашарлады.  Феодал  шонжарлардың  арасында  алауыздықтар  мен  бақталастықтар  өршіді. 
Қазақ  сұлтандары  ұлыстарды  жеке-дара  билеп,  дербестенуге  бой  ұрды.  Қазақ  жүздерінің 
арасындағы байланыс нашарлап, олар бір-бірінен оқшаулана бастады.  
XVI-XVIII  ғасырдың  басындағы  қазақтардың  әлеуметтік-  экономикалық  
жағдайы. Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды  тамақ, 
киім-кешек,  тұрғын  үй  материалдары,  сонымен  бірге  көлік  қызметімен  қамтамасыз  етіп 
отырды.  Мал  және  мал  өнімдері  көрші  халықтармен  айырбас  жасайтын  қаражат  көзі  де 
болды.  Қазақтардың  мал  шаруашылығына  байланысты  Ш.Уалиханов  былай  дейді:  «Дала 
көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін өз тыныштығынан малының аман 
болғаны қымбат. Жұртқа мәлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда: 
«Мал-жаның 
аман  ба?»  деген  сөздермен  бастайды.  Отбасының  мал  жайын  алдын  ала  сұрастыруы 
көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын көрсетеді». 
Қазақ  жерінің  табиғи-жағрапиялық  ерекшеліктеріне  байланысты    қазақтар  көшпелі 
және  жартылай  көшпелі  мал  шаруашылығымен  айналысты.  Көшіп-қону  бағыттары  жыл 
маусымына  байланысты  өзгеріп  отырды.  Маусымдық  жайылымдарды  (көктеу,  жайлау, 
күздеу,  қыстау)  алмастырып  көшіп-қонып  отырудың  бұрыннан  қалыптасқан  жолдары  мен 
жылдық  айналымы  орнықты.  Әрбір  ру  белгілі  бір  аймақ  шеңберінде  көшіп-қону  дәстүрін 
ұстанды.  Жайылымдық  қоныстардың  ара  қашықтығы  жүздеген  шақырымға  созылды.  Мал 
шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді болды. Жем-шөп дайындау болмады, 
қыста  мал  тебіндеп  жайылды.  Қыс  қатты  болған  жылдары  жұт  болып,  малдың  жаппай 
қырылуы  жиі  кездесетін,  мұндайда  көшпелі  малшылар  тақырлана  кедейленіп,  көбі 
отырықшылыққа  ауысатын.  Дегенмен  мал  шаруашылығын  жүргізудің  ғасырлар  бойы 
қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. 
Қазақтар  жылқы,  қой,  түйе,  сиыр  өсірген.  Соның  ішінде  жылқыға  үлкен    мән  берді. 
Жылқының  түр-түрі  болған:  жүк  таситын,  салт  мінетін  және  жүйрік-арғымақтар.  Көшпелі 
мал шаруашылығына жылқыны үйірмен бағу тән. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір 
жылқы табынын құрады. Салт мінетін жылқы ат деп аталды. Қазақтардың шаруашылығында 
қой  жетекші  орын  алды.  Қыпшақ  даласы    көшпенділерінің  басты  байлығы  қой  болған. 
Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті мен сүті тағам 
болды,  терісі  мен  түбітінен  киім-кешек,  аяқ-киім,  ыдыс-аяқ  жасалынды.            Қазақ 
шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. Қазақтар  негізінен қос өркешті, жүнді 
түйе өсірді. Жылқы, қой, түйемен қатар қазақтар сүті мен түбіті үшін ешкі де өсірген.  Бірақ 
ешкі мен сиыр қазақ шаруашылығында аз болды. Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті 
білдірсе,  сиыр  жұтпен  теңеседі.  Сондықтан  қазақтар  бұл  жануарлардың  етін  тек  жұт 
жылдары ғана жеген.   
Мал жеке адамның және отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер байлығының, 
олардың  тұрмыстық  жағдайының  басты  өлшемі  болды.  Ал  жайылымды  қоғам  мүшелері  
қауымдасып  пайдаланған.  Әр  рудың  өзіндік  жері  болды  және  бұл  жерге  меншік  ұрпақтан-
ұрпаққа ауысып отырды. 
Қазақтар  егіншілікпен  де  айналысты.  Қазақ  хандығының  түрлі    аумақтарында 
егіншіліктің дамуы әркелкі болды. Негізінен отырықшы- егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік 
Қазақстан  халықтары  айналысты.  Қазақтар  көбіне  тары  дақылын  екті.  Сыр  бойындағы 
қалаларда  ирригациялық  жүйе  барынша  дамыған.  Қалалардың  маңында  суландыратын 
арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді. 

 
56 
Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған:  құс салған, 
тазы ит қосып аулаған т.б. Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау 
дербес кәсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған. 
Қазақтардың  шаруашылығында  әр  түрлі  қолөнер  мен  үй  кәсіпшіліктері    елеулі  орын 
алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі бұйымдар жасаған. 
Қазақтар  көшіп-қонуға  қолайлы  киіз  үйлерде  өмір  сүрді.  Көлеміне  және    иесінің 
әлеуметтік  жағдайына  байланысты  киіз  үйлердің  түрлері  көп  болды.  Күзеу  мен  қыстауда 
ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды. 
XVI  ғасырдың  соңына  қарай  Ресей  мемлекеті  Қазақ  хандығы  және  Орта    Азия 
мемлекеттерімен  сауда  байланыстарын  жандандырды.  Сырдария  қалалары  арқылы 
халықаралық  сауда  және  көшпенділермен  дәстүрлі  сауда  дамыды.  Түркістан  қалалары  мен 
елді  мекендері  арқылы  Индияға,  Қытай  мен  Еуропаға  керуен  жолдары  өтті.  ХҮІ-ХҮІІ 
ғасырларда  бұл  қалалар  саяси  орталықтарға  айналып,  онда  қазақ  хандары  мен  сұлтандары 
қоныстанды.  Көшпенділермен  негізінен  айырбас  сауда    жүргізілді.  Сыр  бойындағы 
қалаларда  дүкендер,  базарлар,  ақша  сарайлары    жұмыс  істеді.  Қазақстанның  көшпенділері 
оңтүстіктегі  қалалармен  сауда-саттық  қарым-қатынаста  болды.  Көшпелілердің  астыққа  - 
бидайға,  тарыға,  арпаға,  егіншілік  пен  бау  шаруашылығының  басқа  өнімдеріне  деген  және 
әсіресе,  маталарға  деген  сұранымы  барынша  тұрақты  болды.  Далалық  аудандар  халқының 
көшпелілік шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік аудандары және қала шаруашылығының 
тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажырамас белгісі болды.    
Қазақ  хандығы  тұсында  қазақ  қоғамы  негізгі  екі  әлеуметтік    топтан  тұрды:  ақсүйек 
және  қарасүйек.  Ақсүйектер  әлеуметтік  тобына  Шыңғыс  ханның  ұрпақтары  –  сұлтандар, 
төрелер  және  Мұхаммед  пайғамбардың  үрім-бұтақтары  –  қожалар  жатты.  Бұл  топ  үш  жүз 
қазақтарының  генеалогиялық  құрылымынан  бөлек  тұрды.  Шыңғыс  ханның  ұрпақтары  
туылысымен  сұлтан  атағын  иеленіп,  бұл  әлеуметтік  топқа  тиіселі  барлық  ерекше 
құқықтармен  қамтамасыз  етілді.  Шыңғыс  ханның  ұрпақтарының  әрқайсы  хандық  билікке 
үміткер саналды. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік топ руға бөлінбеді. Әрбір сұлтанның өзіндік 
үлесі болды. Қалған әлеуметтік топтардың бәрі қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде 
тайпаға, руға бөлінді. 
Қарасүйек  әлеуметтік  тобынан  ерекше  құқықтар  иеленген    тек  билер    болды.  Атап 
айтсақ, ру биінің қолында соттық, әкімшілік  билік шоғырланды. Билер сұлтандармен бірге 
мемлекеттік мәселелер шешілетін жылдық жиналысқа – құрылтайға қатысты. Небір беделді 
билер хан жанындағы «билер кеңесінің» құрамында болды.  
Танытқан  ерлігі  немесе  соғыс  қимылдарын  шебер  басқарғаны  үшін  хан    немесе 
сұлтандар батыр деген құрметті атаққа ие болған.  «Батыр» ердің атағы ғана емес, сонымен 
бірге кәсіби жауынгерлер. Қарапайым жауынгер батырлық танытқанымен, қолына  Шыңғыс 
әулетіне  тән  билік  берілмеген.                Батырлардың  ерліктерін  жыршы-ақындар  дәріптеп 
отырған. 
Қазақ қоғамындағы  ешқандай құқығы жоқ мүшелері  – құлдар  болды. Бұл әлеуметтік 
топ өкілдерін негізінен соғыс тұтқындары құрады. Олар өз қожайындарына тәуелді болды. 
Қоғам    мүшелері    дәулет-мүлкінің  мөлшеріне  сай  «бай»  және  «кедей»  болып  бөлінді. 
Осы кезеңдегі қазақ қоғамы әлеуметтік топтардың иерархиялық  ұйымдасқан құрылымынан 
тұрды.  Бұл  әлеуметтік  топтар  бір-бірімен  тығыз  байланыста  болды.  Әр  әлеуметтік  топтың 
өзіндік құқықтары болды. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет