Мамаева Айгүл Еркінқызы Қазақ тіліндегі дисфемизмдер



бет57/69
Дата31.12.2021
өлшемі0,92 Mb.
#21824
түріДиссертация
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   69
Ұзын сөзін тарихи тұрғыдан зерделей келе Т. Қордабаев пен М. Томанов: “Ұзын, ұзақ сын есімдері бір ғана түбірден әр түрлі аффикстер арқылы жасалған сөздер екендігі олардың өз ара мағыналық жақындығынан да, ортақ түбірлестігінен де айқын көрінеді. Бұлардың қазіргі қазақ тіліндігі ұза (ұзар, ұзару) етістігімен бір түбірден тарағандығы естіледі байқалады. Онда да алғашқы түбірі ұза емес, ұз екенін қазіргі тіл фактілеріне қарап анықтаймыз: ұзақ, ұзын сөздерін ұзар етістігімен салыстырсақ, -ақ,-ын, сол сияқты -ар қосымша болып шығады. Енді мына фактіге көңіл аударайық: көне түркі тілінде уд, удз, уз– ізбе–із жүру, ізбе–із еру. Сондай-ақ, уду–удзу–ізбе–із (шылау қызметінде). Соңғы фактілерге қарағанда, алғашқы түбір аффрикат дз–бен айтылып, қосарлы дыбыстың екі жарылуынан уд және уз варианттары қалыптасқан, қазақ тілінде соның з-мен айтылатын варианты орныққан [70, 124 б.].

Сонымен контекстегі ой сабақтастығы ғана жоғарыдағы сөздерді жағымсыз мәнде жұмсалуға мәжбүр етіп тұр. Кейіпкерлердің тілі арқылы жазушыларымыз сол кейіпкердің сөйлеу ерекшелігін ғана танытып қоймай, олардың мінезінен, әдеп-ғұрпынан, басқа кейіпкерлермен қарым-қатынасынан хабардар етеді. Қандай жағдайда да дисфемисік синекдоха белгілі мақсатпен жұмсалады. Сонысына лайықдисфемистік синекдоха нақтылы, шымыр да жинақы болып келеді. Жазушыларымыз дисфемистік синекдохаларды кейіпкердің ауызынан айттырады да, олардың тартымсыз бейнесін, ой–өрісін, наным-сенімін әсерлі суреттейді.

Осы ретте академик Р. Сыздықтың мына бір пікірі орынды: “Нағыз жазушы кейіпкерлерін өздері беріп тұрған образға сай сөйлетеді. Кейіпкер сөзі оның бейнесін жасауға тікелей қызмет ететін көркемдік тәсілдің бірі болып саналады” [95, 11 б.].

Дисфемистік синекдохалар белгілі бір стильдік мақсатпен, яғни кейіпкер образын жағымсыз жағынан аша түсу ниетімен, тек қана диалогтерде қолданылады. Адамның дене мүшесіне, соның ішінде аяғына байланысты көп пайдаланылатын дисфемистік синекдохалардың бірі – борбай. Мысалы:



Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ.

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сырын түзеп,

Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ (Абай).

Менің де қара борбайларым сол мектепке барады (А. Нұрманов).

Қара борбай, қаспақ танау үшеу кірді (Р. Нұрғалиев).

Астыма бір салып берсеңдер, сары бурадай жаншар едім, ши борбай немені! – деді (Ғ. Мүсірепов).

Ұйымдастырушылары жоқ өңкей ши борбай! – деді (М. Мағауин).

Келтірілген мысалдардағы борбай сөзі қара және ши, қу сөзімен тіркескен. Бір қарағанда бұл сөздердің мағыналары бір-бірінен алшақ, жанаспайтын сияқты, ал жеке қолданысқа түскенде мағына жағынан астарласып тұтас бір ұғымды беріп тұр. “Түсіндірме сөздіктегі мағынасы – аяқтың тізеден жоғарғы бөлігі бұт. ..лай су… борбайым мен сирақтарыма сорғалап (С. Сейфуллин).

Бұл сөздің төркінін тек қана жүйесі басқа – парсы тілінен табуға болады,–деп жазады Ә. Нұрмағамбетов. Бұл тілде: пәрпә немесе пәрпай – аяғы жүнді (құс туралы) (Пер.-рус.сл, І т., 1983, 27). Парсы тілінің өзінде “пәрпай” екі түбірдің бірігуінен пайда болған. Алғашқы “пәр” түбірінің бірнеше мағынасы бар, соның бірі мықты тегеурінді, ал немесе “па” немесе “пай аяқ” ұғымында қолданылады. Осы екі сөздің біріккеннен кейінгі мағынасынан тегеурінді аяқ, мықты аяқ дегенді ұғынуға болады. Шынында да аяқтың ең бұлшық етті, күшті бөлігі сан, бұт екендігін еске алсақ, бұл жорамалымызды теріс деу оңай емес. Борбай сөзі моңғолдарда “борви” болып айтылады. Бұларға да парсы тілінен ауысуы мүмкін [45, 54 б.].

Жоғарыдағы мысалдардағы ши борбай, қара борбай, қу борбай синекдохаларынан әр түрлі кейіпкерлердің бейнесі бірден байқалады. Мұндай дисфемизмдердің жағымсыз әсері күшті болғандықтан қаламгер оларды кейіпкер тілінде еркін қолданған. Жағымсыз кейіпкерлерден басқа өрнекті сөз күту тіпті мүмкін емес. Әр адамның өзін қоршаған орта мен ондағы адамдар туралы сезімі мен көзқарасы әр түрлі болатыны белгілі. Мұндай ретте, жағымды сезіммен қатар жағымсыз сезім де жарысып жүреді. Мысалы:

Әй, қалқанқұлақ, сен қашан өсіп жетіліп қолқанат болар екенсің?–деп иек қақты (Қ. Ахметбеков).

Әй, дөйқара тоқсандық жоспар, жылдық жоспар деп жүргенде өміріңнің қалай өтіп кеткенін білмей қаласың (Ә. Кекілбаев).

Бұл мысалдарда адамды менсінбеу, сықақтау, кеміту мағыналары бар. Мұндай дисфемистік синекдохаларды көркем әдебиетте кейіпкер тілінде көп кездестіруге болады. Бұл дисфемистік синекдохалардың өнімділігін көрсетеді. Мысалы:

Сондай бір сімсік көз, сімсік құлақ, сімсік ауыз анадағы оқиғаны да бүкіл қалаға жаймаса етті – деді ол (Ә. Кекілбаев).

Тіміскек қағазға ұмтылады да мен жеткенше алып оқиды (Х. Есенжанов).

Ей, қара ауыз, неменеңді бу тұтып шіреніп жатырсың? (З. Жәкенов).

Ей, теке сақал! Мен кімге айтып тұрмын? (А. Нұрманов).

Сымпи бұт біреуді қолтықтап Ақтөбе ме, Шалқар ма, Орынбор ма әйтеуір бір шһһар қайдасың деп тартып тұрады (Р. Нұрғалиев).

Қаламгерлеріміз дисфемистік синекдохаларды ауызекі сөйлеу тілінің үлгісі ретінде, оған тән тілдік тәсілдерді ұтымды қолдану арқылы жағымсыз кейіпкерлерін дәл бейнелеген. Келтірілген мысалдарымызда толықтай, жағымсыз эмоционалды-экспрессивті бояу айқын сезінеді. Оларға кекесін, жағымсыз өң мен бояу беріп тұрған әрине, дисфемистік синекдохалар екенін аңғару аса қиын емес. Жалпы дисфемистік синекдохалар жазушыларымыздың шығармаларында күнделікті өмір қажетінен туып, өз алдына бөлек орныққан бейнелеуіш жүйе болып саналады. Сұрықсыз кейіпкер бейнесінің сапалығын арттырып, ұсқынсыз суретін жасауға үлкен ықпал жасайды. Жеке қолданыстағы синекдохалардан олардың өздеріне тән қолданылу аясы, өзді-өзіне тән стильдік қызметі бар екені анық көрініп тұр. Сондай-ақ олардың өздеріне тән ерекшелігі мен бір-бірінен айырмашылығы да айқын сезіледі.

Ақын-жазушыларымыз өзінің суреткерлік шеберлігін кейде жағымсыз кейіпкердің жан дүниесін терең ашу барысында, екінші бір кейіпкердің қолданған сөзі, оның өмірге, қоғамға деген көзқарасы арқылы да таныта алады. Шебер қаламгер кейіпкер сомдауға ұлттық ерекшелігімізге тән сөйлеуімізге де терең мән бере отырып, мұндай да кейіпкер бейнесін ашуды да соған артады. Кейіпкердің ерекшеліктерін айқындай түсетін сөздерді мағыналық ретіне қарай ұтымды қолдану жазушының шеберлігіне тікелей байланысты мәселе болып табылады. Сырт көзге кейде құлаққа тосын естілетін сөздер кейіпкер тілінде ұшырасып жатады, бірақ бұған таңданып қарауға болмайды. Көркем шығармада кейіпкер тілі өз ортасына лайық, күнделікті өмірде жиі айтылатын ауызекі сөйлеу стилімен берілгені жарасымды болып шығады. Мұндай қолданылған кейіпкер тіліндегі дөрекі сөздер кей жағдайда халықтың психологиясын қалыптасқан ұлттық мінез-құлықты жан-жақты ашып көрсетуге өзіндік үлесін қосады. Мысалы:

Маңдайымыздағы жалғыз жарығымды жуанның тоқалдығына бермекпін бе?

Кәмпеске заманында колхозға еткен қастандығы үшін айдалып кетті жуандар (О. Сәрсенбаев).

Бір қаламгердің қолданысындағы жуан деген синекдохадан ұлттық ерекшелік пен кейіпкерлер өмір сүрген сол қоғамдық ортаның нышаны байқалып тұр. Ауызекі сөйлеу тілінің қазынасын орынды пайдаланған қаламгер, жуан дисфемистік синекдохасы арқылы жағымсыз кейіпкерлерді шебер бейнелей білген. Жағымсыз образдардың бейнесін бұлайша суреттеу, жазушының шеберлігіне, оның жалпы халықтық тіл байлығын жетік меңгеріп, қолдана білуіне тікелей байланысты. Жоғарыдағы жуан деген дисфемистік синекдоханың беретін мағынасы да біреу, яғни бай, үстем тап өкілі дегенді білдіреді. Бізше, дисфемистік синекдохалар тек қана жағымсыз сөз ретінде ғана танылмайды. Ол кейіпкер шындығын көркем әдебиет шығармаларында тануымызға үлкен ықпал жасайтын тілдік құбылыс болып саналады.

Жеке қолданыстағы дисфемистік синекдохалар көркем шығармаларда неше түрлі стильдік мақсатта жұмсалады. Ол жазушыларымыздың тіл байлығымен, сөз қолдану шеберлігімен тікелей өзектес. Мысалы:

Сал бөкселер! Айыр құйрық, қос қыртыстар. Жанжалқойлар! – деген сөздер естілді.

Әй, қос құйрық! Кіре Иігілікті, жүк қожайындікі, апаратын мен (Ғ. Мүсірепов).

Мына елдің сорына жаратылған сен сияқты қара таяқтарды атып тастасада айыбы жоқ (Б. Мұқаев).

Мынау жалбыр балақ, жалба төсің кім? – деді бұл (Ә. Кекілбаев).

Келтірілген мысалдарымыздағы сал бөкселер, айыр құйрық, қос қыртысттар, қаратаяқтарды, жалбыр балақ, жалба төс деген дисфемистік синекдохалар өздерінің негізгі мағынасынан алшақтап, басқа бір мағынаны яғни “адам” дегенді білдіріп тұр. Демек, бұл ауыс туынды мағынаның пайда болуына әкеледі. Белгілі зеттеуші Л.А. Булаховскийдің айтуынша: “Изменения о себе знать в отдельных языках, обязаны действию ассоциаций, обусловленных связами явлений, данной исторической почвой, данной национальной средой, в ряде случаев даже индивидуальной психологией людей, от которых они поступили в общее употребление” [96, с. 57]. Әрине, бұл жалпы синекдоханың тілдік табиғи заңдылыңына сәйкес.

Жоғарыдағы синекдохалар келтірінді мағынада қолданылу арқылы мағыналық жағынан түрленіп өзгеріп отырғаны көрінеді. Әр қаламгердің туындыларындағы талданылып отырған мұндай дисфемистік синекдохаларымыз келтірінді, жағымсыз образдарды суреттеудің ең ұтымды құралы ретінде пайдаланылған. Жоғарыдағыдай синекдохалар адамға ғана қатысты айтылмай, жан-жануарларды жағымсыз етіп суреттеу үшін де қолданылады. Мысалы: – Астыңдағы шұнақ құлақ, шолақ құйрық қай баукеспенікі? (К. Оразалин).

Жеке қолданыста көптік мәніндегі дисфемистік синекдохаларда кездеседі. Мұндай дисфемистік синекдохалар жеке қолданыста әр түрлі жолмен беріледі, олардың бәрінде де жағымсыз эмоционалды реңк болады. Мысалы:

Көзі жылы жылмаңтөстер кездесуші еді. Ендеше мынау бейшара дәрменсіз дүниені сол талтаңбайлар-ақ табанына салып таптай берсін.

Түнде үйіне түйе боп сүйкеніп, шешесі сыртқа аттып шыққанда, жып беріп қыз қойнына кіріп кететін жылмаңтөстерді айтам (Ә. Кекілбаев).

Мес қарын, мешел немелер (С. Бердіқұлов).

Мысалымыздағы жылмаңтөстер, талтаңбайлар, мес қарын, мешел немелер деген дисфемистік синекдохалар мағыналары жағынан түсінікті, кей жағдайда күнделікті сөйлеу тілінде де, ара-тұра кездесетін, жалпы халықтық сипат алып кеткен сөздер болып табылады.

Дегенмен жеке қолданыста да өз орынын тауып, контекстік ситпатта басым болып тұр. Мысалдардың бәрінде жаратпау, мазақ, сықақ мағынасы айқын аңғарылады. Адамның іске жеңіл қарауы, байыпсыздығы, ожар мінез құлқы мен іс-әрекеттері келеке мен мазаққа өзек болған. Мысалдарымыздағы дисфемистік синекдохалар – жағымсыз мағыналы көңіл-күй мәнді сөздер, яғни менсінбеу, өзінен кем санау, жаратпау, келеке т.б. осы сияқты жағымсыз ұғымдарды білдіреді. Жалпы алғанда дисфемистік синекдохалардың астарында, мән-мағыналарында халықтың өзінше ұғым-түсінігін, жүйесін, ұлттық ерекшелігін байқауға болады. Бұл жазушы шығармасы арқылы көрініс береді. Мысалы:

Жалбыр балақ, саба құрсақ жаман қатынынан туғаннан құдай сақтасын. – Мына бір қисық мұрын, қисық бұт, жалбыр шаш арық қара анада бұларды көшіріспеп пе еді? (Ә. Кекілбаев).

Әлгі жымпос көсе шашын дудыратып тағы бір қисық аяқты тауып апты деді ол (Ә. Кекілбаев).

Қасындағы кетік тіс жылтыр қара қазан аяқ жағы маған қол деп салдырлатып ыдыс-аяқ арқаламап па еді? (Ә. Кекілбаев).

Бұл келтірілген мысалдардағы жалбыр балақ, саба құрсақ, қисық мұрын, қисық бұт, жалбыр шаш, арық қара, қисық аяқты, кетік тіс, жылтыр-қара күрделі дисфемистік синекдохалар болып табылады. Бұлайша дисфемистік синекдоха туғызу кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді, өйткені бұл тапқырлықты, сөздердің тіркесін ұтымды аңғара білуді талап етеді. Ауызекі тілде кездесетін сөздерді қаламгер көркемдік дәлдікпен сұрыптап отырып, келтіре білген десек болады. Жоғарыдағы дисфемистік синекдохалардың құрылымы күрделі, сыңарларының ара-жігі көрініп тұрғанымен, олардың арасына басқа сөздер кірікпеген, орын тәртібі тұрақты. Осы дисфемистік синекдохаларымыз бірнеше мағыналы сөздерден құралып, бір ұғымның атауы ретінде жұмсалған, өз құрылымдық тұрпат-кескіндерін сақтап қолданылып тұрғанын анық көруімізге болады. Мұндай дисфемистік синекдохалар белгілі бір тиянақты ауыспалы мағынаны білдіре алады. Құрамындағы сыңарлар құрылымдық өзгеріске ұшырамай, сөз тіркесіндегі қасиеттерді бойында сақтап, белгілі бір ұғымның атауы түрінде айтылған.

Дисфемистік синекдохалар құрамы жағынан бірыңғай, біркелкі болып келмейді. Олар да жеке сөздер тәрізді кейіпкерлердің бір-бірімен жасайтын қатынасының түріне қарай қолдану аясы не кеңейіп, не тарылып отырады. Мысалы:

Мысық Мұрын, сені қойға саламын (Х. Есенжанов).

Бастарыңды ұрайын өңшең көк ми! – деді ол, тайып тұрады.

Әлгі кетік қара баласын омыраудан ала түсті (Ә. Кекілбаев).

Сен, шойқара, неге көшпей отырсың? (Ғ. Мүсірепов)

Асты сызылған синекдохалар бір текті, бірыңғай емес, қолданысы әр қаламгерде әр алуан болып келген. Олар жеке қолданыста жалпы халықтық сөйлеу тілінің негізінде қалыптасқан. Құрамында күнделікті тірлікте кездесетін қарапайым сөздер бар. Жалпы жағымсыз кейіпкер бейнесін жасау туралы белгілі тілші М. Серғалиев былай дейді: “Көркем әдебиет стилінде тұйықтық жоқ. Сол себепті жазушылар кейіпкер ауызына жалпы халықтық тілдің әдеби тіл аймағынан ауылы алшақ жатқан диалектизм, бейәдеби қарапайым тіл, жаргон тәрізді формаларына тән элементтерді мүмкіндігінше сала отырып, көркем бейне жасайды. Мұндай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, берілген кейіпкер бейнесі шындыққа жанасады. Тілі арқылы кейіпкер бейнесін бұлайша беру процесі жалпы халықтық тілдің бейәдеби элементтерін әдеби тіл деңгейіне көтеруге жағдай жасайды және кейіпкердің өзіне сай көркем бейнесін беруге көмегін тигізеді” [97, 15 б.].

Бізше, дисфемистік синекдохаларда жеке қолданыстағы бейәдеби элементтер болып табылады және олар тек жағымсыз бейнелерді сомдау үшін ғана қажет деп ойлаймыз. Жеке қолданыстағы кейіпкердің сөйлеу тіліндегі дисфемистік синекдохалар образдылығы мен экспрессивті бояуы жағынан сан қырлы, құбылмалы келеді. Мысалы:

Әй, сарсапалақ, қайда кеттің?! (Ә. Әлімжанов).

Сол жақтан қысым болмаса, мына қыли төбені ойып тұр (М. Қаназов).

Екі мысалдағы сарсапалақ, қыли деген жеке қолданыстағы дисфемистік синекдохалар бір–бірінен семантикалық реңкіне, стильдік бояуына қарай ерекшеленіп тұр. Олардың экспрессивті қасиеті мен қолдану аясыда бірдей емес. Біріншіден, адам бойындағы физиологиялық кемшіліктерді жағымсыз әсерде көрсетіп тұрса, екінші жағынан стильдік бояуы мысқылға, сықаққа құрылған. Әдетте қандай да бір құбылысты не бір затты, адамдарды дәл өз атымен атамай оны басқа бір белгісімен, не бір бөлшегімен атау дағдысы күнделікті сөйлеу тілі аясында, әсіресе көркем шығарма стилінде кездесетіні белгілі. Синекдохалық тәсілдер арқылы жасалатын стильдік реңктер қазіргі көркем шығармалардың барлығының да тілінен байқалады. Мысалы:

Бір кезде бұл сыртқа шықты-ақ жан-жақтан сұқтанып бағатын сімсік көздер енді мұның өзіне емес итіне түседі.

Қос қубастың бірін-бірі жұбатар шаруасына қарай балта жалаңдай кірісті (Ә. Кекілбаев).

Өй, қалқабастар қорықпаңдар, бері жүріңдер деді басқарма (М. Мағауин).

Жоғарыдағы мысалдардағы асты сызылған дисфемистік синекдохалық сөз қолдану тәсілі сөйлеу тілі табиғатына бейім тұрғаны анық көрініп тұр. Жалпы мұндай синекдохалық тәсіл мағынасы жағынан түсінікті келеді. Осы іспеттес дисфемистік синекдохаларды қаламгерлеріміз өзінің айтайын деп отырған ойына әлдеқандай әзіл-сықақ беру үшін жиі қолданылады. Бұл дисфемистік синекдохалардың көркемдік жағынан да соншалықты ұтымдылығы айқын көрінеді. Мысалымыздағы сімсік көздер, қос қубастың, қалқабастар деген дисфемистік синекдохалардың ауыспалы мағыналары адам дегенді білдіреді. Жазушыларымыз адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын көрсету мақсатында кейіпкерлердің ауызына мұндай дисфемистік синекдохалардың түрлерін әдейі салып отыр. Осындай дисфемистік синекдохалар арқылы оқушы кейіпкерді көзбен көргендей біледі. Жоғарыдағы келтірілген үш сөйлемнен де эмоционалды-экспрессивті бояу айқын сезіледі. Осы сөйлемдерге мұндай жағымсыз өң мен бояу беріп тұрған қос қубастың, қалқабастар, сімсік көздер деген сөздер жеке қолданыстағы дисфемистік синекдохалар болып табылады. Олардың қолдану айырмашылықтары да жоқ емес. Жағымсыз реңктері де сөйлемдердің айтылуына, қолдану тәсілдеріне қарай әр түрлі болып келген. Осылайша бүкіл сөйлемнің мағынасының өзгеруіне өз әсерін тигізген.

Қысқасы, ана тілімізде жеке қолданыстағы дисфемистік синекдохалар бар екендігіне және олардың қаламгерлеріміз шығармаларында мол ұшырасатындығына нақты фактілер негізінде көзімізді жеткіздік. Жеке қолданыстағы дисфемистік синедохалардың беретін мағынасы да әр түрлі және жасалу жолдары да әр қилы. Дисфемистік синекдохаларды іштей мынадай топтарға бөлуге болады:

1) Менсінбеу мәндегі дисфемистік синекдохалар;

2) Мазақтау, келемеждеу мәндегі дисфемистік синекдохалар;

3) Қылжақ, қомсыну, ерсі көру, кеміту мәндегі синекдохалар;

4) Көптік мәндегі дисфемистік синекдохалар т.б.

Өз табиғатынан жағымсыз мағынаны білдіретін дисфемистік синекдохалар қаламгерлеріміздің шығармаларында олардың шеберліктеріне қарай қолданылып, жағымсыз образдар суреттеуде пайдаланылған. Жазушыларымыз жағымсыз кейіпкерлер бейнесін әр қырынан сомдау үшін өз кейіпкерлерін сөйлете отырып, тіліміздегі әр түрлі жағымсыз эмоционалды реңктегі дисфемистік синекдохаларды туғызған. Қорыта келгенде, жазушылар қолданысындағы дисфемистік синекдохалар өзге де дисфемизмдер сияқты тек қана жағымсыз мағына береді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет