1. Аукцион мемлекеттік сатып алу веб-порталында аукционға қатысуға жіберу туралы хаттамада көрсетілген күні және уақытта өткізіледі.
Аукционға қатысуға жіберу туралы хаттама орналастырылған күннен бастап екі жұмыс күні өткеннен кейінгі келесі жұмыс күні – аукционды өткізу күні болып табылады.
2. Аукционға қатысушылар деп танылған әлеуетті өнім берушілер аукционға қатысады.
3. Өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауарды сатып алу үшін аукционға қатысушының ең төмен бастапқы бағасынан бастап баға туралы ағымдағы ұсынысты аукцион адымына төмендету жолымен аукцион өткізіледі.
Аукцион адымы өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауарды сатып алу үшін аукционға қатысушының ең төмен бастапқы бағасының жарты (0,5) пайызынан бес пайызына дейінгіні құрайды.
4. Аукционды өткізу кезінде аукционға қатысушылар өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныстар береді, онда баға туралы ағымдағы ең төмен ұсынысты аукцион адымы шегіндегі шамаға төмендету көзделеді.
5. Аукционды өткізу кезінде аукционның кез келген қатысушысы ағымдағы ең төмен ұсыныс болмаған жағдайда, аукцион адымына қарамастан, өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауарды сатып алу үшін аукционға қатысушының ең төмен бастапқы бағасынан төмендетілген, өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныс беруге құқылы.
6. Егер аукционға қатысушы өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ағымдағы ең төмен ұсынысты берген болса, аукционға осы қатысушы өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы осындай ұсыныстан төмен болатын, өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныс беруге құқылы емес.
7. Аукционға қатысушылардың өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныстарын қабылдау уақыты аукционды өткізу басталғаннан бастап отыз минутты, сондай-ақ өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы соңғы ұсыныс келіп түскеннен кейін он минутты құрайды. Егер көрсетілген уақыт ішінде өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың неғұрлым төмен бағасы туралы бірде-бір ұсыныс келіп түспесе, аукцион аяқталады.
8. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы аукцион жеңімпазын ең төмен баға негізінде автоматты түрде айқындайды.
Екінші орын алған аукционға қатысушы ең төмен бағадан кейінгі баға негізінде айқындалады.
9. Егер өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың аукционға басқа қатысушы ұсынған бастапқы бағаға тең бастапқы бағасы ұсынылса, басқа ұсыныстардан бұрынырақ келіп түскен тауардың бастапқы бағасы ең төмен бастапқы баға деп танылады.
10. Егер аукционды өткізу басталғаннан кейінгі отыз минут ішінде аукционға қатысушылардың бірде-бірі өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныс бермеген болса, бастапқы бағасы ең төмен болып табылатын әлеуетті өнім беруші аукцион жеңімпазы деп танылады.