Ерекшеліктері. Жылқыда күрек тіс бүртігі тек жас құлындарда ғана
жақсы байқалады. Тандай білеуліктерінің пішіні доға тəріздес болып келеді.
Саны 16-18. Кілегейлі қабық астында өте жақсы жетілген көктамыр (вена)
торабы (plexus venosus palatinus) болады. Сиыр таңдайында 15-20 шақты
таңдай білеуліктері көрінеді. Олардың алғашқы он екісінде жиектері артқа
қарай бағытталған өткір тісті қырлары болады. Негізгі білеуліктер
аралығында ұсақ білеуліктер де кездеседі. Соңғы 3-6 -ншы білеуліктердің
қырлары тегістеу келеді. Қатты тандайдың кілегейлі қабығы астында кілегей
бөлетін таңдай бездері (gl. palatinae) бар. Күрек тіс бүртігінің алдында
қалындау келген тіс жастығын (pulvinus dentalis) байқауға болады. Қойдың
қатты таңдайында 14, ал ешкіде 12 таңдай білеуліктері орналасады.
Шошқада 20 - 22 таңдай білеуліктері бар. Қатты таңдайдың кілегейлі
қабығында жекеленген лимфа бадамшалары жақсы жетілген. Итте 6-9 таңдай
білеуліктері болады. Олардың пішіні дога тəрізденіп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |