Ұлттық тәрбие аясында жаңа оқу жылында білім алушылардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту мақсатында цифрлық дәуір ерекшеліктерімен байланыстыра отырып «Дәстүр мен ғұрып» жобасы іске асырылатын болады.
Әрбір халық өзінің төл мәдениетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын салт- дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтауы тиіс. Дәстүр жастарды тәрбиелеуде, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті, ұлттық кодты сақтау қажет. Бұл жағдайда қазақ халқының мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, сондай-ақ ұлттық тағамдарын т.б. зерделеу – өзекті міндеттердің бірі.
Оқушылар мемлекеттік тіл – қазақ тілін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік атрибуттары: мемлекеттік рәміздерін білуі тиіс. Осы негізде конкурстар мен олимпиадаларды тұрақты түрде өткізу; әрбір мектепте мұражай ашу; көрнекті тұлғалармен, даңқты спортшылармен, ғалымдармен,
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының білім алушылармен кездесулерін өткізу; сондай-ақ өңірдің тарихи-мәдени мұра объектілерінде мектеп оқушылары үшін өлкетану бойынша тақырыптық сабақтар өткізу өзектілігін жоғалтпайды.
Аталған бағыт шеңберінде: «Менің Отаным – Қазақстан» (балалар мен жасөспірімдер туризмі мен өлкетануды дамыту, экспедициялар, саяхат, экскурсиялар ұйымдастыру), «Тарих мұрасы», «Өз жеріңді таны» (өлкетанулық білімі мен мектеп туризмін, тарихи-археологиялық қозғалысты жандандыру, туған өлкенің тарихын, мәдениетін, дәстүрін терең зерттеу) «Табиғатым – тал бесігім» (туған жерге жауапкершілікпен, аялап қарау) жобаларын жүзеге асыруды жалғастыру маңызды.
«Дәстүр мен ғұрып» жобасын іске асыру үшін академия әзірлеген
«Қазақстанның киелі орындары – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша тәрбие жұмысының модельдері» әдістемелік ұсынымдары әдістемелік нұсқаулық болады (https://www.nao.kz).
Достарыңызбен бөлісу: |