Әл-Фараби (870-950). Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама философы, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби қазақ жерінде, Отырар қаласында дүниеге келген.
Әл-Фарабидің түркі тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты-жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы.
Фараби Аристотельдің философиясына түсініктемелер жаза отырып, өз тарапынан да «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар энциклопедиясы мен тізбесі», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Философияны аңсап үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Әлеуметтік этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», т.б. сияқты көптеген философиялық еңбектер жазған. Фараби ғылымының философиялық-логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика, т.б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор. Фараби өзінің «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат» еңбегінде Аристотельдің философиясын меңгеруге қажет болатын тоғыз шарт жайлы өз пікірлерін ортаға салып, бұл туралы былай дейді:
«Бірінші шарт – философиялық ағымдарды тану (аты-жөнін білу) жеті нәрседен тұрады:
1 – философиялық бағытқа (ағымға) бас болған ұстаздың аты-жөні;
2 – шыққан қаласы;
3 – философияға мекен (медіресе) болған орынның аты;
4 – философиялық тудырған басты себеп;
5 – философиялық талдауға түскен мәселелер;
6 – философияның алға қойған мақсаты туралы;
7 – философияның практикалық мәні, нәтижесі»
Оның пікірінше, тұңғыш рет философиялық бағыттың алғаш негізін салушы – грек философы Пифагор, яғни пифагористер мектебі. Бұл жерде Фараби ежелгі Грециядағы негізгі ғылыми философиялық мектептерге шолу жасап, өз пікірлерін ортаға салады.
Екінші шарт - өткендегі ірі философтардың еңбектеріндегі негізгі ойларын, мақсаттарын тану. Мұнда Фараби ежелгі гректерден қалған логикалық шығармаларды, яғни формалдық дәлел (логика), силлогизм, аналитикалық мазмұн мен оқу ретін қысқаша айтып өтеді.
Үшінші шарт – философ болу үшін қажетті ғылымдарды тани білу.
Төртінші шарт – философия ғылымын үйретудегі мақсатты түсіну. Философия ғылымын үйренуде оның күттіретін мақсатын тану. Ол мақсат – Жаратқан Иені тану. Ол - өзі ауыспайтын, өзгермейтін жалғыз зат. Бүкіл дүниені, барлық нәрселерді барлыққа, болмысқа шығарған жаратушы. Жомарттылығымен, хикметімен, әділеттілігімен осы әлемге тәртіп беруші Алла Тағаланы тану. Барлық философ ғалымдардың істеген еңбектері өздерінің шамасынша сол Жаратқанға ұқсап бағу. Әрине, бұл жерде біз Әл-Фарабидің өз заманының перзенті болғандығын дұрыс түсінуіміз қажет.
Бесінші шарт – философия ғылымына кірісудің төте жолын тану. Бұл жерде Фараби білім, ғылымға жетудің ең бір дұрыс жолы – аянбай еңбек ету дейді. Сонымен қатар философияны тек жаратылыстану ғылымдары арқылы ғана танып білуге болады деген пікірлер айтады.
Алтыншы шарт – Аристотель еңбектеріндегі қолданылған ғылыми ұғымдарды талдай білу.
Жетінші шарт – Аристотельдің өз еңбектерін оқыған адамнан терең жұмбақ сырларды шешуді талап етуінің себебін білу, Аристотель еңбектерінде жұмбақ түрінде айтылған түсініктердің сырын ашу. Оның кейбір ғылыми түсініктерді терең жұмбақ түрінде келтіруінің үш түрлі себебі бар. Бірінші, оқушының табиғи қабілетін сынап, үйретуге тұратынын немесе тұрмайтынын айыру. Екінші, философия ғылымын көрінген адамның бәріне бірдей рәсуа қылмай, оны алып жүретіндерге ғана пайдаландыру. Үшінші, ғылыми іздеу жолында адам бейнеттеніп, ой-пікірін шынықтыру керек. Осы үш себептен Аристотель еңбектерінде жұмбақ (аллегория) қолданылады.
Сегізінші шарт – философ адамның міндеті мен тіршілік ережесін және қалпын түсіну.
Тоғызыншы шарт – Аристотель ілімін үйрену үшін нендей нәрселер қажет екенін білу. Фараби бұл жерде Аристотельдің логика ғылымын, шығармаларын оқу тәртібіне келтіріп, оны жоғары бағалайды. Бұл ойларды түйіндеп айта келгенде, Фараби философияны үйрену үшін, ежелгі грек ойшылдарынан бастап, өзіне дейінгі ғалымдардың ой-пікірлерін сарапқа салады да, соңында өз ойларын айтады. Фарабидің пікірінше, ғылым мен философия адамы болу үшін қойылатын ең бірінші талап – ол адамның жан махаббаты, ар тазалығы, бүкіл адамға, өз халқына деген таза махаббаты, ғылым мен білімге деген қалтқысыз құштарлығы мен берілгендігі. Бұл шарт орындалмаған күнде, адам философияны үйрене алмайды, үйрете де алмайды депкөрсетеді Фараби.