10. Қазақстандағы көлік қатынасының дамуы. Біз сөз етіп отырған кезеңде Қазақстанда кәдімгі далалық қара жолмен қатар су жолы, теміржол қатынастары да дами бастады. Ол кезде тасжолдар әлі салына қойған жоқ еді. Сауда және қатынас жолдары Қазақстанның қай түкпірін болса да айқыш-ұйқыш шарлап жатты. Күре жолдардағы қатынас ат жегілген, кейіннен түйе жегілген көліктермен жүзеге асырылды. Ол көліктің түрлері тарантас, шыбықтан тоқылған қорап күйме, екі дөңгелекті ағаш арба және кәдімгі төрт дөңгелекті жүк арбасы болатын.
Ертісте су жолы қалыптасты. Алғашқыда ол әскери міндеттер атқару мақсаттарын көздеген еді, кейінірек Қазақстан шаруашылық тұрғысынан отарланып болған соң бейбіт сипат алды, сондықтан сауда-саттықты дамытуға пайдаланылды. 1862 жылы Омбыдан Семейге алғашқы пароход сапарға шықты. ХІХ-ХХ ғасырлар шебінде Семей мен Тобыл арасында осындай 40-қа жуық пароход қатынас жасады. Пароходтар Түмен қаласында жасалып, құрастырылды. Пароходпен тасылатын негізгі тауарлар таскөмір, астық, тұз, көкөніс және мал өнімдері болды. Өзенмен жүк тасу үшін кәдімгі салдар да пайдаланылды. Олар Ертістің бас жағынан Омбыға дейін жіберілді. Сал арқылы қауын-қарбыз, жарма өнімдері, балық, бал, қарағай жаңғағы, тұз, өк, алебастр және жоса (жер бояуы) тасымалданды. Ертістен басқа өзендерде, әсіресе Жайықта, пароходтардың жүзуіне балық қорын сақтау мақсатымен тыйым салынды. Ал бірқатар өзендер мен көлдердің тайыз болуы салдарынан оларда пароходтарды пайдалану кеңінен өріс ала алған жоқ.
Теңізде жүзу тек Каспийде ғана кең тарады. Онда Гурьев пен Астрахан арасында пароходтар қатынап тұрды. Өндіріс пен сауданың, қала құрылысының дамуына байланысты елде банк ісі де қалыптаса бастады. 1871 жылы Петропавловскіде Қазақстандағы тұңғыш қоғамдық банк ашылды. Сібір сауда банкінің бөлімшелері біртіндеп Семей, Верный, Ақмола, Қостанай және Павлодар қалаларында да ашыла бастады. XX ғасырдың басында жергілікті тұрғындардың банкідегі салымдары 300 мың рубльге жетті.