Сібірдің көне тас тұрақтары өзіндік ерекшеліктерімен оқшауланатын
палеолиттік мәдениетті құрайды. Мұндағы жоғарғы тас дәуірі ескерткіштерінің
ішінен бөле жарып айтуға болатындары Афонттық таудағы (Красноярск
маңында) Кокоревск түрағы, Енисейдегі Мальта мен Буреть тұрақтары. Олар
өзара мәдени тұтастығымен ерекшеленеді. Сібірдің аңшылары да Еуропалық
тұрғындар секілді жартылай жертөле лашықтар салған. Буретте өзенді жағалай
бір түзудің бойында тізбектеліп орналасқан осындай төрт палеолиттік
лашықтың орны ашылған. Олар Костенкода қазылған баспаналарға өте ұқсас.
Еңбек құралдарының басым көпшілік бөлігі Еуропадағыдай пышақ пішіндес
жаңқа тастардан жасалған.
Жоғарғы тас дәуіріндегі Сібірде бірнеше археологиялық мәдениеттер назарға
ілігеді. Солардың ішіндегі елеулісі мальта мәдениеті Ангара бассеніндегі Буреть
және Мальта тұрақтары арқылы белгілі. Осы тұрақтардың материалдары ішінде
жарудың класикалық тәсілімен жарылған пышақ тәріздес жаңқатастардан
жасалған құралдар кең таралған. Ангарадағы Қызылжар, Ачинскдегі тұрақ,
Забайкалдағы Санный Мыс мекенжайлары да осындай сипатқа ие. Бұлар –
призма тәріздес пластинкалар мәдениеттері. Мальтадан бірнеше әйел
мүсіндерімен қатар құстардың денесі, сүйек пен мамонтың мүйізінен жасалған
әшекейлер табылған. Енисейдің бойында Краснояр қаласының маңындағы
Афонт тауымен аталған афонтовск археологиялық мәдениеті тіршілік кешті.
Мұнда қырғыштар мен сүйектен жасалған құралдардың мүстьерлік нысандағы
архайкалық нұсқалары мол кездеседі. Тағы бір Сібірлік мәдениет Кокоревск –
Енисейдегі Кокорево І, Аешки, Новеселово VІ, VІІ тұрақтары арқылы белгілі.
Якутияда, Ленаның бойында жоғарғы тас дәуірінің дюктай мәдениеті
ашылған. Ол б.з.д. 25 мың жылдан 11 мың жылдыққа дейінгі аралықпен
мерзімделеді. Қиыр Шығыста Осиновка селосының маңындағы тұрақтың
төменгі қабатының материалдары негізінде зерттелген осиновск мәдениеті
белгілі. Жоғарғы тас дәуірі ескертіштері Еуроазия құрлығының басқа да
аудандарынан ашылып, зерттелген. Солардың барлығы да өздерімен көршілес
мәдени қауымдастықтармен өзара тығыз қатынаста дамып жатты.
Достарыңызбен бөлісу: