Оқулық Шымкент 2012 жыл удк


Тұрғындар сырқаттылығы. Қалыптасу ерекшеліктері мен даму бағыты



бет21/95
Дата07.01.2022
өлшемі1,99 Mb.
#18029
түріОқулық
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   95
1.5. Тұрғындар сырқаттылығы. Қалыптасу ерекшеліктері мен даму бағыты.
Сырқаттылық көрсеткіші тұрғындар денсаулығын айқындайтын маңызды индикаторлардың бірі болып табылады. Сондықтан бұл көрсеткішті зерттеуге және оның деңгейін, құрамын және даму бағытын анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Ғылымның дамуы сырқаттылық деңгейінің одан ара артуына себеп болады. Жаңа зерттеу технологиялары ауруларды бастапқы кезеңінен анықтауға, олардың нозологияға, клиникаға дейінгі түрлерін диагностика жасауға жағдай туғызады. Жаңа аурулардың диагнозын қоюға жол ашады.

Сырқаттардың сипаты, құрамы, этиологиясы мен патогенезі олардың классификациясын көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау қоғамы аурулардың халықаралық классификациясын (АХК) 10 жылда бір рет қайта қарайды және қол жеткізген ғылыми жетістіктерге сәйкестендіріп отырады.

1985 жылы аурулардың халықаралық классификациясы оныншы рет қайта қаралды. Алайда денсаулық сақтау тәжірибесінде әлі күнге АХК-ның 9 рет қайта қаралған түп нұсқасы жиі қолданылады. Осы классификация бойынша кеселдердің 17 классы және 999 рубрикасы бар. Осы мәліметтер 2 томдық кітапта жинақталған. Оның бірінші томында кеселдердің классификациясы, екінші томында – кеселдердің алфавиттік реті келтірілген.

Кеселдердің халқаралық классификациясын құрастыру барысында төмендегідей шарттар қолданылады.

Алғашқысы этилогиялық шарт. Бұл шарт бойынша кеселдердің 1 классы мен 17 классы құрастырылған. Екіншісі патогенездік шарт. Бұл шарттың негізінде кеселдердің 2-ші классы құрастырылған. Үшіншісі орналасу шарты. Бұл шарт бойынша кеселдердің қалған класстары жасалған. Ал төртіншісі – ерекше жағдайлардың біріңғайлығы. Бұл шартқа кеселдердің 11 классы негізделген.

Сонымен кеселдердің, жарақаттар мен өлім себептерінің ІХ классификациясы төмендегідей болып түзілген:

1 класс- инфекциялық және паразитарлық аурулар.

2 класс- қатерлі ісіктер.

3 класс- эндокриндік жүйе аурулары, қоректену мен зат алмасудың бұзылыстары.

4 класс- қан мен қан жасау органдары аурулары.

5 класс- психикалық ауытқулар.

6 класс- жүйке жүйесі мен сезім органдарының аурулары.

7 класс- қан айналу органдары аурулары.

8 класс- тыныс органдары аурулары.

9 класс- ас қорыту органдары аурулары.

10 класс- зәр шығару-жыныс органдарының аурулары.

11 класс- жүктіліктің, босану және босанудан кейінгі кезеңнің асқынулары.

12 класс- тері мен тері асты шелінің аурулары.

13 класс- сүйек-ет жүйесі мен дәнекер тканының аурулары.

14 класс- туа біткен аномалиялар, даму кемістіктері.

15 класс- перинаталдық аурулар мен өлімнің кейбір себептері, перинатальдық кезеңде туындайтын жеке жағдайлар.

16 класс- симптомдар, белгілер және нақты көрсетілмеген жағдайлар.

17 класс- қайғылы оқиғалар, уланулар мен жарақаттар.

Кеселдердің халықаралық Х классификациясы 1993 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Оның құрамында аурулардың 21 классы бар және төмендегідей болып аталады:

І класс – кейбір инфекциялық және паразитарлық аурулар.

ІІ класс – қатерлі ісіктер.

ІІІ класс – қан, қан жасау органдары аурулары, иммундық механизмді қоса қамтитын жеке бұзылыстар.

ІV класс – эндокриндік жүйе аурулары, қоректенудің аутқулары мен зат алмасудың бұзылыстары.

V класс – психикалық ауытқулар мен мінез-құлықтың өзгерістері.

VI класс – жүйке жүйесі аурулары.

VII класс – көз бен оның қосымша аппараттарының аурулары.

VIII класс – құлақ және оның бағыныңқы қойындары.

ІХ класс- қан айналу жүйесі аурулары.

Х класс – тыныс органдары аурулары.

ХІІ класс – тері және тері асты шелінің аурулары.

ХІІІ класс – сүйек-ет жүйесі мен дәнекер тканінің аурулары.

ХІV класс - зәр шығару-жыныс жүйесі аурулары.

ХV класс - жүктілік, босану және босанудан кейінгі кезең.

ХVІ класс – перинатальдық кезеңде туындайтын жеке жағдайлар.

ХVІІ класс – туа біткен аномалиялар (даму кемістіктері), деформациялар мен хромосомның бұзылыстары.

ХVIII класс- клиникалық және лабороториялық зерттеу барысында анықталған өзге рубрикаларда классификацияланбаған симптомдар, белгілер және қалыптасқан ауытқулар.

ХІХ класс – жарақаттар, уланулар және сыртқы әсерден туындаған жеке өзгерістер.

ХХ класс – кеселділік пен өлімнің сырттай себептері.

ХХІ класс – тұрғындардың денсаулығына әсер ететін және денсаулық сақтау мекемелеріне қаралуға алып келетін себептер.

Аурулардың Халықаралық Х классификациясында ежелден қалыптасқан құрам сақталған. Алайда санды кодтау жүйесі алфавитті-сандық кодтау жүйесіне ауыстырған. «Қан және қан жасау органдары аурулары» атты классқа иммундық механизмнің жеке ауытқулары қосылған. Көз аурулары мен оның қосымша аппараттары және құлақ аурулары үшін жаңа класстар түзелген. Тұрғындардың денсаулығына әсер ететін және денсаулық сақтау меекмелеріне қаралуға алып келетін себептер деген жана аурулар классы қосылған.

Аурулардың Халықаралық Х классификациясы көптеген елдердің ғалымдарының бірлесе атқарған еңбегінің жемісі деп қарастыру қажет.

Кеселділік көрсеткішінің 3 негізгі түрі анықталады;

бірінші кеселділік, бірінші жалпы кеселділік, жалпы кеселділік немесе кеселділік оқиғаларының таралуы атты көрсеткіштер бар.

Бірінші кеселділік дегеніміз – тұрғындар арасында ағымдағы жылы алғаш рет анықталған, алдыңғы жылдары еш жреде тіркелмеген жаңа аурулардың жиынтығы. Бұл кеселдерді статистикалық есептеу талондарында «+» деген белгімен айқындайды.

Бірінші жалпы кеселділік дегеніміз – бұл бірінші кеселділікке қосымша ағымдағы жылы алғаш рет амбулаторлық мекемеге ертеде анықталған кесел бойынша қаралу оқиғаларының жиынтығы.

Жалпы кеселділік немесе аурулардың таралуы дегеніміз – бұл тұрғындардың арасында таралған, ағымдағы жылы және өткен жылдары анықталған аурулардың жиынтығы.

Аурулардың таралу деңгейін толыққанды анықтау өте қиын. Оны жүзеге асыру үшін соңғы үш жылда анықталған жалпы бірінші кеселдік көрсеткішін талдау қажет немесе бірінші жалпы кеселдік көрсеткішіне кешенді медициналық тексеру нәтижелерінде алынған кеселдік деректерін қоса есептеу керек. Кеселділікті бағалауда және анықтауда есте ұстайтын мәселе мынада: Оның құрамына жедел аурулар бойынша барлық емханаға қаралу оқиғалары және алғаш рет ағымдағы жылы созылмалы аурудың қозуына немесе асқынуына байланысты қаралу оқиғасы кіреді.

Жалпы кеселділікті зерттеудің жалпы және таңдамалы әдістері бар. Жалпы әдіс емдеу мекемелерінің ағымдағы есепті деректерінде келтірілген барлық оқиғаларды жинақтай отырып сараптауға негізделген. Таңдамалы әдіспен маңызды әлеуметтік топтарда жыныстық, жастық, өндірістік, экологиялық, өмір сүру салты, ұлты және т.б. ерекшеліктері бойынша аурушаңдық оқиғаларының деңгейі, құрамы, даму бағыты анықталады.

Аса маңызды топтар ретінде балалар, жасөспірімдер, студенттер, мектеп жасындағылар, жұмысшылар мен қызметкерлер, әлеуметтік жағдайы нашалар немесе бақуаттылар, жеке әлеуметтік маңызы үлкен патологиялары бар аурулар қарастырылады.

Кеселділікті анықтау және бағалау үшін белгілі ақпараттық көздер қолданылады. Олардың қатар саны аса көп емес: екі негізгі және екі қосымша ақпараттық көздер бар.

Негізгі ақпараттық көздерге медицина мекемелеріне қаралу және кешенді медициналық тексеру мәліметтері жатады.

Кеселділіктің қосымша мәліметтер көзіне өлім себептері мен кешенді әлеуметтік-гигиеналық және клиникалық-әлеуметтік зерттеу барысында алынған деректі ақпараттар жатады.

Тұрғындардың емдеу – профилактика мекемелеріне медициналық көмек алу мақсатында қаралуы, кеселділік туралы деректі ақпараттың толыққанды көзі деуге болады. Емдеу-профилактикалық мекемелерінің жеткілікті және қаралуға қолайлы болуы кеселділік оқиғаларының деректерін барынша толығынан жинауға жағдай туғызады. Алайда созылмалы аурулардың жеке оқиғалары көбінесе тіркеусіз қалады.

Қаралу деп – аурулардың әрбір дәрігерге қаралуға баруын немесе дәрігердің ауруға келуін айтады. Науқастың дәрігердің қабылдауына келуі дәрігердің қабылдауына берілетін талонда, ал дәрігердің ауруға баруы емханада жүгізілетін дәрігерді үйге шақыру журналында тіркеледі.

Әрбір қала тұрғынына балап есептегенде жылына емханаға қаралудың 9 оқиғасы тіркеледі. Емханада қабылдауда болу – медициналық көмектің көлемін анықтайтын көрсеткіш.

Қабылдану деп – ауруға байланысты алғаш рет дәрігердің қабылдауында болу.Әрбір қаралу оқиғасы нақтыланған диагнозды тіркеудің статистикалық талонында тіркеледі.

Егер науқастың диагнозы алғаш рет анықталса, онда статистикалық талондағы диагноз «+» деген белгімен тіркеледі, ал науқас ертеде анықталған диагнозбен қайта қаралған болса, онда статистикалық талонда ешқандай да белгі қойылмайды. Мысалы алғаш рет дәрігерді грипп деген аурумен үйге шақырған және осы аурудың барысында дәрігердің қабылдауында тағы екі рет болған аурудың диагнозы бір рет қана «+» деген белгімен тіркеледі. Себебі, гриппен ауырған ауру дәрігерге бір рет қаралды, бірақ үш рет қабылдауда болды.

Егер науқас жүрек ишемиясы деген диагнозбен дәрігердің қабылдауында 5 рет болса, онда оның дәрігерге бірінші рет келуі барысында нақты диагнозы қойылған статистикалық талон толтырылады және оған ешқандай белгі қойылмайды. Себебі науқас аты аталған диагноз бойынша бір рет қаралды да, аурудың қозу барысында емдік – профилактикалық шараларды алу және барысын тексерту үшін тағы 4 рет дәрігердің қабылдауында болды.

Кеселдік бойынша дәрігерге қаралудың бірнеше түрі бар:



  1. Жалпы қаралу амбулаторлы-емханалық мекемеге алғаш рет келудің барлық оқиғалары болып табылады. Оны есепке алу үшін нақты қойылған диагнозды тіркейтін статистикалық талон қолданылады.

  2. Өткір инфекциялық аурумен кеселділік. Оны инфекциялық ауру туралы жедел қабарлау атты есепке алу формасында тіркейді.

  3. Маңызды бейэпидемиялық аурулармен кеселділік: туберкулез, қатерлі ісіктер, венерологиялық аурулар туралы арнайы хабарлама деген есептеу формаларында тіркелді.

  4. Госпиталдандырылған кеселділік стационардан шыққандарды тіркеу картасы деген есептеу формасында жазылады.

  5. Уақытша еңбекке жарамсыздық туғызатын кеселділік. Бұл оқиғалар кеселдену парағында тіркеледі. Кеселдену бойынша қаралудың көрсеткіштерін 1000 адамға балап есептейді. Ал кеселдену оқиғаларының саны өте аз болуына байланысты көрсеткіштерді 10000 немесе 100 000 адамға да балап есептеу жиі қолданылады. Алайда уақытша еңбекке жарамсыздық тудыратын кеселділікті 100 адамға балап есептеу әдісі қабылданған.

Әдепкіде кеселділіктің 4 түрлі көрсеткіші қолданылады. Олардың қатарында.

  1. 1000 адамға балап есептегендегі алғашқы (бірінші) кеселділіктің деңгейі. Оны статистикалық есепке алу талонына «+» деген белгімен көрсетеді.1000 адамға балап есептегенде бірінші жалпы аурушаңдықтың деңгейі (барлық статистикалық талондар).

  2. Кселділіктің құрамы;

  3. Кеселдердің қайталау жиілігі – 1 адамға балап есептегендегі аурулардың жиілігі.

Ғылыми зерттеу жұмыстарының деректі мәліметтеріне қарағанда бірінші жалпы кеселділік (аурушаңдық) әрбір 1000 Республика тұрғынына балап есептегенде орта есеппен 1000 – 1250 оқиғаны құрайды. Қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіштің деңгейі 1200 – 1400‰ дейін жетсе, ауыл тұрғындары арасында 800 – 1000‰ құрайды. Аурулардың таралу деңгейіне экологияның жайсыз болуы, еңбек ету ортасының гигиеналық талаптарға сай келмеуі, отбасының әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық жағдайының нашарлығы, салауатсыз өмір сүру салты, нашар және сапасыз тамақтану, өз денсаулығына қамқорлықтың жоқтығы және медициналық көмек сапасының төмендігі күшті әсерін тигізеді.

Кеселділіктің нақты деңгейі немесе барлық әдістердің көмегімен анықталған аурушаңдықтың деңгейі орта есеппен 3200-3600 ‰ құрайды. Алайда бұл көрсеткіштің қалыптасуында жыныстық және жастық ерекшеліктердің де әсері аз емес.

Мысалы, әйелдер арасындағы кеселдіктің нақты, барынша анықталған деңгейі 3450-3650 ‰, ал ер кісілерде – 3050-3250 ‰ болып қалыптасқан. Басқаша айтқанда Республиканың әрбір тұрғынына балап есептегенде орта есеппен жылына 3,2-3,4 ауру тура келеді.

Қаралу бойынша анықталған кеселділіктің ең жоғары деңгейі балаларда (1400 ‰), орташа деңгейі (1200‰ ) жасөспірімдерде, ал төменгі деңгейі (1000‰ ) ересек адамдарда қалыптасқан. Әртүрлі жастық және жыныстық топтарда қалыптасқан кеселділік көрсеткіштерінің деңгейі де бірегейемес. Бұл көрсеткіш 1 жасқа дейінгі ұл балаларда - 1900‰ ден жоғары болса, қыздарда - 1700 ‰ ден астам деңгейде қалыптасқан. Кеселділік көрсеткіші 2,3,4 жастағы ұлдарда және қыздарда одан ары жоғарылай түседі. Алайда осы жастық топтардың арасында қалыптасқан кеселділік көрсеткіші 3 жастағыларда ең жоғары (3000‰ ) деңгейге көтеріледі. Оның негізгі себебі, 3 жастағылар бала бақшаға барады және олардың денсаулық қауіпсіздігіне қамқорлық төмендейді. Ірі балалар ұжымында инфекциялардың таралуы да жоғары болып келеді.

Балалардың арасындағы кеселділіктің ең төменгі деңгейі 10-14 жас аралығында кездеседі. Адамдардың жасы 50-ге толғанда кеселдіктің деңгейі қайта көтеріліп, 55 жастан кейін төмендейді.

Емханаға қаралу бойынша анықталған бірінші кеселділіктің құрамына тұрғындардың жастық ерекшеліктері де қуатты әсерін тигізеді. Бірінші кеселділіктің деңгейі ересек тұрғындардың арасында 500-600‰ құрайды. Оның құрамында тыныс органдары аурулары бірінші, қан айналу жүйесі аурулары екінші жүйке жүйесі аурулары үшінші, ас қорыту органдарының аурулары төртінші, жарақаттар мен уланулар бесінші, сүйек-ет жүйесі аурулары алтыншы рангалық орында орналасқан. Жасөспірімдердің арасында бірінші кеселділіктің деңгейі 800-900 ‰ жетеді. Олардың құрамында бірінші рангалық орында тыныс органдары аурулары, екінші рангалық орында жүйке жүйесі патологиялары, үшінші рангалық орында ас қорыту органдарының аурулары, төртінші рангалық орында жарақаттар мен уланулар, бесінші рангалық орында тері және тері асты шелінің аурулары және ең соңғы алтыншы рангалық орында инфекциялық аурулар орналасқан.

Балалардың бірінші сырқаттылығының орташа деңгейі 1300-1400 ‰ –ге жетеді. Бұл топтағы бірінші сырқаттылық көрсеткішінің құрамдық ерекшеліктеріне жататындар мыналар: біріншіден, үшінші рангалық орында инфекциялық және паразитарлық аурулар орналасқан. Ересектер арасында бұл аурулар алдыңғы алты рангада мүлде аталмаса, жасөспірімдерде соңғы алтыншы рангалық орында орналасқан. Екіншіден, балалар арасында ас қорыту органдарының аурулары төртінші рангалық орында болып шықты.

Ал жасөспірімдер арасында бұл патологиялар үшінші рангалық орынды қамтыса, ересектерде төртінші рангалық орында тұр.

Жарақаттар мен уланулар балалар арасында алтыншы рангалық орында тұрса, жасөспірімдерде – төртінші, ал ересектерде бесінші рангалық орында орналасып тұр.

Сонымен, тұрғындардың жастық ерекшеліктері бірінші кеселділіктің құрамына айтарлықтай ықпалын тигізетін болып шықты.

Сырқаттылықтың қалыптасуына әлеуметтік-гигиеналық себептердің қосатын үлесі де жоғары.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасының мүшелерінде аурулардың деңгейі мен құрамы әлуметтік жағдайы жақсы отбасы мүшелерінің кеселділік көрсеткіштерінен айтарлықтай өзгеше болады. Олардың арасында туберкулез, қан айналу жүйесі мен ас қорыту органдарының патологиялары, туа пайда болатын даму кемістіктері, жүйке жүйесі мен психологиялық аурулар жиі ұшырасады.

Осы жерде, салауатсыз өмір салты себептерінің кеселділік көрсеткіштерінің қалыптасуына тигізетін әсерін де айта кету қажет. Мысалы, алкогольдік ішімдікке салынған адамдардың алғашқы кеселділік көрсеткіші салауатты өмір сүретіндер тобының көрсеткіштерінен 2,5-3,0 есе жоғары.

Темекі шегетіндер арасында өкпе рагі ауруының, өкпенің бейспецификалық патологияларының деңгейі темекі шекпейтіндерге қарағанда 3-4 есеге артық екендігі анықталып отыр.

Сондықтан кеселділік көрсеткіштерінің қалыптасу заңдылықтарын, құрамы мен даму бағытын зерттеу барысында міндетті түрде әлеуметтік-гигиеналық себептердің қатерлі әсерін кешенді түрде анықтаудың маңызы өте үлкен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет