Павлодар облысының Білім беру басқармасы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша Білім беру оқу-әдістемелік орталығы


Алғашқы діни сауат ашу мекемелері



бет6/10
Дата24.03.2023
өлшемі116,91 Kb.
#75880
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Пав өңіріндегі мешіттер

1.2 Алғашқы діни сауат ашу мекемелері

Қазақ халқында діни тәрбие мен діни білім беру жүйесі ғасырлар бойы тарихи ахуалдарға орай, оңтайлы үлгілерде жалғасып келген. Рухани ілімге деген халық сұранысы қазақ жерінде діни білім беру жүйесінің жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілері қалыптасқан. Ірі қалаларда жалғасын тапқан медреселер қызметімен қатар ауқатты адамдардың балаларын оқытатын «аталық» институты және көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарағанын атап айтуға болады. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жағдайлы отбасылар көмегімен ел ішіндегі діни білімді рухани тұлғалар бала оқыту арқылы халықтың діни сауатын көтеріп, қазақ балаларының хат танып, сауат ашуына ықпалын тигізіп отырған


Ислам оқу-ағарту тарихында әрі мәдениет дамуында мешіттердің рөлі ерекше. Мешіттердің салынуына байланысты екі түрлі көзқарас бар. Бірінші көзқарастағылар көрші халықтардың синагок, шіркеу сияқты құлшылық орындарын көріп, соларға еліктей отырып салынғанын айтады. Екіншісі, әрі шындыққа жақынырағы, қасиетті Қағбаға қарай отырып салынғаны жайындағы көзқарас («Әли Имран» сүресі, 96).
Мұсылмандар өздеріне бағынған жерлеріне мешіт салу үлкен үрдіске айналды. Мешіт салу арқылы бұл өлкенің Ислам мемлекетіне қосылғаны жарияланатын. Уақыт өте мешіттер көбейе түсті. Бұл, әсіресе әкімшілік орталықтарда айқын көрінеді. Яғқуби (өлімі, 292/905) хижри ІІІ, милади ІХ ғ. Бағдатта 30000 мешіт болғанын және бұларды бір-бірлеп санағанын жазып қалдырған [8, 243 б.].
Мешіттерде сол уақыттағы барлық ғылымдар оқытылатын. Құран, хадис, фиқһ, кәлам сияқты діни ілімдермен бірге тарих, философия, медицина, астрономия оқытылды. Хижри 360, милади 970-жылы Мысырда Жауһар әс-Сижилли салдырған әл-Әзһар мешіті 378/988 жылдан бастап ғылыми зерттеу орталығына айналады. Бұл қазір де Ислам әлеміндегі атақты университеттердің бірі. Суиути Каирдегі Ибн Тулун мешітінде сол кездегі белгілі ғылымдардың барлығы оқытылғанын, Абдуллатиф әл-Бағдади, әл-Әзһар мешітінде әр күні түс уақытында медицина оқытылғанын айтады. Мәдинадағы хазірет Пайғамбар мешітіндегі Суффа шын мәнінде Исламдағы алғашқы университет болды. Уақыт өте онда шәкірттер сыймай қалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұның алдын алу үшін Мәдинаның әр жерінде дайындық немесе бастауыш мектеп болып саналатын бірнеше мектеп ашады. Хижреттің екінші жылы Махрама ибн Нәуфалдың үйінде Дарул-қурра аталған Құран мектебі ашылған. Ислам әлеміндегі қуатты мемлекеттердің бірі болған Осман мемлекеттерін қарастыратын болсақ, бұл кезде де мешіттер әкімшілік орталық, имамдардың мәжілісі қызметін атқаратын еді. Халықтың жиналып құлшылық қылатын, мемлекет істерін талқылайтын жері болғандықтан үлкен маңызы бар еді. Мешіттің жанында оның ажырамас бір бөлігі медресе, кітапхана, асхана және басқа да құрылыстар бірге салынып, өз алдына үлкен бір кешенді құрайтын. Жақын жерлерге намаз уақытын күту үшін асханалар салынып, олар күні бүгінге дейін жеткен. Бұған байланысты Осман Нури Эргин былай дейді:
«Стамбулда асханалардың көптеп салынуы мешіттің көбеюіне байланысты. Намаз уақытынан бұрын мешітке келгендер, екі намаз арасындағы уақытты өткізу үшін әр мешіттің жанында отыратын орын ашылған. Х/ХVI ғғ. Йеменнен кофе әкелініп, бұл жерлерде кофе ішу әдетке айналғандықтан кофехана деп аталған. Кафелерде намаз уақытына дейін халықтың көңілін аулау үшін, әсіресе ақшам мен құптан намазы арасында Хамзанама, Баттал-Ғази сияқты халық кітаптары оқылатын». Бірақ мешіт салынбай тұрып, дәрістер негізінен үйлерде жүргізілді. Бұл мешіт салынғаннан кейін де жалғасты. Мысалға айтатын болсақ, Аллаһ елшісі (с.а.у.) сахабаларға Әрқам ибн Әбул Әрқамның үйінде жаңа түскен аяттарды және дін негіздерін үйреткен. Кейін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйіне, мешіттер салынған соң мешітке көшірілді. Дәрістер бір жағынан аурухана, керуенсарай сияқты жерлерде де жүргізілді. Сонда да көптеген ғалымдардың үйінде оқу-ағарту ісі жалғаса берген. Ибн Сина кешке шәкірттеріне өз шығармалары «әл-Қанун» мен «әш-Шифаны» оқитын. Шәкірттер мен ғалымдарға толы үйлердің бірі Имам Ғазалидің үйі еді. Қысқаша айтқанда, ғылым мен мәдениеттің дамуында мұсылман әлемінде ғұламалардың үйлері мен мешіттер айтарлықтай рөл атқарған.
Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Мұсылман қазақ ұлтының отаны – Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды. Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар. Ең алғашқы ислами орта оқу орындары болған медреселердің араб жерінде емес, Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі. Мұның басты себебі тілдік фактордың әсері болып табылады. Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпынысын араб тіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын [9, 35 б.].
Мұсылманның парызы саналатын іс-әрекеттер (бес уақыт намаз, ораза, қажылық) де белгілі бір дәрежеде араб тілді мәтіндермен байланысты болды. Сондықтан ислам дінін игеру бірінші кезекте күрделі де көп салалы араб тілін жүйелеп, жіктеп, егжей-тегжейлі үйренуді талап етті. Діни мәтіндердің мағыналық ерекшелігі мен көп қабаттылығы да араб тілін жетік игеруді міндеттеді. Осыған орай араб тілінің фонетикасын, морфологиясы мен синтаксисін арнайы пәндер арқылы игеру қажеттілігі туындады. Тіл игеруден кейінгі қиындық діни мәтіндер мен ілімдерді барлық қосымша пәндерімен қоса оқып-үйренумен байланысты болды. Бұл Құран ілімдері мен шариғат ғылымдарының екі үлкен сала ретінде қалыптасып, дербес оқытылуына негіз қалады. Осының барлығы араб тілі мен ислам дінінің негіздерін толығымен қамтып, жүйелендірген білім ордасы – медреселердің қалыптасуына алып келді. Орта ғасырларда бірыңғай рухани мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі ерекше қарқынмен дамыды. Медреселер көбіне мешіттердің жанынан салынды. Бұхара, Самарқанд жерінде басталған медресе дәстүрі Баласағұн, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ірі мәдени орталықтарда жалғасын тапты. Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады. Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесі бойымен Сыр бойындағы қалаларда ерекше өрістеді. Бұл Қожа Ахмет Яссауи негізін салған рухани ілім арқылы Түркістан қаласының түркі жұртының рухани астанасы деңгейіне көтерілуімен тікелей байланысты болды. Сырдың төменгі ағысымен Арал теңізіне дейін, Үстірт арқылы Батыс Қазақстан өлкесіне дейін тараған медреселер мәдениеті Қазан хандығы тұсында татар жұртына да кеңінен тарады.
Қазақ жеріндегі дін ғұламаларының Орта Азияның басқа да қалаларымен, Иран өлкесі мен араб жеріндегі іргелі ғылым орталықтарымен таныс болғаны, Йасауи хикметтерінде айтылғандай, «Қорасан, Шам, Иракқа сапар шегіп», ілім алмасып, тәжірибе жаңғыртып, рухани байланыста дамығаны белгілі. Осы орнықты әрі жан-жақты діни білім жүйесінің қазақ даласында Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесінің қалыптасуына шешуші әсер еткені анық. Саналы ғұмырын араб жерінде өткізгенімен әл-Фараби түркі топырағының түлегі, сол топырақта дүниеге келген ілімдердің дамытушысы болып табылады. Атақты Отырар кітапханасы орнаған өңірде туып-өскен ғалымның барлық рухани және дүнияуи ілімдердің бастауынан туған өлкесінде сусындағаны, негізгі көзқарастарын өз отанында қалыптастырғаны анық. Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «хикма иләһийа» – «иләһи хикмет», «тәңірлік даналық» ілімінің негізін салды. Бұл ілім өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құт әкелуші білім» («Құтты білік») деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілімі» деген атпен дамытты. Бұл ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің «Диуани хикмет», «Мират-ул қулуб», «Пақырнама», «Рисала-и дәр әдәби тариқат» еңбектерінде көрініс тапты. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық қаламгерлер (ақындар мен шежірешілер) туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін ең алдымен ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншіден ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, ары қарай дамыту принциптері құрады [10, 5 б.].
Атап айту керек, шариғат ілімдерін терең игертуге бағытталған дәстүрлі медреселер жүйесімен қатар діни білімді рухани тәжірибемен ұштастыруды, рухани кемелденуді мақсат еткен тариқат ұстаздары қалыптастырған рибат, текке, құжыра, забия, ханака секілді білім ордалары орта ғасырларда қазақ жерінде кеңінен тарады. Медреселер нақты мамандандыру жүйесі болса, аталған рухани білім ордалары рухты кемелдендіру жүйесі ретінде қызмет етті.
«Ислам дінін қазақ даласына таратып, орнықтыруда оқу, ағарту ісімен де айналысып, қарапайым халықтың көзін ашып, ізгілік пен игілікке, тақуалық пен имандылыққа тәрбиелеуде қожалар мен сунақтар және Қожа Ахмет Йасауи ілімін ұстанған сопылар орасан зор роль атқарды» деп жазады шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі. Монғол шапқыншылығынан кейін Ұлы Жібек жолы бойындағы көптеген қалалардың тіршілігін тоқтатқаны белгілі. Қалалардың ендігі бір бөлігі бастапқы қарқынымен біршама уақыт өмір сүріп келгенімен, бұрынғы гүлдену кезеңіне қайта көтеріле алмады. Қазіргі Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесінің тоқырауына осы тарихи дәуір тікелей әсер етті. Дегенмен еліміздегі діни білім беру жүйесі тоқтап қалған жоқ, ғасырлар бойы нақты тарихи ахуалға орай өзгерістерге ұшырап, оңтайлы үлгілерде дамып отырды. Рухани ілімге деген халық сұранысы қазақ жерінде діни білім беру жүйесінің жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілерін қалыптастырды. Соның ішінде ірі қалаларда жалғасын тапқан медреселер қызметімен қатар көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарағанын атап айту қажет. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жағдайлы отбасылар жалдаған молдалар қазақ балаларының хат танып, сауат ашуына ықпалын тигізді. Қазақ меценаттарының көмегімен ел ішіндегі діни білімді рухани тұлғалар да өз жүйесімен бала оқыту арқылы халықтың діни сауатын көтерді. Осындай рухани қайраткерлердің күш-жігерімен бертінде Сыр бойында атақты ахундар мектебі қалыптасты. Бір ғана Алдашбай ахунның мектебінде 2000-ға жуық қазақ балалары білім алғаны туралы деректер сақталған. Түркістан өңірінің рухани тәлімін жалғастырып, Маңғыстау ахундары мектебінің қалыптасуы, Қостанай өңірінде дүниеге келіп, Сыр бойында дін ілімін таратқан Марал ишанның қайраткерлігі, көкшетаулық Науан хазіреттің орыс отарлау саясатына қарсы бар қазақтың рухани көсемі ретінде қарсы шығуы, Қызылорда өңірінен шыққан Ахмет ишанның Бұхарада ілім алып, Ақмола, Торғай, Жезқазған өңірлерінде қызмет етуі, Мүсірәлі сұпының үш жүздің пірі атануы секілді рухани оқиғалар қазақ мәдениетінің біртұтас діни ілімдер мен дәстүрлер аясында дамығанының айғағы болып табылады. Қазақ даласынан шығып, Бұхара, Самарқанд медреселерінде білім алған көптеген рухани тұлғалар ел ішіне оралып, туған халқының дін дүниесіне қызмет етті.
Қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім бағыттылығы жөнінен бірізділендіруге, мазмұны тұрғысынан байытылуға тиіс. Дінтанулық білімнің динамикалылығын арттыру, қасаң көзқарастардан арылту, тәжірибелік курстар санын көбейту шараларын жүзеге асыру нәтижелі болмақ. Мектептегі «Дінтану негіздері» оқулығы да осындай толықтыруларға мұқтаж. Аталған пәнге бөлінген уақыт пен даярланған дінтанушы мамандар әлеуетін орынды пайдалану қажеттілігі мектеп қабырғасында өтілетін осы пәннің сағат санын көбейту шарасын жедел арада қолға алу қажеттігін көрсетеді. Діни және дінтанулық білім базалық пәндері мен бағыттылығы жөнінен бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес діни және дінтанулық білімнің өзара тиімді түрде игі мақсатқа қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн. Қазақ халқы ерте заманнан-ақ білімді де сауатты болуға ұмтылған, надандық пен топастықты әжуа етіп, күлкіге айналдырған. Әрбір ата-ана баласына әдептілікті үйреткен, сауатты да білімді болуға баулыған [11, 243 б.]. Бұған мысал ретінде қазақтар арасында «Қара күш бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақал кеңінен тараған. ХІХ-XX ғасырлардың бас кезінде Қазақстанда халыққа білім беру ісі екі: діни және зайырлы бағытта жүргізілді. XIX ғасырдың орта кезіне дейін қазақ балалары мектептер мен медреселерде мұсылманша білім алды. Оларды негізінен молдалар оқытты. Оқу ата-аналарының қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Мұсылмандар мектебінде негізінен ер балалар оқыды. Халық арасында медреселердің беделі күшті болды. Олар молдалар мен мектеп мұғалімдерін даярлады. Оқу мерзімі 3—4 жылға дейін созылды. Медресе шәкірттері ислам дінінің негіздері бойынша бастауыш білім алумен қатар философия, математика, медицина, тарих, тіл білімі (лингвистика) және астрономия жөнінде де едәуір хабардар болып шықты. Діни оқу орындарының басты қызметінің бірі жастардың бойына әдептілік өнегесі мен адамгершілік қасиеттерді дарыту болды. 1870 жылдан бастап патша үкіметінің бастамасы бойынша медреселерде міндетті түрде орыс тілінің негіздерін үйрету енгізілді. Медреседе бірнеше сынып бөлмелері болды. Олар шәкірттер тұратын, дәрет алып, жуынып-шайынатын, сондай-ақ тамақтанатын бөлмелер еді. Медреседе ұстаздыққа әдетте жасы 40-тан асқан адамдар ғана қабылданатын. Олардың медресені бітіргені туралы дипломының болуы талап етілетін. Кейіннен патша үкіметі мұсылманша оқытуды да өз бақылауына алуға тырысты. Мәселен, 1867—1868 жылдардағы әкімшілік реформалар бойынша мектептер мен медреселер ашу үшін уезд бастығының арнайы рұқсатын алу керек болды. Патша үкіметі мұсылмандардың оқу орындарын ашықтан-ашық кемсітіп, қорлау саясатына көшті.
Қазақ халқының дүниетанымы, діни көзқарастары, ұлттың рухани құндылықтары ауыз әдебиеті шығармаларында көрініс тапты. Діни тақырыпқа арналған қисса-дастандардан ислам дінінің негізгі қағидалары, танымал тұлғалары, шариғат заңдары жайлы мол мәлімет алуға болатын. Есепсіз көп мұндай туындылар көпшілікке арналған діни оқулықтың ролін қоса атқарып, қазақ мұсылмандығын қалыптастырудың, діни сауатын көтерудің теңдессіз құралына айналды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет