І. Діннің таралуы. Діннің неғұрлым ертедегі көріністері – сиқыршылық, тотемизм, ғұрыптық жерлеу культі және шамандық болып табылады. Құдайды тұлғалық Бастау ретінде мойындау қазіргі діндерден ислам, христиан, иуда діндеріне тән, ал будда, даосизм діндеріне тән емес. Халықты қамтуы жөнінен діннің тайпалық-халықтық (мысалы, иудаизм) және ұлтаралық немесе әлемдік (будда діні, христиандық, ислам) түрлері белгілі. Әлемдік діндердің әрқайсысы түрлі ағымдар мен конфессияларға бөлінеді. Мысалы, ислам дінінің сүнниттік, шииттік ағымдары, христиан дінінің католиктік, православие және протестанттық конфессиялары, т.б. діннің екі сипаты бар. Төменгісі – сыртқы, ғибадат ету, ал жоғарғысы – имандылық. Имандылық барлық дерлік діннің ішкі мәнін білдіреді, сондай-ақ ғибадатты да қамтиды, адамның сыртқы және ішкі болмысын тәрбиелейді. Барлық діндердің ұқсастығы және негізгі мақсаты – бір Жаратушыға деген сүйіспеншілікке жету және оның мейірімі мен кешіріміне ие болу, рухани тазарып, жетілу. Олардың ішкі мәнінде ғана емес, салт-рәсімдерінде де көптеген ұқсастықтар бар. Мысалы, тасбих тартып, Құдайдың қасиетті есімдерін қайталау; ән айтып, билеп, зікір салып Құдайды мадақтау, ғибадат ету, дұға оқу, т.б. Дүние жүзі халқының дені, негізінен, әлемдік үш дінді (ислам, христиандық, будда) ұстанады[2].
Будда діні — б.з.б. 6 ғасырда Будда негізін қалаған философиялық және діни наным. Үндістанның бүгінгі Бихар штатында пайда болған. Будда діні кезінде Оңтүстік Үндістан жеріндегі Шри Ланкадан бастап солтүстікте Сібірге, батыста Еділ өз. бойына дейін тараған. Будда діні басқа ілім-танымдарды бойына оңай сіңірді және оның негізгі қағидасы жан иесіне жамандық жасамау болғандықтан, жер жүзіне соғыссыз тарады. Қазіргі кезде дүние жүзі бойынша Будда дінін 1 млрд-қа жуық адам ұстанады. Будда діні фәни өмірдің азаптары — ауру, кәрілік, өлімнен құтылу жолын іздейді. Ол өмірдің қасіреті — нәпсінің тілегіне байланысты деді. Адамның денесі уақытша өмір сүреді. Ал нәпсі қанағатсыз тілегімен, өлімнің қорқынышымен ылғи бейнет туғызады. Сондықтан нәпсінің тілегінен құтылу керек. Ол үшін төрт хақиқатты білу қажет: 1) өмір — азап; 2) азап нәпсіден туады; 3) нәпсіні ауыздықтаса — азаптан құтылады; 4) нәпсіден құтылудың төрт сатысы бар: а) жүректің оянуы; ә) ниет, ақыл, ойды түзету; б) мінез-құлықты түзету; в) адамға ғана емес, бүкіл жан иелеріне деген рақымшылыққа, махаббатқа жету (аїимса — адамға, тіршілік иесіне жамандық жасамау, соның бір көрінісі). Аїимсаны жүзеге асыру үшін Будда Веданы жоққа шығарды. Себебі Веда уағызы бойынша құрбандық шалу дәстүрінен мал көп сойылушы еді. Веда ілімі бойынша жан иесі үш болмыстан тұрады: жан, әркімнің өзіндік қасиетін құрайтын нәзік болмыс және тән. Ал Будда осының соңғы екеуін ғана мойындап, жанды және оның мәңгілік екендігін жоққа шығарды. “Егер адам өлгеннен кейін нәзік болмысы әлемдік болмыспен араласатындай болып жетілсе, ол бұл өмірде қайта тумай, туу — өлу айналымынан (самскара) құтылады, яғни, фәни өмірдің азабынан құтылады” деді. Мұны “шуньявади” (бос кеңістік, яғни, өлгеннен кейін ештеңе жоқ) философиясы деп атайды. Будда діні өзінің даму барысында үш кезеңнен өтті: хинаяна, әркімді туу — өлу айналымынан құтылуды үйрететін алғашқы даналық мектебі (б.з.б. 5 ғ. — б.з. басы); екінші, бодхисаттва — құтқарушы көмегімен құтылу; үшінші, махаяна (б.з. 5 ғ-ына дейін) кезі. Махаяна негізінде будда (көкірек көзі ашылған) болуға мүмкіндік беретін жаңа тиімді әдістер уағыздалды (5 ғ-дан кейін). Ол ваджраяна деп те аталды[3].
Христиан діні (гр. Χριστός, Khristos, cөзбе-сөз аудармасы мәсіхтелгендер) Ибраһимдік дін (грекше Χριστός (Khristós) ағылшын тілінде ‘anointed’ — орыс тілі ‘помазанный’ — қазақша ‘басты уқалау, сулау немесе басқа мәсіһ шалу’) — Христиан дінінде Иисус Христос (Иисус помазанный) мессияға теңеліп (қара Иса), құдайға баланды. Христиан дінінің қалыптасуына Сенеканың ілімі де әсер етті. Христиан діні әдебиеті негізгі төрт жанрдан тұрады: 1) Інжілдер (Матфей, Марк, Лука, Ионн); 2) апостолдардың арнаулы хаттары; 3) Христос шәкірттерінің істері туралы жазбалар; 4) ақыр заман туралы өсиет. Христиан дінінің 3 тармағы: проваславие, католицизм, протестанттық.
Православие – құдайды дұрыс мадақтау дегенді білдіреді. Шіркеулердің бөлінуі нәтижесінде ХІ ғасырда бөлініп шыққан христиандықтың бір бағыты болып табылады. Православиенің сенім негізін Қасиетті жазу мен Қасиетті хикая құрайды. Православиенің негізгі қағидаттары сенім белгісінің 12 тармағында берілген. Православие сенімінің маңызды белгілері құдай бірлігінің догмасы (Құдай Әке, Құдай Бала және Құдай Қасиетті Рух), Иисус Христостың құдай кейпіне өтуі, күнәсін жууы, қайта тірілуі және көкке көтеріліп кетуі болып табылады. Қазіргі уақытта православиеде 15 автокефаль шіркеуі бар: Албан, Александрия, Америка, Антиохия, Болгар, Грузин, Иерусалим, Кипр, Константинополь, Польша, Румын, Орыс, Серб, Чехословак, Эллада және 4 автономдық: Крит, Синай, Финляндия, Жапондық шіркеулер православиелік діндарларға қызмет етуде.
Католицизм (гректің Кatholikos – жалпы, бүкіләлемдік деген мағынаны білдіреді) – бұл христиандықтың батыс бұтағы және Батыс және Шығыс Еуропада (Франция, Бельгия, Италия, Португалия, Польша, Чехия, Венгрия), Оңтүстік және Солтүстік Америка елдерінің көпшілігінде тараған. Азия мен Африкада католиктер бар, бірақ католицизмнің әсері мұнда онша емес. Соңғы 100 жыл ішінде католиктер саны 4 есе артты. Католицизмді шамамен 200 мың қауымға біріккен 1 миллиардтан астам сенушілер уағыздайды, оларда шамамен 560 мың священник жұмыс істейді.
Протестантизм – (лат. Рrotestants – қарсы келуші, келіспейтін деген мағына) христиандықтағы үшінші бағыт, Протестантизм католицизммен күресте оның маңызды түсініктері мен болжамдарын қабылдамау негізінде құрылды[4].
Исла́м (араб.: إسلام [ʔɪsˈlæːm]) — монотеистік, ханиф — Ибраһим пайғамбардың діні. «Ислам» сөзі «бейбітшілік», (Аллаһның заңдарына) «мойынсыну» болып табылады. Ал шариғат терминологиясында ислам — толық мойынсыну, Аллаһның алдында парыздарды орындау, одан басқа Құдайларға табынбау болып есептеледі. Ислам дінін ұстанушы жан мұсылман деп аталады. Құран Кәрім — классикалық араб тілінде жазылған. Исламдық көзқарас бойынша Аллаһның Діні және пайғамбарлардан жеткен Кітаптар өзгеріске түскен. Осы себепті әрдайым адамзат баласын тура жолға салу үшін Аллаһ әр түрлі пайғамбарлар жіберіп отырған. Олардың ішінде Ибраһим-Авраам, Мұса-Моисей, Иса-Иисуст.б. Мұсылмандардың сенімі бойынша ең соңғы пайғамбар ол Мұхаммед (с.а.с.).
Исламдағы бөлімдер: Сунниттер яғни Аһл ас-Cунна (араб.: سنة — “Сүннетті ұстанушылар”) — Сүннетке мойынсұнып, оны қолдап-қуаттаушы сунниттер тобының атауы. Сунна — шариғат заңдарының қайнар көзі. Ол Мұхаммедтің (с.а.с) іс-әрекеттері мен айтқан өсиет, тұжырымдарынан тұрады. Аһл ас-Суннаның негізгі сипаттары: алғашқы төрт халифты мойындау (Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли), алты хадистер жиынтығын мойындау (Мұхаммад б. Исмайил әл-Бұхари, Муслим б. ан-Найсабури, әл-Хаким ат-Термизи, Әбу Дауд, ан-Насаи, ибн Маджи) және төрт мазһабтың (ағымның) біріне тиістілігі (мәликашылар, ханифашылар, ханбалшылар, шафийшылар). Аһл ас-Суннаға жататындар Иран мен Ирактан өзге (бұл екі елде шииттер саны басым) мұсылман елдерінің бәрінде өмір сүреді. Қазақ халқы да Суннаны мойындаушыларға, яғни аһл ас-Суннаға жатады және ханифшылар ілімін ұстанады.
Суфизм (сопылық) — исламдағы «құпия» ағым, классикалық араб-мұсылмандық пәлсапасының негізгі жолдарының бірі. Бұл жол рухты бөгде кері әсерлерден (нәпсі) алшақ болуды және өзіне жақсы жақтарды тарта білуді үйретеді.
Шиизм — Ұстанушылары тек қана Құранды мойындап, сүннет амалдарының көп ережелерін терістейтін, мұсылмандардың заңды басшылары имамдар деп есептеп, сүннеттік халифтерді мойындамайтын Исламдағы екі негізгі бағыттың бірі. Шииттер әлемдегі бүкіл мұсылман қауымының он пайызға жуығын құрайды. Исламның бұл бағытын Иранның түгеліне жуығы,Ирактың жартысынан көбісі, Әзірбайжан, Ливан, Йемен және Бахрейн мұсылмандарының елеулі бөлігі ұстанады. Қазақстанда шииттікті әзірбайжан ұлт өкілдерінің өте аз бөлігі ұстайды[5].