Лимбикалық аймақ ми қыртысының ежелгі құрылымы (лимбикалық немесе жиектік қыртыс), жарты шарлардың төменгі және ішкі бетінде орналасқан. Ол қыртыс асты құрылымдары тобына жататын бадам тәрізді ядромен, иіс сезу жүйкесімен, мидың үлкен жарты шарлары қыртысының маңдай, төбе және самай бөліктерінің кей аймақтарымен, сонымен қатар төмпешік асты аймағымен және ретикулярлық формациямен бірігіп лимбико-ретикулярлық жүйе құрайды. Бұл күрделі, көп деңгейлі құрылым қыртыстың тонусынының реттелуін, ішкі мүшелердің әр тарапты күрделі қызметін, мотивациялық-эмоциялық реакциялар мен күрделі инстинкттерді қамтамасыз етеді, сыртқы әлеммен байланыстырады. Филогенездің ерте кезеңдерінде бұл аймақ күрделі қызмет атқарған және тірі организмдердің өмірінде маңызы зор болған иіс сезу жүйкесімен тығыз байланыста қалыптасқан (иіс сезу миы). Адам өмірінде иіс сезу өзінің бастапқы мағынасын жоғалтты, бірақ эмоциялар тарапына, соматикалық және висцералдық қызметтердің жағдайына әсер етуін сақтап қалды.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:
Ақырғы ми онтогенезде қай ми көпіршігінен дамиды?
Ми қыртысының архитектоникасына сипаттама беріңіз?
Қыртыстың жасушалық қабаттарын атап шығыңыз?
Қыртыстың алаңдарға бөлінуі неге байланысты?
Ми қыртысының қандай бөліктері бар?
Әр бөліктің біріншілік, екіншілік және үшіншілік алаңдарының орналасуына және қызметіне тоқталып өтіңіз?