ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАР МЕН ҚОЗҒАЛЫСТАР
Қоғамдық-саяси қозғалыстар. Қоғам өмірінде партиялардан басқа қоғамдық-саяси қозғалыстар да маңызды рөлге ие. Біздің елімізде өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғында алғашқы қоғамдық қозғалыстар пайда бола бастады. Олардың қатарында ең танымалдары ретінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы, «Азат» азаматтық қозғалысы, «Лад» славян қозғалысы тәрізді үйымдарды көрсетуге болады. Қозғалыстардың пайда болуы — саяси және қоғамдық плюрализмнің (көзқарастар мен пікірлердің саналуандылығы) дамуындағы бастапқы қадам. Саяси партиялардың көбінесе қозғалыс негізінде қалыптасатыны да осыдан болса керек.
Қоғамдық қозғалыс — ортақ мақсаттарды іске асыру үшін құрылған азаматтардың бұқаралық бірлестігі болып табылады. Осы орайда, барлығымыз үшін экологиялық, ұлттық, әйелдер, жастар және тағы басқа да қозғалыстар жақсы таныс.
Ғылымда қоғамдық қозғалыстарға қатысты бірнеше тәсілдер бар. Әдетте, қоғамдық ұйым ұғымы мақсаттары мен міндеттері мен сол бағытта өткізетін бұқаралық шаралары тұрғысынан бір-біріне жақын келетін барлық ұйымдар мен одақтардың жиынтығын білдіреді. Мұндай түсінікте, мәселен, жұмысшы қозғалысы ұғымымен жұмысшылардың мүдделерін білдіретін барлық партиялар, ұйымдар мен кәсіподақтармен қатар олардың мүдделерін қорғауға бағытталған ереуілдер мен шерулерді айтуға болады. Әйелдер қозғалысы саясатта, экономикада және отбасында әйелдерді кемсіту мен шеттетуді жоюды мақсат ететін нәзік жандардың көптеген өкілдерін біріктіреді. Жастар ұйымдары, өз кезегінде, жастардың білім алу, денсаулық сақтау, демалу құқығын, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етудегі кең кепілдіктерді қолдайды. Қазіргі күндегі заманауи қоғам өмірінде әртүрлі экологиялық ұйымдар белсенді рөл атқарады. Олар қатерлі өндіріс орындарын жабу, экологиялық бағдарламаларды қабылдау мен орындау тәрізді мақсаттар үшін күрес жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |