115
Қызыл жебе
зарықтырмайды. Ар жақтан қарауыл келіп, қақпаның құлыбын
салдыр-гүлдір ашып, аяқ-басы алба-жұлба адамды көріп:
– Не
керек саған, аулақ жүр! – деп ақырды.
Оның ақырғанынан әлгі адам айылын жиған жоқ, қайта қасына
келіп, қаһарлы үнмен:
– Мені нашандигіңе алып бар! – деді.
– Начальник сен сияқтылардың ермегі емес, аулақ. Арыз
айтып келуші қаңғырған киргиз аз емес, бар айда! – деді қарауыл
қақпаны жаба бермекші болып.
– Ей, ақымақ, мен кісі өлтірген адаммын. Тез нашандікке
алып бар! – деді әлгі бұйрық түрінде.
Қарауыл қалбақтап қалды. Дереу мылтығын кезеніп:
– Алдыма түс! – деді.
Рысқұл осылайша абақтыға екіншілей енді. Ол бағана Иванға
Кузьма көршісінің айтқанының бәрін есітіп еді. Аз ойласа да,
ары ойлап, бері ойлап, ақыры тапқан шешімі осы болды.
* * *
Шолақ Шабдар өз үйінің есігінің алдына келіп тұрғанын
көргеннен кейін, пристав адамдарын дереу аттың ізіне салған.
Аттың иесі аман-есен бір жерде жасырынып жатқаны белгілі
болды. Тізгін, шылбыр ерге байлаулы. Демек, бұл ат иесін
оқыстан тастап келген жоқ. Әдейі босатылған.
Қашқынның қайда жатқанын ауылдастары білмейтіні рас
екеніне көзі жеткендей болған пристав алтыбақанда асулы
тұрғандарды босатуға бұйрық берді.
Анарбай мен Таубай бастап, болыстың адамдары да
ауылдарына қайтты. Тұрарды ала кетті. Мақаш баланы алдына
өңгеріп жатқанда пристав тағы да қатаң ескертті:
– Ақымақтық жасамандар. Балаға бастарыңмен жауап
бересіңдер. Оны өлтіру – торғайды өлтіруден де оңай. Мәселе –
әкесін қолға түсіруде. Көрдіңдер ме, ол ұзаған жоқ. Алысқа ұзап
кетпейді де.
Топалаң тиген ауыл есеңгіреп:
– Құдай-ау, құтқарғаның рас па, жоқ па? Иә құдай, иә аруақ!
Ақсарыбас! – деп бірін бірі құшақтап, талықсып жатқан Молдабек,