ҚОШҚАРБАЙ. О да керемет!.. Ауылда жүз мың қой бар еді – соның бәрін жекешелендірдік!... Ауылда қазір емге қой жоқ!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /Қошқарбайға/. Шырағым, қойыңды қоя тұршы!.. Мәке!.. Мэлис Әлібаевич, алдымен жаңағы пойыз мәселесін шешіп алайық!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Пойыз?!.. Қайдағы пойыз? Асай Мүсеевич, осы сіз теріс сөйлеуді қашан қоясыз?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /шырылдап/. Қашан?!. Қашан теріс сөйледім?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Анаң қарашы, ілезде ұмытып қалады!.. /мазақтап/. «Біздің бабамыз бес жасында шешен болған... он жасында көсем болған» Ха-ха!.. Осы сіздер жұртты ақымақ деп ойлайсыздар ғой дейім!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Дұрыс айтасыз, шежіре жаздық деп ойдан шығарып, суқита береді.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Сосын той жасаймыз, ас береміз деп дымымызды қоймайды!.. Тіпті, жұрттың пенсиясына дейін жинап алады.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жинаса – неге бересіңдер?!.. А?!. Сендер өздерің бересіңдар!.. Тып-тыныш отырған адамға өз қолдарыңмен әкеліп бересіңдер!.. /Билетсіз жолаушыға/. Мысалы, сен шал, неге бересің, а?!.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Бергенде... бергенде... Ойбай-ау, балаңды оқудан шығарайын деп жатса қалай бермейсің?!.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, айттым ғой!.. Өздерің... өздерің бересіңдер!.. /Жолсерік келіншекке/. Сен де бересің ғой?.. Айт қане, бересің ғой?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /шошып кетіп/. А-а? Берем, әрине!.. Кез келген уақытта берем!.. Пожалуиста!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, естідіңіздер ғой... Жап-жас боп ешқандай ұяты жоқ!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. А-а? Бергенде енді былай ғой!.. /Пойыздың бастығына қарап/. Ағай, енді өзіңіз түсіндіріңізші!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Мәке, бергенде – берейін деп бермейді ғой, заставить етеді...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Кім?.. Кім заставить етеді?!. Сен бе?!.
Достарыңызбен бөлісу: |