тәрізді емес, орысша киінген жігіттер түрегеп жүріп оқытады,
Жазу жазатын, отыратын жерің, бәрі — үстел. Мұғалімдеріміз
қара тақтайға бормен жазып-жазып, сөйлеп түсіндіреді.
Есеп дей ме, жағырапия дей ме — сен білмейсің ғой — көп нәрселер
үйретеді, Мұғалімнің үйреткенін дәптерімізге жазып ала береміз.
Үйге келген соң, білмеген жерімді жеңешемнен, ағатайымнан
сұрап алам. Екеуі де айтып береді.
Не керек, сол курстан алты айдай оқып, әжептәуір нәрсе біліп
қалдым.
Үйге келгенде, жеңешеме қолқабыс қылам. Омырауға алжапқыш
байлап алып картоп тазалаймын, кеспе кесем. Пареміш, самса,
тұшпара, катлет дейтіндері болады екен. Олардың істеуін де
үйреніп алдым. Киімім де ыңғайлы. Семейге келген соң, ағатайым
мен жеңешем маған да орысша киім тіктіріп, мені қылтитып
сәндеп қойған. Кейде ағатайыма, кейде жеңешеме еріп тиатрға,
суретке барамыз. Сен оларға барып көрдің бе?
— Әлгі қозғалып тұратын ба?
— Ия.
— Әлгі жақта бір таныс шәкірт апарған еді. Не екенін ұға
алмадым.
— Әуелде мен де таң-тамаша қып: — бұ қалай қимылдап тұр?
Жаны бар ма?— деп жеңешемнен сұрай бергем. Сөйтсем — жаны
жоқ екен. Қозғалтып тұратын бір тетігі бар екен. Іспектакілге
бардың ба?
— Онысы немене?
— Кісілер бет-аузын бояп, сақал жапсырып алып, сөйлесіп
ойнайды ғой...
— Әне біреу... әлгі бір қойшы болып қатынын ұратынды айтады
екенсің ғой.
— Е, сол, сол... Семейге сені қай жылы әкелді?
— Қай жыл екенін қайдам...Әйтеуір төрт-бес жыл боп барады
ғой.
— Бізге де міне бес жыл боп барады. Біз жиырма бірінші жылы
қысқа қарсы келдік... Сені не ғып естімедім екен?
— Ә... Келген жылы біз Қарқаралыға кеткенбіз.
— Бәсе келесі жылы тағы көре алмайтын жөнім бар. О жылы
мені ағатайым Орынбордағы оқуға жіберген ғой.
— Ендеше, о жылы біз қайтадан Семейге келгеміз... Менің
алғашқы бала көтерген жылым ғой...
— О жылы мен Орынбордамын. Ағатайым көбірек оқымасаң адам
болмайсың,— деп оқу бөлімінен қағаз әперіп, Орынбордың
раппагіне жіберген. Екі қыз барғамыз. Ажар екеуміз... Жеңілтек
қыз еді. Қалалы жердікі ғой. Есіл-дерті бозбала. Бет-аузын бояп,
әлектенеді де жатады...
Менің от арбаға алғашқы мінгенім ғой. Атын естіген болмаса кім
көрген. Түн ішінде ағатайым жеңешем мен екеуі бержебаймен
апарып салды. Жыбырлаған кісі. От арба өкіріп жүр. Ағатайым
күн бұрын қағаз алып қойған екен: кезек күтпей билет алдық.
Апарып бір ұзын үйлерге, үй емес, дөңгелегі бар, үлкен бітеу
күймелерге...— багон дейді екен, артынан білдік — әкеп кіргізді...
Жеңешем мен ағатайымды қимай көп жыладым. Бұрын көрмеген
алыс жер ғой: қорқып жүрмін... енді қайтейін. Бір жағынан
оқығанымды да жақсы көремін: бір қыс оқып, оқудың дәмін алып
қалдым ғой. Оқыған жеңешем түрі анау: бәрін біліп тұрған...
Ағатайымды қандай сыйлайды! Ағатайым да оны ренжітпейді...
Жеңешемнің тілі де бір түрлі қызық қой! Ол сөйлегенде ағатайым
екеуміз күлеміз де отырамыз. Әуелде тіліне түсіне алмай жүруші
ем. Жүре-жүре құлағым үйренейін деді. Жеңешем де қазақша
сөйлеуге айналды. Өйткенмен кейде бірдеңені қойып қалады...
Достарыңызбен бөлісу: |