ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы
саяси және әлеуметтік-экономикалық қатынастар
1. Қазақстанда жаңа әкімшілік-территориялық басқару жүйесінің ендірілуі және оған
қазақтардың қарсылығы.
2. Қазақстанға орыс шаруаларының, ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы.
3. XVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен XІX ғасырдағы Қазақстан мәдениеті.
1. Қазақстанда жаңа әкімшілік-территориялық басқару жүйесінің ендірілуі
және оған қазақтардың қарсылығы
Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформа патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының маңызды
бөлігінің бірі болып табылады. Өйткені, ол әкімшілік құрылыс, жер қатынастары, сот құрылысы, халыққа білім
беру, дін мәселесі сияқты қазақ қоғамының шешуші салаларының бәрін қамтыған болатын.
Қазақстанға әкімшілік басқару жүйесін енгізудегі патша үкіметінің алдына қойған басты мақсаты
аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болды. Осыған орай, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен
империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылса, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір
генерал-губернаторлықтары құрылды. Реформаның ең басты және негізгі міндеті – "қазақ даласын Ресейдің басқа
бөліктерімен бірте-бірте қосып жіберу" үшін Ресейге бағынышты халықтарды бір басқару жүйесінің құрамына
біріктіру. Сөйтіп, жергілікті ақсүйектерді биліктен ысырып тастап, ру басшыларын әлсіретіп, ойға алған іс-
шараларды оңтайлы жолмен оңай әрі тез жүзеге асырып отыру. Жалпы алғанда, реформалар патшалық үкіметтің
қазақ даласының жергілікті тұрғындарын және аймақтық табиғат байлықтарын еркін пайдалану үшін орыс
капиталына анағұрлым тиімді жағдай қалыптастыру әрекетінен туған еді.
Экономикалық шаралар негізінде қазақтардың қыстауы мен жайлаулық жерлерін мемлекет меншігіне
кесіп, казак әскери бөлімдері мен орыс шаруаларын орналастыру үшін "артық" жер мөлшерін анықтау ісіне
экспедициялар жабдықталды. Мұның өзі қазақ жерін пайдалануынан алып, барша қазақтың жерін Ресейдің
мемлекеттік меншігі деп жария ету арқылы Қазақстанның империя отарына айналғандығын дүниеге паш ету
болды. Патша үкіметінің 1886 жылғы Түркістан туралы ережесі және 1891 жылғы Далалық облыстарды басқару
туралы Ережесі сол орыс билігін одан ары нығайтып, қазақ даласындағы отарлық езгі мен қанаудың күшеюін
тереңдете түсті.
1867-1868 жж. реформа арқылы патша өкіметі қазақ даласын толық отарлауға тырысты. Сондықтан да
Қазақстан аумағы облыстарға бөлініп, ал облыстар әкімшілік орталықтарына, қазақ даласымен байланыссыз
жататын әр түрлі генерал-губернаторлықтарға бөлшектенеді. Мысалы, Торғай мен Орал облыстары – Орынбор;
Ақмола және Семей облыстары – Батыс Сібір; Жетісу мен Сырдария – Түркістан генерал-
губернаторлықтарының құрамына кірді. Бұрынғы ішкі Бөкей хандығының аумағы уақытша Торғай облыстық
басқармасына бағынышты болып қалғанымен, ол ұзаққа созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань
губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау түбегінің аумағы 1870 ж. қазақтардың көтерілісіне байланысты
Кавказ әскери округының билігіне өтті. Бұлай бөлшектеулер мен басқаруға өзгерістердің енуінің өзіндік себептері
болды. Бұл туралы профессор Б. Сүлейменов: "Патшалық үкіметтің ойынша, Қазақстан жерін түрлі генерал-
губернаторлықтар мен әскери округтарға бөлшектеу, қазақ халқының ұлттық бірлігінің қалыптасу жолына
кедергі болып, қазақ халқын отарлық езгіде ұстауды жеңілдетуі тиіс еді" - дейді.
1867-1868 жж. реформалардағы басты бағыттардың бірі Қазақстанда күшті әскери-бюрократиялық аппарат
құру болды. Ол аппарат әр түрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары еңбекақы, екі есе төлем, қызметтен босаған
кездегі жоғарғы зейнетақыға қызығатын чиновниктерден құралды. Зерттеуші ғалым К.А. Жиреншин өз
еңбегінде: "Отаршылық әкімшілік аппараты қазақ даласының жағдайынан бейхабар, білімі таяз адамдардан, ең
бастысы, өз қызметін өміріндегі өтпелі кезең деп санап, сол уақыт ішінде тез ауқаттанып алуды көздеген
97
офицерлерден жасақталған болатын: Генерал-губернаторлықтардың басты басқару аппаратын генерал-
губернатор, оның кеңсесі және тапсырма орындаушы чиновниктер құрды. Генерал-губернаторлар әскери және
азаматтық билікті толығымен өз қолдарына жұмылдырды, сонымен қатар қазақ даласындағы әкімшілік
құрылысының принципі – жаңа отаршылық реформа бойынша билікті толығымен әскери ведомствоның қолына
беру болды" - деп, патшалық үкіметтің құйтырқы саясатының табиғатын айқын да ашық көрсетіп береді.
Бұл тұстағы генерал-губернаторлардың билік шараларын іске асыратын басқару жүйесі мынадай үш
бөлікке бөлінді: облыстық басқармалар, уездік басқармалар және жергілікті басқармалар. Облыстық әкімшіліктің
басқарма басшылығында әскери және азаматтық билік ететін әскери-губернатор тұрды. 1868 ж. Ереженің 22-23-
бабында дала облыстарының әскери-губернаторлары облыстардағы әскери қолбасшыларға теңестірілетіні
көрсетілген және де олар өз облыстарының аумағындағы орналасқан казак әскерлерінің тағайындалған
атамандары болып саналатын.
Облыстар өз кезегінде уездерге бөлінді. Уездік басқарманың басшылығына орыс чиновниктерінің ішінен
облыстық әскери-губернатордың ұсынысы бойынша генерал-губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды.
Жаңа әкімшілік жүйе бойынша уездегі барлық билік жүйесі толығымен уезд бастығының қолына
шоғырландырылды. Ереженің 42-65 баптары бойынша, уезд бастықтарына мынадай міндеттер жүктелді:
жергілікті басқару орындарына жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау, уезде тыныштық пен тәртіпті
сақтау, алым-салықтың жиналуын бақылау және халықтың денсаулығын сақтау. Уезде орналасқан әскери
бөлімшелер, мекемелер мен бекіністер уезд бастықтарына бағынышты болды.
1867-1868 жж. реформа ел мен жерді басқарудағы патшалық үкіметтің алғашқы буыны болып табылатын
жергілікті басқармаға көңіл бөлді. Әрбір уезд болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді. Е.Г.Федоров "Қазақстан
– патша үкіметінің отары" атты еңбегінде: "Патшалық қазақ тұрғындарының орталықтарын әдейі бөлшектеді,
барлық басқару жүйесін бөлшектеу арқылы қазақ халқының мәдени дамуын тежеп, халықты қараңғылықта
ұстауды көздеді", – деп көрсетеді.
Уездер территориялық белгі бойынша бір болысқа 1000-2000 киіз үй және бір ауылға 100-ден 200-ге киіз үй
кіретіндей болып есептелген болыстар мен ауылдарға бөлінді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен
ауылдардан тұрды. Осыған байланысты жаңа жағдайда қазақтардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі
заңды түрде жойылды. Ру басында ақсақал тұрғанда, оның сөзі мен ісі билік күшке ие жағдайында патша
үкіметінің дала тыныштығы үшін қорқуы заңды нәрсе болатын. Граф Паленнің Түркістан аймағын тексеру
жөнінде есеп беруінде: "Бұл шараны іске асырудағы мақсат рулардың үлкен аймақта бір қалыпты орналаспауы
әкімшілік басқару жүйесіне кедергі туғызды және көптеген біріккен ру басында ру ақсақалдары тұрған жағдайда
дала тыныштығын ұстап тұруда көп қиындықтар туғызуы мүмкін еді", – деп ондай биліктің күштілік себебін тап
басып жазуы осының айғағы. Елге сүйенген ру басы кей жағдайда әкімшілік талаптарды орындамауы да әбден
мүмкін екені шындық.
1867 ж. Ереженің 85-бабына сәйкес болыстардың басында қазақтардан сайланған болыс басқарушылары,
ал ауылдардың басында сол сияқты сайланатын старшиналар болды. Ережеде "болыстық және ауылдық
старшиналарды халық сайлайды" деп нақты көрсетілген. Бір қарағанда сайлау демократиялық негізде жолға
қойылған болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде патша үкіметі сайлауды өз мақсатына орай жүргізіп отырды.
Сайланған болыс басқарушыларын – облыстық әскери губернаторы, ал ауылдық старшиналарды уезд бастығы
бекітетін еді. Отаршылар әкімшілігі ұсынылған кандидаттар көңілінен шықпаса бекітпей тастап, жаңа сайлау
белгілеуі де мүмкін болатын. Болыс басқарушыларын сайлауға – уезд бастықтары, ал ауылдық старшиналарды
сайлауға болыс басқарушылары міндетті түрде қатысатын. Болыс басқарушылары тікелей уезд бастығына
бағынышты болды және оның барлық бұйрықтарын орындауға міндетті еді, ал ауыл старшиналары болыс
басқарушысына тікелей бағынышты бола отырып, болыс басқарушысына жүктелетіндей міндеттерді орындады.
Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мәдени
және рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын. Халық ағарту ісі патшалықтың сыртқы
саясатының үлкен де маңызды саласы болып табылатын. Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті
құралы десе де болады. Бұл саясат Ресейдің қарамағындағы ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы
орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді. Осыған сай, 1867-68 жж. реформада
халық ағарту ісінде жүргізілетін шаралар жан-жақты қарастырылды. Сол құжаттар бойынша уездік қалаларда
бастауыш мектептер ашу көзделген: "Дала тұрғындарына бастапқы білім беру үшін алғашқы кезде уездік
басқарма орналасқан жердің бәрінде ұлт айырмашылығына қарамастан ортақ мектеп ашу керек". Осыны негізге
ала отырып талай мектептер, гимназиялар ашылды.
98
1868 жылғы Ереженің 251-бабында діни істер Орынбор муфтиінің қарауынан алынып, азаматтық
басқарманың қарамағына берілді. Молдалар сайланатын болды. Оларды бекіту тұтқасы орыс әкімшілігінің
қолына тиді. Бастауыш мектептерде мұсылман дінін уағыздаушылардың қызметі шектелді. Әкімшілік қазақ
мектебіне сабақ беретін ұстаздардан орыс тілін білуді талап етті.
Елде орын алып жатқан территориялық-әкімшілік үрдістер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық
дамуына айтарлықтай өзгерістер әкеліп, отарлық саясаттың жаңа салық жүйесін енгізді. Қазақстанда
отырықшылық пен жер шаруашылығының көлемінің ұлғайғандығына қарамастан салық төлеушілердің басым
бөлігін көшпенділер құрады. Мәселен, 1880 жылы 90,5 % құраса, 1897 жылы 82,0 %-ға жетті.
1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар қазақтардың жаңа көтерілісін туғызды. XІX ғасырдың 60-
шы жылдарының алғашқы жартысында Қазақстанда, әсіресе Кіші жүзде отаршылдыққа қарсы жаппай халық
наразылықтары өріс алды. Көшпелі халықтың ашу-ызасын туғызған патша үкіметінің салық саясатының күшеюі
болды. Оның үстіне қатардағы көшпенділер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Сондай-ақ,
жаңа әкімшілік бөліністер ғасырлар бойы пайдаланып келген көшпелі халықтың маусымдық жайылымдарды
пайдалану үрдісіне нұқсан келтірді. Салықтар мен міндеткерліктердің күрт көбейтілуі мен әкімшілік-
территориялық бөліністердің дұрыс жүргізілмеуі 1868 жылғы Орал мен Торғай облыстарында орын алған ұлттық
бас көтерулердің басталуына түрткі болды. 1868 жылдың желтоқсан айында стихиялық түрде басталған көтеріліс
1869 жылдың қазан айына дейін созылды. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын жақсы білетін көтерілісшілер
өздеріне қарсы қимылдаған патша үкіметінің жазалау топтарын "қарақшылық" шабуылдарға ұшыратты. 1868
жылы 6 мамырда құрамында 200 қылышты және жаяу әскері бар Штемпель отряды Орынбор бағытындағы
Жамансай көлі маңында қазақ жасақтарымен кездеседі. Жазалау тобы көтерілісшілерге тегеурін бере алмай,
жетінші күні азық-түлігінің таусылуына байланысты кері қайтады.
1869 жылдың наурызы мен маусым айының аралығында болыс, би, сұлтан және старшиндарға қарсы 41
рет шабуыл ұйымдастырылады. Оған 3 мыңға тарта жасақ қатысты. Торғай мен Орал облыстарында көтеріліс
өртінің ұлғаюына байланысты жергілікті үкімет орындарымен қатар орталық үкімет те көтерілісшілерді
жазалауға отряд топтарын жөнелтті. Орал облысы аймағына подполковник Рукин, граф Комаровский отрядымен
бірге, генерал-губернатор Веревкин басшылығындағы отряд аттандырылды. Көтеріліс ұйымдаспаған, өзара
келіспеушіліктер мен соғыс тактикасының нашар болуына орай басылып, жанышталды.
Сол сияқты 1870 жылғы Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісі де осындай сипатта болды. Жаңа жүйе
бойынша енгізілген салық жүйесі Маңғыстау халқының үкіметке қарсы наразылығын туғызды. Маңғыстау
приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869-1870 жылдар
үшін шаңырақ алымын жаңа салық жүйесіне сәйкес дереу енгізуді талап етті. Көптеген жергілікті тұрғындар,
соның ішінде Бозашы түбегінің балықшылары Рукиннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға
көшуін күштеп тоқтатқан Рукиннің ойланбай жасалған әрекеттері жер-жерде көтерілістің шығуына себеп болды.
1870 жылдың наурызында Рукиннің отряды көтерілісшілердің үлкен тобымен кездесіп, қоршауда қалады. 25
наурызда ашық қақтығыс кезінде 20-ға жуық жазалаушы қаза тауып, отряд командирі Рукин өз-өзіне қол
жұмсайды. Жеңіс жігерлендірген көтерілісшілер сәуір айының басында Николаев станциясына, Александровск
фортына шабуыл жасады, алайда, олар сәтсіздікке ұшырады. Көтерілісшілер саны 10 мыңға жетті. Патшалық
өкімет орындары қазақтардың батылдығынан қорқып, қосымша әскери көмек сұрауға мәжбүр болды. Кавказдан
тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертіп, көтерілісшілер Үстірттің баруға қиын аудандарына
шегінді.
Осы тұста Англия үкіметінің Иранға деген ықпалы арта түседі. Патша үкіметі ендігі кезекте Хиуа
хандығына қарсы шаралар ұйымдастырды. Маңғыстау аймағына Хиуа билеушілері адайлар қозғалысын қолдау
үшін 4 зеңбірегі бар 6 мыңдық жасақпен қимыл жасауды ұйғарды. Бірақ шектес аудандарда Хиуаның әскери қыр
көрсетуі нақты нәтижелер бермеді, дегенмен аймақтағы жағдайды едәуір шиеленістірді.
Маңғыстау аймағы 3 айға жуық патша әскерінің қол астына қарады. Патша үкіметі көтерілісшілерді
жаппай жазалайды. Осы тұста генерал-губернатор Н.А. Крыжановский әскери министр Милютиннің
"көтерілісшілерді жазалау" туралы нұсқауын жібереді. 1870 жылы желтоқсанда көтеріліс жеңіліс тапқан соң,
көтеріліс басшылары И. Тіленбаев, Д. Тәжиев, Е. Құлов және олардың серіктері 3 мың шаңырақпен Хиуа
хандығының шегіне өтіп кетеді.
Сөйтіп, бұқаралық сипатына қарамастан, көтерілістің негізгі қозғаушы күші - қазақ шаруалары өз
қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмай, Маңғыстау облысындағы халықтық-азаттық күрес жеңіліске
ұшырады. Көтеріліс аяусыз жанышталып, адайларға соғыс шығыны ретінде 90 мың қой салық салынды.
99
Маңғыстау көтерілісі өз кезегінде патша үкіметінің отарлау саясатына қазақ халқының қарсылығының айқын
көрінісі болды.
Жалпы XІX ғасырдың екінші жартысындағы реформалардың болмысы туралы, қорыта айтқанда,
мынандай түйін жасауға болады. Патша үкіметі Қазақстанға енгізген әкімшілік реформалары негізінде оның саяси
дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде империя құрамындағы әкімшілік басқару жүйесін орнатты.
Достарыңызбен бөлісу: |