Терминологиясы


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖƏНЕ ҒЫЛЫМ ТІЛІ



Pdf көрінісі
бет17/22
Дата05.02.2017
өлшемі1,84 Mb.
#3429
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖƏНЕ ҒЫЛЫМ ТІЛІ 
Қазақтың халық болып қалыптасуынан əлдеқайда бұрын 
дана бабамыз əл-Фараби кейінгі ұрпақтары – мына біздерді 
ойлап, «Аспанды  жерге,  ғылымды  елге  (халыққа)  жақын-
датсам деп едім» деп армандаған екен. Осы арман бағамдап 
қарасақ,  адамзаттың  үмітін  қоздатып,  адам  баласын  алға 
сүйреп келе жатқандай. Қазақ қазақ болғалы да, тарих тəлкегі 
мен  талқысына  түсе  жүріп,  арман  жібін  үзбей,  мына  күнге 
жеткен. Сонда оның аракідік ғылымға да қол созған кезі көп 
болған. Соның нəтижесінде əлем мəдениетіне ол да өз үлесін 
қосқан. Орхон-Енесей ескерткіштері, Күлтегін, Білге Қаған, 
Мұхамед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Қадырғали Жа-
лаири, Ахмет Яссауи, Бабыр, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан 
Уалиханов,  Абай  Құнанбаев  т.т.  Ал  жаңа  заман  заңғар-
лары – А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Х. Досмұхаметұлы, 
Ə.  Бөкейханұлы,  Т.  Рысқұлұлы,  С.  Қожанұлы,  С.Садуақас-
ұлы,  Н.  Төреқұлұлы,  М.  Жұмабайұлы,  Ш.  Құдайбердіұлы, 
Қ.  Қуанұлы,  М.  Омарханұлы,  Қ.  Имантайұлы  т.т.  толып 
жатқан зиялылардың қай-қайсысы да осы бір арман-үміт атты 
тұлпардың жалынан мықтап ұстаған. Бұлардың көбі ғылым 
тереңіне  үңіле  отырып,  қайтсек  тілімізді  соның  айбынды 
құралына, кемел қызметшісіне айналдырамыз деп сарсылған 
да  түрі  бар.  Мұны  біз  бұлардың  қалдырған  мұрасына  көз 
тіккен сайын байқаймыз.
Алақұйын  заманалар  алмаса  келе  тілімізді  сан  саққа  са-
лып, талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткізіпті. Сөйтіп əлем 
тілдерінің қай-қайсысымен де теңдесе алар мəреге жеткізіпті.
Бірақ, өкінішке орай, осы ұлы мұраны кейінгі ұрпағы ая-
лап тұтына алмай, қажеттілігін сезіне алмай өгейсіне түскен. 
Өрелі  əрекеттер,  өресіз  ықыласқа  килігеді  де,  қазіргі  қазақ 
тілінің орта жолда оқтығы шығып, дөңгелегі сынып қисайып 
қалған көне арбадай шиқылдап тұрған жайы бар. Қисайғанды 
түзетейік,  сынғанды  салдырайық  дегендей  нақты  əрекетке 
барар  ағайынның  саны  жылдан  жылға  азаймаса,  көбейер 

308
түрі жоқ. Тіл сүйерлер емес, тілден безерлер қатарын дамыл-
сыз молайтып отырғанымызды көрсек те, көрмегендей болу 
екен ең қиыны.
Міне,  осындай  күйде  күн  кешкен  тіліміздің,  əйтеуір 
əупірімдеп,  мемлекеттік  мəртебеге  жеткеніне  шүкіршілік 
етесің.  Етесің  де,  мəртебеленіп  отырған  тіліміздің  сол 
деңгейдегі  шарттары  түгел  ме  деген  сауалға  жауап  іздеп 
сарсыласың. Мемлекеттік тілдің жалын күдірейтіп көрсетер 
бір тармағы – ғылым тілі дейтін болсақ, мұның да əңгімеге 
арқау болар ауыр жүгі жетерлік! Шешім күтер мəселесі де 
толып  жатыр.  Əрбір  тілдің  айшықтанар  əлденеше  ондаған 
қызметінің ішінде ең күрделі де қиын түрі осы ғылым тіліне 
келіп тіреледі. Ал екінші Ұстаз айтқан ғылымның халыққа 
жақындауы,  ең  алдымен,  осы  тілге  тікелей  байланысты 
екенін ұғар ұрпақ сыңайы əлгіндей.
Баз біреулер ғылым атаулыны қазақтардың пешенесінен 
тыс тылсым дүние есебінде танығысы келеді. Ондайлардың 
түсінуінше,  ғылым  тек  орыс  немесе  Еуропа  тілдерінде 
дамыған,  сондықтан  сол  тілдерде  жасалып,  қалыптасқан 
ұғымдар мен түсініктерді, жеке сөздер мен атауларды солар-
дан мұртын бұзбай қабылдаған тіл ғана ғылымға қызмет ете 
алады деп ұғатын тəрізді. Мұның мүлде қате пиғыл екенін 
біздің  ғылым  тарихы  əлденеше  дəлелдеген.  Арғы  жағына 
бармай-ақ,  бергі 70 жылдың  шамасында  көрініс  берген  тіл 
қолданыс тəжірибеміздің өзі бұл жөнінде көптеген оң мысал-
дар ұстатады. Бір қиыны зерттеушілердің дені өз ана тілінде 
емес, өзге тілде оқып, тəрбиеленгендіктен осы жалған түсінік 
жетегінде кетті. Тіпті кешегі кеңестік тəрбие пешенесіне мөр 
боп  таңбаланған  қайсыбір  зиялыларымыздың  арасында  да 
əлгіндей қасаң пиғылдан арыла алмай жүргендері бар. Ана 
тілінде  де  ғылыми  зерттеу  жұмыстарын  жүргізуге  болаты-
ны  ондайларды  ойландыра  қоймайды.  Əсіресе,  қоғамдық 
ғылымдар биология, математика, медицина ғылымдары сала-
сында еңбек еткен бірен-сарандар болмаса, қазақ ғалымдары 
ізденістерін  көбінесе  орыс  тілінде  өрбітті,  өрбітіп  келеді. 

309
Міне,  осының  салдарынан  өзге  түгілі,  оқымыстыларымыз-
дың  өзі  зерттеу  жұмыстарын  қазақша  жүргізуді  қиынсы-
натын  «дəрежеге»  жетті.  Осыдан  келеді  де  қазақта  ғылым 
тілі бар ма, жоқ па деген мəселе туындайды.
Баз  біреулердің  тілге  деген  «патриоттық  сезімі»  ерекше 
ойнап  «бұл  қалай,  қазақ  жазуын  сонау  Орхон-Енисейден 
бастауға талаптанып жүргенде ғылым тілі неге жоқ болсын 
бізде» деп өрепкиді, екіншілер, «бұл жерде түсінісіп алатын 
жайлар əлі көп» деп дəлел ұсынғысы келеді. Біз осының се-
беп-салдарынан ғылыми түрде дəлелдеп шығу жағындамыз.
Шынында,  ғылым  тілінің  қазіргі  жағдайы  қалай  осы? 
Жəне  мұны  дамытатын,  қалыптастыратын  не?  Міне,  осы 
сауалдардың жауабын іздеу арқылы біз біраз мəселенің ба-
сын ашуға мүмкіндік алсақ керек.
Сонымен,  қазақ  тілі  ғылым  тіліне  айналды  деп 
тұжырымдау  үшін,  біз  ғылым  мен  білімнің  барлық  саласы 
бойынша талапқа сай қанағаттанарлық жауап табуымыз ке-
рек. Дағды бойынша қоғамтану, жаратылыстану, техниката-
ну деп санамалап қарап, үйірлеп топтап, саралайтын болсақ, 
осылардың ортасынан ойып алып қоғамтану саласы бойын-
ша  ғана  ғылым  тілі  нышанын  əңгіме  ете  алатын  жағдайда 
екенбіз.  Оның  өзінде  де  ауыз  толтырып  айтарлықтай  мы-
салды  тек  тіл  мен  əдебиет  саласынан  ғана  таба  аласыз.  Ал 
заңтану,  пəлсапа,  педагогика,  психология,  театр,  кинотану, 
өнертану,  бейнетану  т.т.,  тіпті  тарих,  этнография,  археоло-
гия салаларының өзінде зерттеулеріміз толық қазақ тілінде 
жүргізіліп  жатыр,  ғылым  тілінің  нышанын  білдіретін  мы-
надай  еңбектер  мол  деп  ауыз  толтырып  айта  қою  əзірге 
қиын. Тұнып тұрған тундра. Рас, ондаған терминологиялық 
сөздіктер, оқулықтар, оқу құралдары бұл жөнінде əрекетсіз 
емес екенімізді танытады.
Алайда бұл ғылым тілін қалыптастырды дейтіндей пікір 
жүгін көтере алмайды.
Сонда  қазақ  тілінің  ғылым  тіліне  айналуы  үшін  не 
қажет?

310
Нендей шарттар мен талаптар қажет?
Бұл  біріне-бірі  тығыз  байланысты,  бірінен-бірі  туындап 
жататын  бірнеше  мəселенің  басын  қарайтады.  Олар  мына-
лар:
1.  Ғылым  атаулының  барлық  салалары,  тармақтары  бо-
йынша ғылыми-зерттеу жұмыстары қазақ тілінде жүргізілуі 
тиіс. Бұл жөніндегі біздің жағдайымыз қалай? Шындығына 
келсек,  ғылымның  қайсыбір  салалары  (тіл  білімі  мен 
əдебиеттану,  кейінірек  биология,  математика)  бойынша 
жүргізілген кейбір зерттеу жұмыстары болмаса, басқа ауыз 
толтырып  айтар  еңбектер  көп  емес.  Тек 50-60-жылдардан 
бері  қарай  ғана  тіліміз  ғылымның  көптеген  салаларына 
қызмет  ете  бастайды.  Алайда  мұның  ешқайсысының  өзіне 
тəн терминологиялық жүйесі жасалып, қалыптасты деп айта 
алмаймыз.
2.  Білімнің  барлық  жүйелері  бойынша  мектеп,  орта 
жəне  жоғары  оқу  орындарына  арналған  төл  (аударма  емес) 
оқулықтар  мен  оқу  құралдары  жазылып,  қалыптасуы  тиіс. 
Құдайға  шүкір,  бар.  Алайда  мұнда  да,  біз,  жоғарыдағыдай 
алақұла  жайтты  байқаймыз.  Бірінде  тəп-тəуір,  екіншісінің 
тілі  не  қазақша,  не  орысша  екені  белгісіз,  үшіншілерінде 
мұндай  да  еңбектер  түзілмеген.  Қазақша  деген  оқулықтар 
мен  оқу  құралдарының  өзді-өзіне  ғана  тəн  ерекшеліктерін 
танып-білу тіпті қиын. 
3.  Ғылым  тілі  ретінде  қалыптасатын  тіл – ғылым  мен 
білімнің барлық салаларының ең əуелі құрылымдық қаңқасы 
боларлық  терминолгиялық  жүйесі  жасалуға  тиіс.  Ол  үшін 
лексикографиялық  жұмыстар,  яғни  терминологиялық 
сөздіктер  көптеп  түзілуі  керек.  Ал  бұл  жөнінде  не  айта 
аламыз?  Əрине,  сөздік  түзу  жөнінен  құр  алақан  емеспіз. 
Сонау 20-жылдан  бері  қарай  түзіліп  келе  жатқан  екі  тілді 
терминологиялық  сөздіктер  тіліміздің  ғылымға  қызмет  ету 
қабілетін едəуір арттыра түскені мəлім. Бірақ мұнда да күні 
бүгінге дейін даулы мəселелер көбейе түспесе, азайған жоқ.

311
4.  Тілдің  ғылымдана  түсуіне  қажетті  ең  басты  шарттың 
бірі – ғылыми  ізденістер  мен  сөйленістердің  бəрінің  қазақ 
тілінде жүргізілуі дер болсақ, бұл турасындағы табысымыз 
да шамалы. Сол баяғы тіл білімі мен əдебиеттану ғылымы са-
лалары бойынша ғана сұранысқа жауап бере алатын үлгілер 
бар.
5. Бірен-саран болса да жарық көрген ғылыми еңбектерді 
саралап  байқасақ,  мынау  мына  ғылымның,  анау  ана 
ғылымның  өзіне  ғана  тəн  қалам  сілтесін  баяндау  тəсілін, 
стильдік  өрнегін  танытады  дейтіндей  бұлтартпас  айғақты 
мысалды табу өте қиын. Яғни ғылыми стильдің ара-жігі əлі 
айқындала қойған жоқ.
6.  Сондай-ақ  ғылым  тілін,  ғылыми  мəтін  (текст)  стилін 
тарам-тарамымен  талдап  беретін  арнайы  ғылыми  бар-
лау  еңбектері  тағы  жоқ.  Бірде-бір  ғылым  туралы,  бірде-бір 
ғылымның  өзіндік  зерттеу  мақамы,  қалам  сілтесі  жайында 
жазылған зерттеу жұмысын қолға шам ұстап табу қиын.
7. Əдеби тіліміздің ғылыми қолданыс құралы ретінде ба-
рынша жандана түсетін ортасы – ғылым ордасы. Иншалла бір 
кезде  Ұлттық  Ғылым  академиямыздың  құрамында  отыздан 
астам ғылыми-зерттеу институт бар еді. Оның əрқайсысында 
кем  дегенде  бірнеше  жүзден  ғылыми  қызметкерлер  (сырт-
тан  ізденушілер  мен  аспиранттарды  қоспағанда)  жұмыс 
істейтін, бұлардың қазіргі халы екіұдай. Жаңадан шаңырақ 
көтеріп, өз алдына отау тігіп жатқан салалық Академиялар 
мен  ғылыми  мекемелер  қаншама!  Осының  бəрінде  қазақ 
тілі ғылымның қажетіне жаратылып жатыр ма? Бұларда ана 
тілге деген мұқтаждық, қажеттілік мүлде сезілмейді. Айтулы 
ғалымдарымыздың  өзі  халқымыздың  абыройын  асқақтатар 
жаңалықтар  мен  ой-пікірлерін  қазақ  тілінде  емес,  көбінесе 
орыс  тілінде  жазғанды  артық  санайды.  Өйткені  олардың 
көзін ашқалы бергі көргені қазақ жазуы емес, орыс жазуы. 
Сондықтан оларды кінəлаудың де қисыны жоқ. Тиіп-қашып 
қазақша  жазылған  бірді-екілі  ғылыми  еңбектер  ғылым  тілі 
дейтін күрделі де қызық саланың жүгін көтере алмайды.

312
Сондай-ақ  қазақ  мəдениетінің  тарихында  азғана  мерзім 
ішінде, атап айтқанда, небəрі он-он бес жылдың айналасын-
да  үш  жазу  алмасты.  Жазудың  тұрақсыздығы  сауатымызға 
нұқсан келтіргені мəлім. Ол ғылыми тілдің де дамуына кері 
əсерін тигізді.
Міне,  осы  айтылған  мəселелердің  өзі-ақ  біздің  қазақ 
қауымында  өзінің  толық  мəніндегі  ғылым  тілі  қалыптасты 
деп айту қиындау екенін дəлелдесе керек.
Баз  біреулердің  қазақ  энциклопедиясы,  он  томдық 
түсіндірме сөздігі, бес томдық Қазақ Республикасының тари-
хын, əр алуан монографиялық еңбектерді, түрлі ғылыми ба-
сылымдарды т.т. тіліне тиек етіп, бізде ғылым тілі əлдеқашан 
жасалды, оның басы-қасында А. Байтұрсынұлы сынды асқан 
тұлғалар  тұрды  деп  өрепкуі  əбден  ықтимал.  Бар  нəрсені 
бағаламай табысымызды тəркілеуден біз де аулақпыз. Бұлар 
сөз жоқ ғылым тілінің жүйелене, қалыптана түсуіне негіз бо-
лар орны, жөні бөлек бағалы дүниелер.
Бұл  жерде  арнайы  тоқталуды  қажет  ететін  бір  мəселе 
бар. Ол Ахмет Байтұрсынұлы жəне оның айналасы жөнінде. 
Қазақ  мəдениеті  мен  ғылымның  тарихында  бұлардың 
есімдері  алтын  əріппен  жазылары  хақ.  Неге  десеңіз,  қазақ 
ғылымының  еңсе  көтеруіне,  саралануына  негіз  болатын 
терминдік сөздер жүйесінің жасалу, қалыптасу тарихын сөз 
еткенде, əсіресе, Ахаңды айналып өту тіпті мүмкін емес. Ана 
тілінде тұңғыш сауатын ашып, қазақ тілі дейтін пəнді оқыған 
қазақ зиялыларының бірде-бірі тайға таңба басқандай анық 
та  дəл,  ұғынықты  сипатталатын  терминдік  жүйені  тірек 
еткен  заңдылықтарды  ұмыта  алмайды.  Себебі  мұнда  əр 
алуан  мағынаны  арқалап  тұрған  даралық  сипаттағы  атау 
сөздерінің  бəрі  Ахаңның  асқан  білгірлігінің  нəтижесінде 
пайда болған. Қаншама сүзгілесең де қайталап соқпайтындай 
етіп  мүсінделген  бұл  терминдер  жүйесі  шынында  да  əлі 
күнге  мызғымай,  сауатымыздың  жетіле  беруіне  қалтқысыз 
қызмет етіп келеді. Сонымен бірге елдің еңсе көтеруі жап-
пай сауат ашуға тікелей байланысты деп сенген Ə. Ермеков, 
М.  Дулатұлы,  Е.  Омарұлы,  Қ.  Жəлелұлы,  Ж.  Аймауытов, 

313
М. Жұмабаев, С. Қожанов, Қ. Жұбанов сынды бекзаттардың 
қай-қайсысы  да  А.  Байтұрсынұлы  үлгісін  жетекшілікке 
алып,  əр  алуан  оқулықтар  жазып,  ғылыми  танымдық  мəні 
бар  мақалалар  жариялап  отырған.  Бұдан  бергі  жерде  де 
оқу-ағарту ісіне мəн берілуіне орай ғылым мен мəдениеттің 
өркендеуіне тікелей себі тиген əрекеттер болды. Оның бəрі 
жұртшылыққа  мəлім.  Дегенмен,  бұл  жерде  саралап  түсініп 
алатын тұстар баршылық.
Ғылыми  тілдің  негізгі  тірегі – терминдік  жүйенің  жаса-
лу барысы ешқандай талас-тартыссыз тып-тыныш өтпейтіні 
мəлім.  Мұны  да  есепке  алып  отыру  керек.  Алғашқыда, 
яғни 20-30-жылдарда  қазақ  тілінде  термин  жасау  процесі 
А. Байтұрсынұлы үлгісінше жүріп жатты. Ол қандай үлгі еді? 
Ол – атау сөздерді, яғни терминдерді жасап, тұрақтандыруда 
негізінен  қазақ  тілінің  өз  сөз  байлығын  барынша  іске  қосу 
болатын.  Ол  кезде  түзілген  сөздіктерге  үңілсек,  біз  осыны 
аңғарамыз.  Өз  байлығымыз  өз  қажетімізді  өтеп  жатыпты. 
Бұл  жерде  тілдің  қауызын  ашып,  тінін  түре  арши  білген 
айрықша  білгірлік  нышаны  байқалады.  Жоғарыда  аталған 
зиялы  қауым  түгелімен  ана  тіліне  осылайша  адал  қызмет 
еткен.  Тіліміздің  бар  қадір-қасиетін  зергерлерше  зерделеп, 
небір ғажайып терминдерді қатарға қосып кеткен. 
Бірақ  осыған  қарамастан,  А.  Байтұрсынұлының  өзін  де 
қазақтың ғылым тілін түбегейлі жасап кетті деп айта алмай-
мыз.  Ол  ғылым  тілін  қалыптастыруға  негіз  болатын  үлгіні 
ғана жасап үлгерді. Оның өзі жоғарыда аталған екі ғана сала 
бойынша. Міне, осы үлгіні негізге ала отырып, қазақ қауымы, 
ғылыми əлеумет ғылым дейтін ауқымы мейлінше кең зəулім 
орданың сала-саласы бойынша іліп əкетіп терминологиялық 
жүйені  жасап  жатса  жəне  барлық  ғылыми  ізденістер  мен 
зерттеулер  жаппай  қазақша  жүргізіліп,  стильдің  өзіне  ғана 
тəн  табиғаты  қалыптасатындай  мүмкіндік  жасалып  жатса, 
ғана ғылым тілі жөнінде келелі əңгіме қозғауға болар еді. 
Ал  патриоттық  сезім  нəтижесінде  анда-санда  жарық 
көріп, ел қолына бірде жетіп, бірде жетпей шөліркетіп тұрған 

314
бірен-саран монографиялық зерттеулер, оқулықтар мен оқу 
құралдар, мақала-баяндамалар ғылым тілі дейтін ірі де іргелі 
проблеманың  жүгін  көтере  алмайды.  Біз  бұл  пікірімізді 
біреудің  шамына  тиіп,  мəселенің  шын  сыйқын  көрмей-
білмей  айтып  отырған  жоқпыз.  Біраз  жылдан  бері  осы 
мəселені  жан-жақты  қарастырып,  не  бар,  не  жоқ,  не  қажет 
деген  жайларды  тексере  келгендегі  тұжырымымыз,  бұл. 
Əрине, біз бұл пікірді талқылауға салуға болмайтын ақтық 
ақиқат ретінде ұсынудан аулақпыз. Зерттеп, шындық шегіне 
жетейік дейтіндерге жол ашық. Бет жыртысуға емес, пікір-
таласына бармыз! Жұртқа өзімдікі жөн дегенді жеткізу үшін 
біреудің пікірін тəлкек етудің жөні жоқ. Ғылыми ізденістер 
нəтижесінде, деректерді алға сала отырып, дəлелденіп жат-
са, ғылымның да, ғалымның да мерейі үстем!
Сонда  ғылым  тілі  дегеніміз  не  өзі,  ол  əдеби  тіліміздің 
қай  даму  сатысында  көрінетін  сала?  Бұл,  біздіңше  жəне 
көптеген  тілдер  тарихынан  байқалатындай,  əдеби  тілдің 
дамыған,  кемелдене  бастаған  тұсына  тəн  құбылыс!  Еуро-
па тілдеріне ертерек, орыс тілінде XIX ғасырдың II жарты-
сы  т.б.  жағдайлар  бізді  осындай  ойға  жетектейді.  Ал  қазақ 
тілінің  даму  тарихына  үңілсек,  алуан  түрлі  жағдайларды 
байқаймыз. Ол үшін əдеби тіл категориясының өзін анықтап 
алуға  тура  келеді.  Бұл  жөнінде  қазақтың  небір  кемел  сөз 
зергерлері мен ғалымдары кейінгі өрелі ойларға өзек болар 
толғақты  тұжырымдарын  айтып  кеткен.  Олардың  бəрінен 
үзіп-жұлқып  үзінді  алып,  əңгімені  ұзата  берудің  мəні  бол-
мас.  Сонда  көбінің  тоқтайтыны  қазақтың  жазба  əдеби  тілі 
Абайдан бері қарай өріс алды деген пікір. Ал екі сөзінің бірі 
ғылым туралы Ұлы Абайды ғылым тілін жасады деп айтуға 
тағы  да  ешкімнің  аузы  бара  қойған  жоқ.  Бұл  кісіден  бергі 
жердегі əдеби тіліміздің шоқтығын биіктеткен тұлға, əрине 
Ахмет Байтұрсынұлы. Оның өзі жəне төңірегі ғылым тілінің 
тұғырын тұрғыза бастаған тұсында мақсатты мəреге жете ал-
май опат болып жатты. 
Əдеби  тіліміздің  шарықтай  түсуі  Ахмет  дəуірімен  тоқ-
тап  қалған  жоқ.  М.  Жұмабаев,  Ж.  Аймауытов,  Б.  Майлин, 

315
С.  Сейфуллин,  І.  Жансүгіров,  Ж.  Аймауытов,  М.  Əуезов, 
Қ. Жұбанов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Еру-
баев сынды халқымыздың ары мен абыройына айналған сөз 
зергерлері əдеби тілді бұрын жетпеген биікке көтерді. Сөйтіп 
көркем  əдебиет  тілі  өзінің  шарықтау  шегіне  жетті.  Кезінде 
ғылыми ой-сананы қалыптастыра түсер мақала, кітапшалар 
жазғанмен, бұлар да ғылым тілін жасай алған жоқ жəне бұл 
мəселе олардың тікелей міндетіне де жатпайтын. Дегенмен 
20-30-жылдары  басталған  əр  алуан  əрекеттер – оқулықтар, 
оқу  құралдары,  сөздіктер  жəне  сан  түрлі  шаруашылық  пен 
ғылым  салалары  бойынша  түсініктеме  түрінде  жазылған 
əрқилы сападағы қазақ тіліндегі еңбектер ғылым тілі орда-
сына бет түзеген алғашқы нышандар болатын. 
70-80  жылдың  ауқымында  қазақ  тілінің  терминдік 
жүйесі  неше  алуан  жасалу,  қалыптасу  кезеңдерін  бас-
тан  кешкені  мəлім.  Қазақ  тілінің  қақпасын  айқара  ашып 
тастағанымыз  соншама,  жат  сөздер  мен  атаулар  легі  күні 
бүгінге дейін толастамай келеді екен. Сонда есептеп қарасақ, 
өз  сөз  байлығымыздан  гөрі  интертерминдердің  қарасы 
көбейіңкіреп кеткенін байқаймыз. Бұл, əрине, бір жағынан, 
сөздік қорымыздың байытқанынан гөрі тіл тынысын тарыл-
та түскен, Ұлт тілінің даму өрісін тежейтін құбылыс еді.
Ал 80-жылдардың  екінші  жартысынан  бергі  жерде  ру-
хани  тынысты  кеңейте  түскен  жаңа  көктем  лебі,  ғылыми 
ізденістерге  де  жаңа  бір  серпін  əкелгендей  болды.  Біз  өз 
тіліміздің байлығына тереңірек, əрі жиірек үңілуге мүмкіндік 
алдық. Сөйтіп, қазақ тілінің қоржынында қимылсыз жатқан 
атаулар қолданыс қатарына андыздап шыға бастады. Сөйтіп, 
біз,  ғылым  тіліне  қызмет  етерлік,  оның  өрісін  кеңейтерлік 
терминологиялық жүйені қалыптастыра түстік. 
Бірақ сарқылмас байлығымыз бен ашылған мүмкіндіктер 
көзін еркін пайдаланып отырған қазақ қайсы? Əрине, əлгін-
дей  мүмкіндік  көзін  ашуға  септігі  тиген  үлкен  фактордың 
бірі – тіліміздің мемлекеттік мəртебе алуы. Ісқағаздары əуелі 
кезде талап бойынша екі тілде жүргізіле бастаған болатын. 
Қазір  тек  бір  ғана  орыс  тілінде  жазылады.  Тіпті  бұрыннан 

316
хат-хабарды қазақша жазып келген Тіл білімі институты мен 
Əдебиет жəне өнер институты да жоғарыға жолданатын хат-
хабарды орысша түсіруге мəжбүр. Өйткені талап осыған ой-
ысып барады. 
Ал  біз  болсақ,  ел  қамын,  тіл  қамын  ойлайтын  жас-
тан  əлдеқашан  асып  кеткенімізге  қарамастан,  бір  адамға 
жетерлік  атақ-дəрежеміздің  барлығына  қарамастан,  сол 
баяғы  жалтақтықтан  арыла  алмай  «ойбай  анау  түсінбей 
қалады»  деп  жалбақайланып  жатамыз.  Əйтпесе,  көбіне 
қазақша-орысшаны араластырып өткізіп келе жатқан жиын-
дар əлі жалғаса түсуде. 
Неліктен  бұлай?  Бізге  қазақша  сөйлемеңдер,  қазақша 
жазбаңдар деген біреу бар ма, осы. Осындай пиғылды Елба-
сынан естіп пе едіңіздер? Қайта, ол кісі кезі келгенде қазақша 
да,  орысша  да  қатарынан  сөйлеп,  жаңа  бағыт,  жақсы  үлгі 
көрсетіп жүрген жоқ па?! Осыны неге ары қарай ұластырып 
алып  кетпейміз?  Неге  күргейлене,  күдіктене  береміз?  Бұл 
біздің өз шаруамыз емес пе? Егер тіл маған, саған, оған керек 
болмаса, кімге қажет? Ал керек екенін біле тұра өз тілімізді 
өзіміз  неге  аяқасты  етеміз,  неге  қорлаймыз?  Қажеттілікті 
өзіміз жасамасақ, бізге кім жасап бермек?
Осы  тұста  біздің  көбіміздің  бойымызды  жайлаған 
масылдық  мінез-қылық  (құлық  емес,  қылық  деп  əдейі  ал-
дым)  жайлы  айта  кетпесе  болмайды.  Біз  дайын  асқа  міне 
ауыз деген тəрбие түлектеріміз. Осындай масылдық тілге де-
ген көзқарастан да байқалатыны бар. 
Қадірлес, сыйлас қайсыбір ағайын маған кездескен сайын 
«Тілің не боп жатыр, құртатын болдыңдар ғой түге бүлдіріп, 
шұбарлап» деп кінə таға сөйлеп жатады. Олардың ойынша 
кейінгі  кезде  қазақ  сөздері  интертерминдерді  ығыстырып 
бара  жатқан  көрінеді.  Мұндай  жандарға  не  деп  жауап 
берерсің. Олар, əрине, қазақ дейтін халыққа өзінің де тікелей 
қатысы бар екенін білмей отырған жоқ, біледі. Тілдің де өз 
мұрасы екенін, мұра болғанда, ұрпағына сап таза күйінде ая-
лап жеткізер ұлы қазына екенін де сезеді. Алайда ол кешегі 
кеңестік кезеңде буын-буынды алып қойған жат тілдік теріс 

317
тəрбиеден шыға алмайды. Тіпті біреудің қолымен от көсеуге 
əбден  дағдыланып  қалыптасқан  ол  бұл  шаруаны  да  басқа 
біреу істеп берсе екен дейді. Ана тілдің негізі – отбасынан, 
ата-ананың  өз  қасынан  басталып  жасалатынын  елемей,  өз 
нəсілін біреу тəрбиелесе, тілді де біреу үйретсе, əйтеуір бұл 
қиын  шаруа  менен  аулақ  болса  деген  пиғыл  құрсауынан 
шыға  алмай  жүргені.  Бүкіл  ел,  ұлт  болып  кіріспесе,  жуық 
арада арыла алмайтын қырсықты дерттің бірі осы. 
Қиындықтың түйіні мен себебін іздеп, ұлт пен ұрпақ па-
рызын өтеудің орнына, əлгіндей дертке шалдыққан жандар, 
осы дəрменсіздік шырмауынан шығар сылтау іздей бастай-
ды. Ал, сөз жоқ, іздеген табады. 
Жұрт  қалауы,  Үкімет  қолдауы  арқылы  қаптап  ашылған 
қазақ  балабақшалары  мен  қазақ  мектептерінде  тəрбие 
жұмыстары мен білім беру сапасы мүлде төмен екен деген 
желеумен көп ата-ана кейінгі кезде өз балаларын табиғи ұя 
мен ортадан алып қашып жатқандары бар. 
Сол ата-аналар бұлай торығудың орнына бір жағадан бас, 
бір  жеңнен  қол  шығарып,  ұрпақ  тəрбиесіне  өмірін  бағыш-
таған  осынау  ғажайып  жандар  (мұғалімдерді  айтып  отыр-
мын)  неге  мұқтаж:  оқулықтар,  оқу  құралдары,  осы  заман 
талабына  сай  техникалық  құрал-жабдық,  мектеп  құрылы-
сы  т.т.  толып  жатқан  қажеттіліктер  жайын  біріге  отырып 
ойластырса ғой. Сондай-ақ олардың жай-күйі, еңбекақысы, 
демалыс жағдайы жөнінде де дабыл қағып отырса. Оқу мен 
тəрбие  жұмыстарының  құлдырау  себептерін  айқындап, 
жұмыла  əрекет  жасалмаған  жерде  істің  бəрі  бекер.  Жапон-
дарда «бала тəрбиесін ойламаған ата-ана қылмыскер» деген 
мақал бар екен. Шынында да солай емес пе?
Тіліміздің  төменшіктеп  жүргені  мына  өз  басымыздың 
немкеттілігі  мен  немқұрайдылығымызға  да  байланысты  ма 
деймін.  Мұны  Елбасымыз  да  қадап,  қазып  айтқан  жоқ  па, 
кеше. Ойланайық, ағайын!

318

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет