ӘОЖ 94(574)
ЖАУЫНГЕР ЖЫРАУ ҚАЛНИЯЗ
Қалапбаева Ж.
Ғылыми жетекшісі: Тоқбаева Л.
Ш. Есенова атындағы КМТИУ, Қазақстан
Андатпа. Қалнияз Шопықұлының өмір жолы, оның жыршылық, күйшілік, ақындық өнері
бейнеленген. Оның шығармаларындағы ата-баба шежіресі мен тарихы, шежірешілігі, көне
жыраулар сияқты өз дәуірінің ең елеулі оқиғаларын толғап, ел басына күн туған кезде, еліне
ақылшы болып ел бастауы, елі мен жерін қорғар күн туғанда жорық жыршысы болып қол бастаған
ақындығы көрсетілген.
Түйінді сөздер: жыршы, шежіре, жыр-дастан, батыр, күйші
90
Қазақтың тарихында жорық жыршыларының соңғы тұяғы, шоқтығы биік тұратын тұлға -
Шопықұлы Қалнияз жырау болатын.
«Маңғыстау, Үстірт елінде сауыт киген батырдың соңы Досан болса, садақ тартқан
жауынгер ақындардың соңы Қалнияз деседі. Ол қоржынының бір басына сұқпалы домбырасын,
бір басына садақ жебесін толтырып алып жүреді екен» (Өмірзақ Қалбай, ақын, Қалнияз жырларын
жинаушы).
Қалнияздың әкесі Шопық Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы
Нарын құмын мекендеген. Кейін Маңғыстаудың Қаракұм, Үстірт жерлеріне қоныс аударып
келгесін, 1816 жылы Сам құмы жерінде Қалнияз дүниеге келген. Өмір бойы шыр бітпей,
жалшылықпен күн кешкен Шопықтың Қалнияз, Көлнияз, Ернияз, Қапа, Раха, Тілеубай атты алты
ұлының үлкені. Ол қаршадайынан бай малын бағып, жасқау, жәбір көріп, өмір сырын ерте сезіп,
ызы-кекке қайрала өседі. 1902 жылы 86 жасында Тәжікстанның Ғиссар алқабы жерінде жат жерде
дүниеден озған [1].
Қалнияз жыраудың дәуірі Хиуа хандарының Маңғыстау, Үстірт қазақтарына жасаған
басқыншылық шабуылдары мен патша үкіметінің отарлаушылық саясаты тұсына тап келді.
Жауынгер ақын өз тұсындағы Балуанияз бен Қармыс, Төлеп пен Амантұрлы, Қожалақ пен
Қарақұл, Сүгір мен Тұрманбет, Балта мен Дәуіт батырлар бастаған жорықтардың бәріне дерлік
қатысқан. Қолына тек қана қару емес, домбырасын да ұстаған. Сарбаздарды жорық жырлары және
жорық күйлерімен ерлікке үндеді.
1870-80 жылдары патша үкіметіне қарсы Иса, Досан батырлар бастаған көтеріліске
қатысып, отарлаушы әскермен жан аямай соғыс жүргізе шегінген Маңғыстау халқымен бірге
Ауғанстанның Гөрібағлан деген жеріне барған. Бірақ жергілікті ауған әкімдерінің қысымына көне
алмай, ауылымен елге қарай – Душанбе, Гиссар бағытына көшті. Балалары қайтадан Теректі
тауындағы елге қосылған.
Қалнияз – Ата-баба шежіресі мен тарихын өте жетік білген, арғыны бергіге жалғаған, өресі
биік асқан шежіреші, көне жыраулар сияқты өз дәуірінің ең елеулі оқиғаларын толғап, ел басына
күн туған кезде, еліне ақылшы болып ел бастаған, елі мен жерін қорғар күн туғанда жорық
жыршысы болып қол бастаған ақын.
Қалнияз жырау жоғарыда көрсеткенімдей, арыны беріге жалғаған Атам Қазақтың айтулы
шежірешісі, айтулы жырауы. Қалнияз атамыздың есімі «Қырымның қырық батыры» аталатын
батырлық жырды айтушылардың бірі ретінде де ел арасында белгілі болған. Ақынның билермен
кездескенде айтқан толғаулары оның ақпа-төкпе жыраулығын танытады.
Бұл жерде арнайы атап өтетін жағдай, «Қырымның қырық батыры» бізге заманымыздың
әйгілі жырауы Маңғыстаулық Мұрын атамыз арқылы жеткені мәлім. Бұл жырлар Мұрынға Нұрым
мен Қашағаннан, Қарасай мен Қалымнан, олар Абылдан үйренген. Сол сияқты Қашаған мен Ақтан
репертуарындағы жырлар Қалнияз бен Нұрымнан тараған, оларға Абыл арқылы ұласқан. Ал
Абылға жеткен жырлардың түп төркіні Сыпыра жыраудан шыққан. Қалнияздың:
Байұлыға белгілі
Ұстазым Тіней Өгізбай.
Неше буын жыр төккен
Он екі баспа қобыздай.-
Тосылып сөзден көрмеген
Адайда айтқыш Абылдай.
Шабатын жүйрік мен едім
Сөзге қамшы салдырмай, – деген жолдарынан Абыл мен Өгізбай жырауларды ұстаз
тұтқанын көреміз. Абыл Маңғыстау мен Үстірт өңірінде болса, Өгізбай аты "Қырымның қырық
батырын" жырлап ел арасына таратушы ретінде Хорезм, Тәжікстан жерлеріндегі қазақтар
арасында көбірек мәлім.
Қалнияз еліміздің жауларына қолына қару ұстап соғысқан, қол бастаған батыр және арқалы
ақын. Ол Хиуа жаулаушыларына қарсы жорықтарға және 1870-80 жылдарғы патшалық Ресейге
қарсы көтеріліске қатысып, сарбаздарды өлең-толғауларымен ерлікке үндеді. Ақын
шығармаларының дүниеге келу кезеңін екіге бөліп қарауға болады. Біріншісі, Атамекен туған жері
Маңғыстау да, екіншісі жат жерде. Ақынның «Ер Қармыс, Ер Төлеп», «Батырда Балуанияз,
91
Қармысы бар», «Сүгір батырға айтқаны», «Қожалақ батырға айтқаны», «Дәуіт батырға айтқаны»,
«Көтібар бөтен кісім бе», «Жаскелеңмен айтысы» деген сияқты жыр-толғаулары Маңғыстау,
Үстірт аймағында 1870 жылдарға дейін дүниеге келсе, Атамекен туған жерден жырақта жүріп
шығарған «Амантұрлы батыр қазасын шешесіне естіртуі», «Ер Көней», «Билерге айтқаны», «Қара
бір сөзге келгенде», «Аңсадым аға, жеңге, ағайынды», «Қалнияз едім күнінде», «Ата қоныс
Нарында», «Көктас, Күлап жерінде», «Маңғыстауды аңсауы», «Көрмесем, қош болыңдар», «Елін
сағынып айтқаны» сияқты жырлары бесқала (Хорезм) мен тәжік жерінде шығарылған. Бұлардың
бәрі ел арасында кеңінен танымал. Қалнияз жырлары халық тағдыры, елді, жерді қорғап, сақтау
сияқты өз дәуірінің көкейкесті мәселелеріне арналған. Біз бұл жырлардан батырдың еліне,
атамекен туған жеріне деген махаббатын, ұлтжандылығын, құсалықпен өткен соңғы күндерінің
бейнесін аңғарамыз.
1856 жылы түрікпеннің 300 аламаны Адай елін шапқанда, балықшы Балуанияз батыр
бастаған 60 жасағы жаудың соңынан қуып жетеді. Жасақ өздерінен әлденеше есе көп жаудың
жасағын көріп кідірістеп қалғанда Балуаняз батыр намыстанып: «Бармысың Қалнияз! Сөйле!» деп
айғайға басады.
Сонда Қалнияз батыр саңқылдап:
Арғымақтан туған қазанат,
Ардагер өңшең аазмат
Асардай аға көтерген
Сарыала туың қолда тұр.
Ардақтап сүйген ұлдарың,
Арулап өскен қыздарың,
Айдауға түсіп торығып,
Алдында жаудың – жолда тұр.
Соларды жауға қалдырып,
Жан сауғалап қаңғырып,
Қайрылғаныңыз өлгенің! деп, қалың жауға қарсы ұмтылады.
Ар-намысты тереңнен қозғаған асқақ та, жалынды жырдың әуенімен қазақ қолы жауды
қашырып, жеңіске жетіп, жесір айырады. Алай да сол сұрапыл соғыста Балуанияз батыр бауыры
Қанабаймен бірге мерт болады.
Қалнияз атамызды Қазақ та және Орталық Азия елдерінде білмейтін жан жоқ деуге болады.
Ақын шығармалары әсіресе, Қазақстанның батыс өңірі, Түрікменстан, Қарақалпақстан
елдеріндегі қазақтар арасында кеңінен танымал. Ақынның ерлерді ел мен жерді қорғауда ерлікке
шақырған жалынды жырлары ел арасында күні бүгінде де ауыздан түспей келеді.
Ақынның «Ер Қармыс», «Ер Төлеп», «Балуанияз батыр» дастандары Қазақтың өте ескіден
келе жатқан «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», Ер Тарғын» т.б. эпостық батырлар жырының
заңды жалғасы іспетті. Айырмасы, алғашқы «Батырлар жырының» авторы уақыт тезіне шыдамай
ұмытылған.
Қазақтың осы қағидасы Қалнияз атамыздың жырларында да жалғасын тапқан.
Қызылойдың түбінен,
Жау қарасын көреді.
Он бес жасар ер Төлеп,
Жалғыз шауып келеді.
Сұр бұлттай тырысып,
Жөн арқасы құрысып,
Езуінде егіз оқ,
Садағында сегіз оқ,
Астындағы құла аттың,
Танаулары талыстай,
Құлақтары қамыстай.
Екі көздің арасы
Салып қалсаң қарыстай,
Оралып жатқан түбектей.
92
Ерініне қарасаң,
Қақтап шапқан күректей.
Азу тісі балғадай,
Бауырлары аралдай,
Қабырғасы шеңбердей,
Омыртқасы отаудай,
Шоқтықтары шоңқалдай,
Толарсағы тоқпақтай,
Жіліншігі жіптіктей,
Ту сыртынан қарасаң,
Суға жүзген сазандай.
Шекесінен карасаң,
Он алты тілік қазандай.
Басқан ізі аймақтай,
Құйқылжытып – келеді,
Жел аударған қаңбақтай…
Қалнияз атамыз өз елінің намысын арқалап, ыза-кек буып, қаһар-қайратқа мінген Төлеп
батыр мен жер апшысын қуырып келе жатқан құла атты осылайша суреттейді. Тағы бір жерінде:
Биік қылып сөйлейін
Асқардың Алатауындай
Нөсерлетіп сөйлейін
Селдете құйған жауындай, - деп селдетеді.
Қ.Шопықұлының: «Қармыс батыр», «Балуанияз» жыр-дастандары, «Қожалақ батырға
айтқаны», «Есен, Сүгірге айтқаны», «Дәуіт батырға айтқаны», «Асар сұпыға айтқаны»,
«Амантұрлының өлімін естіртуі» сияқты туындыларының бәрінде батырлардың ерлік істері
дәріптеленетіні, өмір мен өлім айқасы толғанатыны жақсы таныс және түсінікті. Мәселен,
Қожалаққа, Есен, Сүгірге, Дәуітке айтқаны делінген сөздерінің бәрінде де батырларға күш-қуат,
жігер берерлік ұранды сөздер көрініс тапқан. Халықта: «Малшымен жолдас болсаң жайлауын
айтады, ұстамен жолдас болсаң ұстара мен қайрағын айтады, батырмен жолдас болсаң жауға
салған ойнағын айтады» делінген аталы сөз бар. Сол айтқан, Қалнияздың өзі де ер көңілді адам
болғандықтан, көбінесе ерлік жолын мадақтаса керек [2].
Қалнияз суырып салма айтыскер ақын да болған. Ақынның ел арасында Кете Жаскілең,
Тәжібай секілді әйгілі ақындарды айтысып жеңгені жайлы, айтыс жыры сақталған. Қалнияз бен
Жаскілең ақынның әлім мен адайдың бай-мырзаларын, батыр, әулиелерін мақтап айтысатын әйгілі
айтысы Қазақ өнерінің асыл қазыналарының бірі болып табылады.
Қалнияз күйші де болған. «Қалнияздың жорық күйін», «Қалнияздың жыр күйін» Орталық
Азия жеріндегі қазақ өнерпаздары жиі орындайды.
Қалнияз Алшын еліндегі той бастаған өнерпаз. Атамыздың «Тойбастар» толғауы соның
айғағы.
«Қалнияз жырау Шалбардың
Айтқан сөзі жылатқан,
Ерлігі де бар екен
Дұшпанына оқ атқан,
Палуандығы тағы бар
Алысқандарды құлатқан, - деп келетін өлеңі тарихтың тамырынан шертілген бір сыр
сияқты. Кейінгі ұрпақтың құлағында жатталып қалатындай жазылған «Палуандығы тағы бар,
Алысқандарды құлатқан» деген тіркестер жауынгер ақынның көпшілік біле бермейтін бір қыры»
(Өмірзақ Озғакнбай, қоғам қайраткері).
Қалнияздың ең бірінші «Балуанияз» дастаны 1908 жылы Қазанда «Мұрат ақынның Ғұмар
Қазыоғлына айтқаны» жинағында, «Жаскілеңмен айтысы», «Ер Қармыс» дастаны 1926 жылы
Ташкентте «Аламан» жинағында жарық көрген. Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазба
қолында Қалнияздың «Көтібар ауылында айтқаны» дейтін өлеңі сақталған. Қалнияздың
93
«Ақберен» (А., 1972), «19 ғасырдағы қазақ поэзиясы» (А., 1985), «Абыл, Нұрым, Ақтаным...» А.,
1997) жинақтарында жарияланған.
Қалнияз жыраудың шығармаларын жинақтап біздерге жеткізуде інісі Қапанның
Нұрмағанбетінен туған немересі шежіреші ақын Қалбайұлы Өмірзақ көп еңбек сіңірді. Өмірзақ
Қалнияз ақынның мұрасын жинақтап филология ғылымының кандидаты, белгілі ғалым-зерттеуші
Қабиболла Сыдиықовқа тапсырған. Ол Қалнияз шығармаларын «Ақберен» (1972), «ХІХ-
ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985), жинақтарында, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы
зерттеуін «XIX-ғасырдағы қазақ ақындары» (1988) деген кітапта жариялады. Жақында ақынның
«Қалнияз едім күнін де...» атты жыр жинағы жарық көрді. Ақын шығармаларын зерттеп көлемді
еңбектерін жариялағандар қатарында: қоғам қайраткері, жазушы Өмірзақ Озғанбаев, белгілі
ғалым, филология ғылымдарының докторы, ақын Асқар Егеубай, филология ғылымдарының
докторы Биғайша Нұрдаулетова, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Бектұр Төлеуғалиев, шежіреші
ақын Қаржаубай Рейімбайұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы,
Бейнеулік Нұржігіт Нұрболатұлы т.б. бар.
Қалнияз едім күнінде
Байұлы-Адай елінде
Араладым Алшынды
Алланың берген демінде...
Қилы-қилы заманның бұралаң жолдарынан сүрінбей өтіп, мүдірмей жеткен ең асыл
қазынамыздың бірі - ол біздің жыраулық өнеріміз. Көшпенді елдің басына қиын күн туғанда,
тарих сахнасына баһадүр-батырлар шықса, ал олардың ерлігі туралы таңды таңға асырып
жырлайтын дастандар, эпостық жырлар, жорық жырлары дүниеге келді.
Сонау ықылым замандағы Баба Түріктің Иолығ Тегіні арқылы Күлтегін мен Тоныкөктің
тарихын, Кетбұғадай Бабамнан Хан-Шыңғыстың тарихын, Сыпыра, Досманбет, Шалкиіз,
Қазтуғандай жыраулардан Ноғайлы заманының дастаны мен Қырымның қырық батырын,
Жиембеттей жыраудан Есім ханның тарихын, Ақтамбердіден Қарт Бөгенбайды, Бұхар жыраудан
Хан-Абылайды, Үмбетейден Қабанбайды, Махамбеттен Исатайды таныдық. Бұлар Қазақ
жыраулық мектебінің «жорық жыршылары» атанған аса көрнекті тұлғалары еді. Олардың
көкірегінен құйылған жыр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жадында сақталып, бізге жетті.
Қалнияздың бір ерекшелігі, оның жырларынан кіші жүз Қазақтарының, әсіресе Адай
руының батырларын есімдерімен таныс боламыз. Ол өзімен тұстас Амантұрлы, Қожалақ,
Балуанияз, Тұрманбет, Балта мен Асар, Төлеп пен Шабай, Есен мен Сүгір, Бердібек, Рақ,
Дәуімшар мен Құдабай, Адайбек пен Дәуітті, Құлыбек, Сары, Ер Төкеш сияқты тағыда басқа
көптеген жолбарыс жүрек батырларды жырға қосып, ұрпаққа танытып кетті. Олар туралы:
Қайсыбірін айтайын,
Бірі – айыр, бірі – нар,
Бірі – мая, бірі –жал,
Бірі – шекер, бірі – бал,
Бірі – қайың, бірі – тал, - деген құбылысты теңеу тудырған Қалнияз тек қана Қосайдың
немесе Адайдың жырауы емес, ол Алты Алаштың Ардақтысы, иісі Қазаққа ортақ тарихи
Тұлғасы». («Асқар таудың биіктігі алыстан көрінеді» Нұржігіт Нұрболатұлы. Бейнеу ауылы
06.05.2015 жыл).
Иә, Асқар таудың биіктігі алыстан көрінеді. Арадан жылдар, ғасырлар өтіп, уақыт өлшемі
алыстаған сайын, ерін еске алатын елі болса, Ата аруағы да ұрпақтарына жақындай түсері хақ.
Қалнияз атамыздың ата-тегі (руы): Қазақ – Кіші Жүз (Бегарыс) - Алшын – Он екі Ата
Байұлы – Адай – Құдайке – Қосай – Байбол – Мәмбетқұл (Шалбар) болып таратылады.
Қалнияз жыраудың сүйегі арадан бір ғасыр өткенде қазақтың Ата салтына сай туған
топырағына қайта оралды.
«Кезінде: «Асқар биік тауларым,
Кетемін деген ойда жоқ,
Кетірді дұшпан жауларым» деп күңірене жырлап, тәжік жерінде өмірмен қош айтысқан
күрескер ақын, жорық жырауы Қалнияз Шопық ұлының (1816–1902) тілегі арадан бір ғасырдан
аса уақыт өткенде қабыл болды, арманы орындалды. Оның сүйегі Маңғыстаудағы Қаратаудың ең
94
биік шыңында орналасқан «Адай Ата – Отпан тау» кешеніне қарасты қорымға алғаш болып
жерленді.
Қазақтың сан мыңдаған жылдардан бері жалғасын тауып, үзілмей келе жатқан көкпар
ойынының шығу тарихы осыған байланысты. Нағыз көкпаршылар салмағы 50 келіден асатын
серкелерді қолданған. Мақсаты, ат үстінде соғыса жүріп жаралылар мен өліктерді жау қолында
қалдырмай, жинап алуға машықтану.
360 әулиелі киелі Маңғыстаудың ұрпағы Қалнияз атамыз сопылық ілімнің тарихат жолын
аса жоғары деңгейде меңгерген. Атамыздың аузынан Алласы түспеген. Атамыз,
Түркістанда түмен бап,
Сайрамдағы сансыз бап,
Отырарда отыз бап,
Баптардың бабын сұрасаң,
Ең үлкені Арыстан бап», Пірлердің Пірі Маңғыстаулық 360 әулие, Мединада Мұхаммед,
Түркістанда Қожа Ахмет және Маңғыстаулық Әулие Бекет Пір Аталарды өзіне ұстаз тұтқан.
Бірінші Алла деп, екінші Аталарымыздың аруағына сыйынған.
Ерлерге Алла жар болып
«Бекет» деп ұран шақырып.
Азар шықты Аллалап.
Ерлерге ажал келер Алласынан
Алладан асығыстау келген тағдыр –
Алланың ісі орынды,
Алланың берген демінде,
«Ашпады», – деп, – Алла сорыңды?
Алладан медет сұрады
Жазғанын көрдік Алланың,
Салғанын көрдік Алланың.
Жасаған Алла жар болып
Алланың салған ісінен
«Жорықта ал, – деп, –жанымды»
Алладан тілек қылғанмын–
Алла берсін тілекті.
Әуелі Алла, екінші
Дем беріп пірі – ер Бекет.
Жыр жолдары Алла мен Құдайды синоним ретінде қолданады.
Құдайым, сендей қылмағай
Бар мұсылман баласын.
Тізгінді оңда, бір Құдай.
Жар бола гөр, Құдайым,
«Тілекті құдай берер» – деп
Патша Құдай, кең Құдай,
Әркімде де Құдай бар.
Құдай сені қолдасын,
Бұл үзінділер шежіреші Жетібай Жылқышыұлының «Қалнияз жырау Шопықұлы» атты
еңбегінен алынды.
Жоғарыда көрсетілген деректерден шығатын қорытынды:
Қалнияз қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» арлы азамат деп, берілетін бағасына толықтай
сай, домбырасы мен садағын қатар асынып жүретін, әрі батыр, әрі жыршы, жүрек жұтқан қол
бастаған батыр, елді ерлікке үндеген жалынды жорық жыршысы атанған арқалы ақын, Ата-баба
шежіресі мен тарихын жетік меңгерген ғұлама-ғалым, арыны бергіге жалғаған жырау, ел басына
қиын-қыстау іс түскен сәтте елге ақылшы болған және ұстаздарын аузынан тастамай үлгі тұтып,
ұлықтаған дана, мықтымын деп мақтанғанды алып та жығатын, күштімін деп көкірек кергенді
шалып та жығатын, жауырыны жерге тимеген палуан, ғажап дауысты әнші, даулескер күйші және
95
сопылық ілімді аса жоғары деңгейде меңгеріп, Алласы аузынан түспеген діндар, мәрт адам болған
адам. Қалнияз атамыздың барлық адами болмысын ұрпаққа үлгі қылсақ, дұрысы осы болар.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. К. Сержанұлы. «Қалнияз едім күнінде...». «Сардар» баспа үйі, 2016ж. 19-бет .
2. «Маңғыстау ақын жазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы. Өмірзақ
Озғанбайдың шығармалары. Ақтау, 2013ж. 132-138 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |