Кітаптың ең басты кемшілігі – менің өзім 1932 жылы қатты сынаған ұлтшылдық бағыттағы әрекеттерімді жұмсарта көрсеткен, сол арқылы қате пікірлер білдіріп, оқырманды алдаған.
Менің қателігім Кедринаның бұл еңбегінен өзімді өзім шеттеткенімде, ал байыбына салсақ, тірі автор ретінде, менің өмірімнің алғашқы кезеңі туралы жазылған тұсты партиялық қатаң, сыншыл-әшкерелеу тұрғысынан жауапкершілікпен қарап шығып, З.Кедринаны өрескел қателіктерден сақтандыруым керек еді.
Менің Абай туралы романымдағы кемшіліктерді ескерткен «Правданың» мақаласына орай өзімнің тарихты тануымдағы бір-біріне тізбектеліп, өзара үйлесіп жатқан, романда суреттелген бір ғана жайға тоқталамын. Бұл жай, бірінші, Кенесары Қасымов қозғалысына байланысты мәселелер, екінші, «Абай мектебі» дейтін мәселе қақында және үшінші, осы аталғандарға жалғас патриархалдық-феодалдық салт-сананың өкілдері болып саналатын кейбір тарихи тұлғалардың әсіреленіп суреттелуі.
Абайдың ақындық мектебі туралы қате болып шыққан көзқарасымның ықпалымен «Абай» романының жалғасы «Ақын аға» атты кітап жаздым. Бұл кітапта мен ескішіл, реакционер Көкбайды романның жағымды бейнелерінің бірі, ақын Абайдың озық өнерін бойына сіңіре білген адам етіп көрсеттім. Ал Көкбай болса, қазақтың еңбекші халқының қас дұспаны болған Кенесары Қасымов жайында мадақтап поэма жазған ақын еді.
1951 жылы жарияланған «Правданың» «Қазақстан тарихы мәселелері марксшілдік-лениншілдік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласы Кенесары қозғалысының қазақ еңбекші халқына жау мазмұнын әшкереледі. Оны мадақтаушы буржуазиялық-ұлтшыл тарихшыларды таңбалады. Осының артынан Қазақстан Ғылым академиясы мен Жазушылар Одағы бірігіп «Абайтану» жөнінде дискуссия ұйымдастырды да, сол дискуссияға қортынды жасады. Осы аталған жайлардың барлығы «Ақын аға» романындағы менің қате, залалды түсініктерімді түгелімен қайта қарап түзеуіме шешуші себеп болды.
«Абай мектебі» жөніндегі өз қателерімді тереңдеп сезінудің нәтижесінде ғана мен романымның біраз жерін қайтадан өңдеуге мүмкіндік алдым. 1951 жылы «Знамя» журналының беттерінде «Абай жолы» деген атпен романның жаңа нұсқасын жарияладым, сол нұсқаға сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім. Осы соңғы кітапта мен Абайдың атынан Кенесары қозғалысы мен оның өміріне, ол туралы поэманың авторы Көкбайға да қатты сын айтқыздым.
Осыған байланысты «Абай мектебі»деп айтылып жүрген қателіктерімнің түп тамыры туралы айта кетуді қажет деп санаймын. Бұл мәселе баяғыда, 1933 жылғы абайтану жөніндегі менің қате, бір жақты пікірімнен басталды. Істің жайы былай: Абайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері мен өмірбаяндық деректерін кешігіп барып жинағандықтан да, ауыз екі тілде айтқан куәлік сөздер мен естеліктерді сын көзбен қарамай, олардың мәліметтеріне қалтқысыз сеніммен қарадым. Мен олардың маған жеткізген деректеріне дер кезінде қатал сыншылдықпен қарай алмадым. Көкбайдың және Абайдың өзге де замандастарының мұрасындағы халық мүддесіне қарсы және бізге жат екендігін анықтай алмадым.
Сол Көкбай алуандас кейбір адамдар жөніндегі менің теріс түсінігім 1939 жылы мен жариялаған Абайдың өмірбаянына да араласты. Және «Правданың» 30-ақпанда жариялаған мақаласында дұрыс көрсетілгеніндей, дәл осы жағдай, кейбір жалған «шәкірттер» туралы айтқан менің жағымды пікірлерім Абай шығармаларының орысшаға аударылған басылымында да орын алды. Сол сияқты бұл жағдай осы тақырып жөніндегі кейбір жұмыстарым мен рецензияларымда да қайталанды.
Абайдың өмірі мен ақындығы жөніндегі зерттеулеріме және ол туралы романыма Қазақстандағы әдебиеттану ғылымында кең орын алған бірыңғай ағым теориясының ықпалынан да шыға алмадым. Мұның салдары «Абай» романының алғашқы тарауында, Абайдың бала кезін суреттегенде Бұқар, Шортанбай сияқты керітартпа ақындарды жағымды жақтарынан көрсетуіме әкеп соқтырды. Халықтың мұрат-мақсатын жырлайтын халықтық ақынның образын жасау үшін ешқандай да тарихи дерекке сүйенбестен, өзімнің ойымнан шығарылған Дулат деген кісі атын пайдаландым. Мен бұл арада оқу құралдарында, жекелеген басылымдарда орынсыз мадақталып жүрген, халықтық ақын делініп келген Дулаттың атына көрсетілген құрметке сеніп қалыппын, орынсыз құрмет көрсетіппін.