Зейін. Зейін теориялары.Түрлері мен қасиеттері
Зейін — адамның психикалық әрекетінің белгілі бір нәрсеге бағытталып шоғырлануы. Адам өмірінде зейіннің алатын орны зор. Әсіресе, таным процесінде, білім алу ісінде маңызы ерекше. Шәкірттің сабақты түсіне қоймауы, есінде дұрыс сақтай алмауы, тапсырманы орындауда қате жіберуі оған дұрыстап зейін қоймаудан болады.
Зейін қою, көбінесе, адамның айналысып жатқан іс-әрекетінің сипаты мен маңыздылығына байланысты. Сондай-ақ, ол адамның жеке бас ерекшеліктеріне, оның мүддесіне, талап-тілегіне, мақсат-мұратына, ерік-жігер сапаларына, темпераментіне, мінез бітіміне байланысты болады. Зейіннің физиологиялық негізін орыс физиологы, академик А.А. Ухтомскийдің (1875 – 1942) доминанта теориясы бойынша түсіндіруге болады. Бұл теория бойынша, сыртқы дүниенің көптеген тітіркендіргіштерінің ішінде біреуі миға күшті әсер етеді де, оның бір алабын ерекше қоздырады. Мидың осы күшті қозған алабы қалған алаптардағы әлсіз қозуды өзіне тартып отырады. Осыдан мидың күшті қозған алабы одан бетер күшейеді. Мұндай жағдайда адам зейінні бір нәрсеге шоғырланады да, қалған нысандарды байқамайтын болады.
Адамның зейіні ырықты зейін, ырықсыз зейін және үйреншікті зейін болып үшке бөлінеді. Адам өмірінде ырықсыз зейін де елеулі орын алады. Ал ырықты зейін әрекеті саналы түрде белгілі ерік күшін жұмсау арқылы орындалады. Үйреншікті зейін адамның әдетіне айналып кеткен зейін. Ол арнайы күш жұмсауды қажет етпейді. Жеке адам зейінінің негізгі ерекшеліктеріне тұрақтылық, оның бір нысаннан екінші нысанға оңай ауысуы, бөлінуі, нысандарды қамту көлемі, алаң болмаушылық, т. б. жатады.
3ейін басқа процестерді сүйемелдейтін субъективтік фактор. 3ейінді кейде аттенционалды әрекеттер деп те атайды. 3ейін (А. Р. Лурия) — субъектінің қажетті ақпаратты таңдап алу, қимыл-қозғалыстардың таңдамалы бағдарламасын сүйемелдеп, қамтамасыз ету және осы бағдарламаның ағымын қадағалау процесі. 3ейіннің негізі ретінде тұлғаның қызығушылықтары мен қажеттіліктері, бағдарлары мен бағыттылығы тұрады. С. Л. Рубинштейннің пікірінше, зейінде сананың затпен байланысы көрініс табады. 3ейін мен объект өзара әсерде болады. Бір жағынан, зейін затқа немесе объектіге бағытталады, екінші жағынан, объект зейінді өзіне аудартады. 3ейіннің нақты бір объектіге бөлінуі субъектіге, яғни адамға ғана байланысты емес, сондай-ақ зейінді тудырған объектінің қасиеттері мен сапаларына да байланысты. 3ейіннің оянуы— бағдарлық-зерттеудің бастамасы. В. И. Страховтың тұжырымдауынша, шынайы зейін мен шынайы зейін емеспен қатар, адамда зейінді болып көріну және зейінді емес болып көріну деген қасиеттер кездеседі. Оны ол зейіннің сыртқы формасы мен оның шынайы күйінің кейде сәйкес келмеуімен түсіндіреді.
Зейін тітіркендіргіштердің келесі қасиеттерімен ынталандырылады:
интенсивтілігі;
жаңалығы;
аффективтілігі.
П. Я. Гальпериннің тұжырымы бойынша: 3ейін— бағдарлық-зерттеулік іс-әрекеттің негізгі шарты. Өзінің қызметі жағынан, зейін өзі бағытталған феноменнің мазмұнын қадағалау болып табылады. Зейінде қадағалау белгілі бір белгі, өлшем, үлгі арқылы жүзеге асады. Ал Л. C. Выготский бойынша, ырықты зейін ұғымдардың, түсініктердің дамуына байланысты, яғни берілген жайтта қалай әрекет ету қажеттілігін түсінуге, жалпы, жағдайды түсіне білуге байланысты. Адамның психикалық ұйымдасуының құрылымына сүйене отырып, зейінді:
процесс (немесе психикалық процестің жағы: сенсорлық және т. б.) ретінде;
күй (зейіннің шоғырланған күйі) ретінде;
тұлғалық қасиет (зейінділік) ретінде анықтауға болады.
Н.Н. Ланге бойынша зейін процесі мен оның психологиялық табиғатын зерттейтін бағыттарды топтастыру. Н.Н. Ланге зейіннің табиғатын түсінудегі негізгі ықпалдарды талдай келе, барлық теориялар мен концепцияларды бірнеше топқа біріктірді:
1. Зейін қозғалушы икемделудің нәтижесі ретінде. Бұл бағытты қолданушылар, адам егер зейінін ерікті түрде бір заттан 2 затқа ауыстыратын болса, зейін бұлшықеттік қозғалыссыз болмайды дегенді қолдайды. Тек бұлшықеттік қозғалыстар ғана сезім мүшелеріне жақсы қабылдау жағдайға үйретуді қамтамасыз етеді.
2. Зейін сана көлемін шектеудің нәтижесі ретінде. Сана көлемі деп нені айтатынын түсіндірмей, И. Герберт пен У. Гамильтон интенсивтірек елестетулер аз интенсивтілерді басып шығаруға қабілетті деп санайды.
3. Зейін эмоцияның нәтижесі ретінде. Бұл теория ағылшынның ассоционды психологияда жақсы мойындалған. Ол зейін елестетудің эмоционалды бояуларына тәуелді деген тұжырымдамаға негізделеді. (Рибо)
4. Зейін операциясының нәтижесі ретінде, яғни индивидтіңөмірлік тәжірибесінің нәтижесі ретінде
5. Зейін рухтың (рух) ерекше белсендететін қабілеті ретінде. Бұл позицияны жақтаушылар зейінді зейінді шығу тегі белгісіз алғашқы және белсенді қабілет деп қабылдады.
6. Зейін жүйке тітіркендіргіштерін күшейткіш ретінде. Бұл болжамға сәйкес, зейін орталық жүйке жүйесінің орнықты тітіркендіргіштерінің көбеюімен шартталған.
7. Жүйкелікті басу теориясы зейіннің негізгі фактісін түсіндіруге тырысады. бір физиологиялық жүйкелік процесі басқа физиологиялық жүйелерді ұстап қалып және жоғалту арқылы бір елестету екіншісін жеңеді, нәтижесінде сана ерекше концентрацияланады.
8. Зейін іс-әрекетті айыру нәтижесі болып табылады.
Шетел психологтарының ішінде В. Вундт зейін мәселесін сана психологиясымен байланыстарады, У. Джемс зейіннің түрлерін зерттеді, Э. Б. Титченер зейінді генетикалық тұрғыдан қарастырады, Т. Рибо зейінді эмоциямен ұштастырады, А. Трейсман зейінді мәтіннің семантикалық сипатымен байланыстырып зерттеді.
Достарыңызбен бөлісу: |