Байланысты: Емтихан билеті №1 Тәуелсіздік мұраттарының қазақ поэзиясындағы к-emirsaba.org
1.Т.Айбергенов поэзиясындағы қазіргі уақыттың шындық сырларын жазыңыз. Жастайынан өлең шығаруға әуестенген ақынның балалық балғын өлеңдері мектеп оқып жүргеннен-ақ танымал бола бастады. Туған жерге деген албырт сағыныш пен алғаш мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта басылды. Ақынның қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеуірінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары: «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім», «Бір тойым бар» (1981), балаларға арналған «Бақшаға саяхат», «Сурет кітапшасы» (1985) жарық көрді. Қазіргі қазақ лирикасының қанаттануына Т. Айбергенов ерекше ықпал етті. «Аппақ қардан омбылап, көктем іздеп келем мен» деп өзі айтқандай, уақыт ызғарына қарамай ол қазақ поэзиясына желпінте келді. 60- жылдардың соңында Төлеген жырлары «Бір тойым бар», «Маңғыстау мұнаралары» т.б өлеңдері оқырман қауымының санасында жаттаулы еді. Табиғи жарасымды сазы, ашық үні, кестелі орамдары Төлеген ақын жырларын халыққа жақындатып отырды. Төлеген Айбергеновтің ақын ретіндегі жемісті еңбек еткен кезі XX ғасырдың алпысыншы жылдары яғни, қазақ поэзиясының философиялық тұрғыдан тереңдеп, әрлене түскен кезеңі. Өзінің туа біткен таланты арқасында қазақ поэзиясына ірі бетбұрыс әкелді, әрі өз үлесін қосты. Қазақтың сөз өнерін өркендету жолына еңбек сіңірген жанкешті ақын болды. «Талант әр алуан оның қыры мен сырын жарқ еткізіп аша салу кімге де болса қиын. Әсіресе, бұл ұлы жазушы, ірі таланттарға тән қасиет»,- дейді профессор Қажым Жұмалиев [4]. Ақынның лирикалық қаһарманы - үлкен интелект. Ол ұсақ-түйек төңірегінде отбасы, ошақ қасында қалып қоймайды. Оның басты міндет етіп көтеретіні- адамгершілік, ар алдындағы борыш, ізгі қасиеттер үшін күрес, күллі өмірдегі адам ар-ожданына кереғар ұсақтықтардың бәріне қарсы майдан ашу, халықтық мәселелер. Оның ойлайтыны - жеке бастың қамы емес, халық мүддесі. «Өлең-арена»,- дейді Қадыр Мырзалиев. Бұл шындық екенін Төлеген Айбергенов поэзиясы дәлелдейді. Әр өлеңі- ақын сезімінің сиренасы.