Кілттік сөздер: педагогикалық іс –әрекет, құндылық, құндылықтар жүйесі, кісәби маман, ұстаз, шеберлік,бастауыш сынып
Педагогикалық iс-әрекеттiң, қызметтiң құндылығы - мектеп, арнаулы орта бiлiм беру мекемелерi, жоғары мектептердегi оқу- тәрбие процесiн оңтайландыруға ықпал ететiн идеялар, ғылыми тұжырымдар, алдыңғы қатарлы iс-тәжiрибелер.
Жалпы құндылықтар теориясы бойынша, Құндылықтар жүйесі – индивидтің өмір сүріп отырған қоғамдағы идеология мен мәдениетті бейнелейді. Құндылықтар адамның әртүрлі материалдық, моральдік, саяси және рухани құндылықтарға деген қатынасының ішкі негізін көрсетеді.
Құндылықтың маңыздылығы оның қоғамдық қатынастар жүйесінде алатын орнына байланысты.
“Құндылық” терминіне философияда, социологияда, этика мен психологияда көптеген әртүрлі анықтамалар беріледі Құндылық – іс-әрекеттің әдісі мен құралдарын анықтайтын идеяның, көзқарастың және оларға сәйкес әлеуметтік психологиялық құрылымдардың жиынтығы
Қоғамдық құндылықтар біріккен, мағыналы іс-әрекет үрдісінде қалыптасады және топ мүшелерінің әртүрлі әлеуметтік объектілер мен құбылыстарға деген қатынасын анықтайды.
Адам әлеуметтік тәжірибесін өзіндік құндылыққа айналдырады.
Сонымен бiрге құндылық – әдемiлiктiң, әсемдiктiң категориясы.
Тек өнерде ғана әдемiлiк болмайды. Әдемiлiк ғылыми теорияға, жекеленген ғылыми (эксперимент) тәжiрибеге тән болады.
Дұрыс, сапалы түрде анықталған, iрiктелген құндылықтар олардың теориялық практикалық маңыздылығын ашпайынша, әдемiлiк категориясына жатпайды. Бұл жеке адамның психологиялық ерекшелiктерi мен қоғамдық дамудың жалпы заңдылықтарымен байланысты.
Ұстаз үшiн ең басты, жоғары құндылық - кәсiби шеберлiк, оған жетудiң жолы, әдiс-тәсiлi, құралы. Педагогикалық iс-әрекеттiң құндылықтары объективтi, олар мұғалiмнiң нақты iсiнде белгiлi бiр нысана болып табылады.
Ұстаздың кәсiби шеберлiгi студенттiң бiлiмiн бақылауға ғана емес, бiлiмдi игеру кезiндегi туындайтын мәселердiң оң шешiлуiне ықпал жасап, қол созу. Бұл қадам ұстаздан үлкен жауапкершiлiк пен жоғарғы деңгейдегi шеберлiктi талап етедi.
Педагогикалық – психологиялық зерттеулер жеке тұлға құрылымының алдыңғы негiзгi компонентi сол жеке адамның бағыт-бағдарын, мiнез – құлқын анықтайтын мотивтер (себеп-салдар) жүйесi екендiгiн дәлелдейдi. Бiрақ, құндылықтың белсендiлiктi арттыруы үшiн ол туралы нақты түсiнiктердiң болуы жеткiлiксiз. Егер мұғалiм өз жұмысының нақты мақсатын анықтай алса, сол мақсатқа жету жолында оны, iске асыру үшiн тиiмдi әдiс-тәсiл, құралдарды тауып, қолдана бiлсе, дер кезiнде бақылап, бағалап, өз iсiне өзi талдау жасап алса, онда құндылық мотивтердiң қозғаушы күшi бола алады.
Е.С.Кузьмин құндылықтар жеке тұлғамен өте тығыз байланысты екендiгiн көрсетедi. Құндылық субъект ретiнде-нысана, жеке адамның қарым-қатынасы, ал объект ретiнде – ол оның бағытын бiлдiредi.
Құндылықтарды iрiктеу, өз қалауы бойынша таңдап алу жекеленген тұлғалар мен қоғамның басшылыққа алатын мақсаттары негiзiнде жүргiзiледi. Бұдан барып, мақсат пен мүдде бiрлесе келiп, құндылықтардың қатынас негiзiн құрайды (М.Юрасова).
Құндылық тек оң белгiнi көрсететiн, бiлдiретiн болғандықтан, объектiге ерекше құндылық қатынаста болды. Белгiлi бiр құндылық жеке адам үшiн қажеттiлiктiң объектiсi болуы үшiн, мысалы, оқыту процесiн ұйымдас-тырғанда жеке тұлғаға қажеттi, оны ынталандырып, қызықтыратындай факторларды қарастырып, ендiру қажет.
Мұғалімнің кәсiби бiлiктiлiктi қалыптастыру мақсатында жасаған iс-әрекетi, оның жаңа, күрделi, өзiне қажеттi құндылықтарды игеруiмен сипатталады.
Жалпы кәсiби шеберлiкке, немесе жалпы кәсiпке құндылық ретiнде қарау - ол объективтi және субъективтi факторлардың бiрлiгi.
Құндылықтарға деген қарым-қатынас - субъектiнiң өзiнiң педагогикалық кәсiби iс-әрекетiне деген ең жоғарғы деңгейдегi қарым-қатынасы. Бұл процестi мотивацияның, мiнез-құлықтың, көңiл-күйдiң құрылымдық элементтерiнен (компоненттерiнен) тұратын модель ретiнде қарастыруға болады. Іс-әрекет компонентi педагогикалық iс-әрекеттiң құрылымдық бөлiктерiн белгiлi мақсатта игеру барысында айқындалады.
Оқытушының кәсiби педагогикалық iс-әрекеттiнің мазмұнына талдау жасай отыра, оны нақты iс-жүзiнде қолдана болуi, оның сол өзiнiң кәсiби мамандығын жетiк меңгерiп, бiлiктiлiгi мен бiлiмiн жетiлдiрiп отыруына күрделi, жаңа мотивтер мен қажеттiлiктердiң қалыптасуына, дамуына әкеледi.
Мұғалімнің жұмысы өз әріптестерімен және оқушылармен өзара әрекет жасау үрдісінде өтеді. Жас ұстазға мектепте қалыптасқан, бағдарға алған құндылықтар мен басшылардың тұлғалық позициялары мен көзқарастары әсер етеді. Мектепте қалыптасқан қарым-қатынас стильдеріне байланысты жеке мұғалімдерде, индивидуалды құндылықтар мен ұжымдық құндылықтар арасында туындайтын келіспеушіліктер мен кикілжіңдерге байланысты мәселелер пайда болады. Сондықтан жас маманға ұжым құндылықтарының жүйесін толық қолдауға, ұжым құндылықтарымен келісуге кейбір жағдайларда әріптестер пікіріне түсіністікпен қарауға тура келеді.
Педагогикалық ұжым бірлігінің маңызды сипаттамасының бірі - мектеп ұжымындағы мұғалімдердің құндылықтарының бірлігі. Педагог тұлғасының маңызды құрылымдылық компоненттеріне кәсіби педагогикалық бағыттылық, кәсіби белсенділік, кәсіби білімдер мен шеберліктер, кәсіби педагогикалық қабілет, ес, ойлау мен қиял, кәсіби өзіндік сана, құндылықтар қатары енеді. Тұлғаның кәсіби – педагогикалық бағыттылығы - өзіне, іс-әрекетке, балаларға деген қатынастардың ерекше ықыласымен анықталады.
Кәсіби- педагогикалық бағыттылықтың дамуы төмендегі факторларға байланысты: педагогтың тұлғалық ерекшеліктері, оның қызығушылықтары, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс, басшылар тарапынан педагогикалық іс-әрекеттің ұйымдастырылу ерекшеліктері, ұжымдағы өзара әрекеттің ерекшеліктері т.б.
Жалпы педагогикалық мамандықтың негізгі ерекшелігі мұғалімнің талаптары мен мақсаттарының оқушының мақсаттарымен, мүмкіндіктерімен, тілектерімен сəйкестігі; педагогикалық қызметті сəтті жүзеге асыру мұғалімнің педагогикалық технологияны, педагогикалық техниканы игеруімен, оның кəсіби санасынын деңгейімен байланысты.
Маман мұғалім дайындаудағы педагогикалық процестің міндеті - оқыту мен тәрбиелеуге қажетті әртүрлі педагогикалық міндеттерді шеше алатын студенттің жеке тұлғасын маман мұғалімге айналдыру.
Болашақ маман мұғалімдер даярлау бағытында, әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдеріне қойылатын талаптар мен міндеттерге ерекше мән беруді қажет етеді. Білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланатыны сөзсіз, сондықтан бастауыш сынып мұғаліміне қойылатын талап та міндеттер де жоғары және жауапты. Кіші оқушылардың оқу әрекетіне тоқталсақ, олардың оқу әрекеті тек білім алумен шектелмейді. Оған ептілік пен дағдылану керек. Кіші оқушылар көпке дейін тапсырманы қалай орындаудың тәсілін жақсы білмейді. Мысалы, бұлар берілген тапсырманы жаттап алғысы келіп тұрады. Солай болуы осылардың жаттауға икемділігінен емес, оқуға әлі де болса төселмегендігінен, қалай жұмыс істеуге ешкім оны үйретпегендігінен болады. Бұл жерде ескеретін маңызды жайттардың бірі - бастауышқа келген балалардың тәрбиесі, алғашқы білім іргетасы мен дүниетанымының әртүрлі деңгейде қалыптасуы. Себебі, көпшілік жағдайда бастауыш сыныпқа кейбір балалардың балабақшаға бармай, бірден мектеп табалдырығын аттаулары. Бұл өз кезегінде өте күрделі мәселе, осындай мәселенің шешуі алғаш ұстаздық қызметін бастап отырған жас мұғалімнің жауапкершілігіне жүктелуі ғажап емес. Бұл өз алдына қарастырып, талдау жасауға негіз болатын өзекті мәселелердің бірі деуге болады...
Бастауыш мектептегі оқу жұмысына бейімделу балада бірден қалыптаспайды және балалардың оқуға белсенділігі әр сабақта әр түрлі болады. Жеке пәндерден сабақтарды ойдағыдай үлгеру үшін алдымен баланың осыған ықыласы болуы шарт. Оқу ойынға қарағанда қиын болғандықтан балалардың кейбіреулерінің оқуға ықыласы төмен болады. Оларды оқуға үгіттеу арқылы тарту қиын. Сондықтан оқуға деген ықыласты тудыру үшін қалыптасқан дәстүрлі оқыту әдістерінен бөлек, қазіргі кездегі әртүрлі инновациялық технологияларды тиімді әрі шеберлікпен қолдана білу бүгінгі күнгі жас ұстаздардан талап етіледі. Жалпы бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, бастауыш сыныптан бастап мектеп мұғалімдері олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, күнделікті өтілетін әрбір сабақты ұтымды ұйымдастыра білу - мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Тағы бір атап өтетін басты талап, шарт - ол балаға деген махаббат, сүйспеншілік, баланы жақсы көру! (Баланы жақсы көрмесе, оған қалай білім беріп, тәрбиелейді!? Ал бөгде адамның баласын жан -тәнімен жақсы көріп, жаны ашып, оқыту, үйрету оғай шаруа емес екендігін мойындауымыз керек! Ұлы дидакт, дүниежүзілік классикалық педагогиканың негізін салған Я.А.Коменский: «Мұғалім – нұрдың қызметшісі, ол жүрегінен шыққан нұрды барлық шәкірттеріне бірдей таратуы керек» деген емес пе? ) Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады.
Жас ұстаз алған білімінің құндылығын бағалай отыра, жеке көзқарасы мен пікірі қалыптасқан, оны қорғай білетін, жігерлі, зерттеушілік пен болжам жасай алатын іскерлігі, білімді де білікті, көп оқитын, білімін күнделікті өзінің педагогикалық қызметінде шебер қолдана білетін, өзінің оқушысын өз бетінше білім алуға үйрете алатын, өзінің жеке басының сөз сөйлеу, сырт көрініс, қарым-қатынас жасау мәдениетінің жоғары болуымен ерекшеленетін маман болуы тиіс. Бұл – маман ұстазға қойылатын кәсіби талап. Бұған қоса ұйымдастырушылық, бейімділік, сараптамалық талдау жасай алатын, бағалай білетін қабілеті болу шарт. Ол өз мамандығының, яғни кәсібінің мәні мен мағынасын түсініп қоймай, ұстаздық қызметтің құндылықтары мен құндылық іс- әрекеттерін игеру іскерліктерін қалыптастыру, оқыту мен сабақ берудің заманауи технологияларын пайдалана отырып,. ұлттық құндылықтарды, яғни әдет-ғұрып, салт–дәстүрлердің мәні мен маңыздылығын түсініп, өз оқушыларының бойына дарытып, сіңіре алатын, жеке басының іс- әрекетімен үлгі болатындай, білім беру жүйесінің интеграциясы мен алдыңғы қатарлы, тиімді педагогикалық іс-тәжірибелер мен инновацялық технологияларды білім беру, оқыту тәрбие беру процесінде шеберлікпен қолдана білетін маман мұғалім болуы тиіс. Бұлар – маман мұғалімнің кәсіби құндылықтары.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасы. -Астана, 2005 ж.
Қазақстан Республикасы жоғары білімді дамыту стратегиясы. - Алматы: 1998ж.
Нургалиева Г.К.,Тилеуова С.С. Теория развития профессионального образования.-Алматы: 1999г.
www.nis/edu/kz
www.orley.kz/
Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі. //Білім әлемі. Алматы., 2004 ж. №6.
zkoipk.kz
Достарыңызбен бөлісу: |